Жаңалықтар

Қазақ-тәжік қатынастары қарқынды дамып келеді – Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақ-тәжік қатынастары қарқынды дамып келеді – Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда 23.08.2024 11:48 675

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанның Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли төрағасы Махмадтоир Зокирзодамен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапарының екінші күні Тәжікстанның Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли төрағасы Махмадтоир Зокирзодамен кездесуден басталды.

Мемлекет басшысы қазақ-тәжік қатынастары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев кеше одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойылғанына назар аударып, бұл екіжақты ынтымақтастықтың мүлдем жаңа кезеңіне бастау болатынын айтты.

Бұл құжаттың тарихи маңызы зор. Осы арқылы алға қарыштап қадам басамыз. Президент, құрметті Эмомали Рахмонның парламентаралық байланысты жандандыру туралы ұсынысын қолдаймын. Өзіңізді еліміздің шынайы досы ретінде білеміз. Өйткені сіздің студенттік шағыңыз Қазақстанда өтті. Сондықтан біздің байланысымыз парламенттер деңгейінде жанданып, екіжақты ынтымақтастық пен одақтастықтың ең маңызды бөлігіне айналады деп үміттенеміз, – деді президент.

Тәжікстан Парламенті төменгі палатасының спикері екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы байланыстарды дамытуға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдірді.

Өзіңізбен кездескеніме қуаныштымын. Президентіміз, құрметті Эмомали Рахмонмен шынайы достығыңыз мемлекеттеріміздің арасындағы жан-жақты ынтымақтастық пен татулықты нығайтуға қызмет етіп келеді. Қазақстан – Тәжікстанның сенімді досы, стратегиялық серіктесі. Сіздің бұл сапарыңыз екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Біз бұған ерекше мән береміз. Сапар аясында 16 құжатқа, соның ішінде тарихи мәні зор Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойылды, – деді Махмадтоир Зокирзода.

Тәжікстанның Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли төрағасы Махмадтоир Зокирзода парламентаралық ықпалдастықты одан әрі нығайтуға, шарттық-құқықтық базаны кеңейтуге, екі ел парламенттері арасындағы достық топтарының байланысын жандандыруға күш салуға дайын екенін растады.

Әңгімелесу барысында саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда қол жеткізілген уағдаластықтарды құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселесі талқыланды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға