Жаңалықтар

Қазақ телевизиясының ардагерлері марапатталды

Қазақ телевизиясының ардагерлері марапатталды
Фото: gov.kz 03.03.2023 14:21 1352

«Qazaqstan» телеарнасының 65 жылдығына орай бүгін Қазақ телевизиясында әр жылдары қызмет еткен ардагер-журналистер, дикторлар, режиссерлер мен спорт комментаторлары мерейтойлық медальдармен марапатталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысып, телевизия ардагерлеріне «Еңбек ардагері» және «Қазақ телевизиясына 65 жыл» мерекелік медалін табыс етті.

«Ұлттық арна - қазақ телевизиясының ұлағатты ұстаханасы, құтты қарашаңырағы. Осы телеарнаның эпопеясында, телевизия «Алтын қорында» әрқайсыңыздың қолтаңбаңыз қалды. Бүгінде бірнеше арна мен радионың басын қосқан Корпорация Сіздердің ұлағатты істеріңізді жақсы жалғастырып келе жатыр. Арнаның даму жолындағы еңбектеріңізге ризашылығымыз шексіз», - деді министр.

Журналист Қажы Қорғанов, Гүлмәрия Барманбекова, Құсыман Игісінов, редактор Молдабек Сағымбек және режиссер Күлнаш Қошанова «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, ардагер-дикторлар Ласкер Сейітов пен Мәриям Айымбетоваға, ұзақ жылдар ақпараттық редакцияға жетекшілік еткен ардагер журналист Төлеубай Қаймолдиновке, тележүргізуші Баян Секербаеваға, дыбыс режиссерлері Қайрат Тойшыбеков пен Рысты Сәкеноваға және басқа да «Қазақстан» РТРК» АҚ ардагерлеріне «Қазақ телевизиясына 65 жыл» мерейтойлық медалі табысталды.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай отандық телевизия мектебінің қалыптасуына атсалысқан ардагер-журналистерге алғысын білдірді.

«Қанша жыл өтсе де, Сіздердің телевизиядағы қызметтеріңіз әлі де тоқтаған жоқ. Қазір осы жерде тұрған журналистердің, медиаменеджерлердің барлығы - Cіздер тәрбиелеген шәкірттер. Сол ізбасарларыңыз арқылы отандық телевизияға, оның ішінде Ұлттық арнаға әлі де еңбек етіп келесіздер деп білеміз», - деді Басқарма төрайымы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға