e-history.kz

Қазақ тарихы туралы үздік он кітап

04.08.2025 15:28

Әрбір ұлттың рухани тірегі – оның тарихы. Ал сол тарихтың тереңіне бойлап, ұлттың жүріп өткен жолын, күресін, жеңісі мен жеңілісін тану – бүгінгі буын үшін зор міндет. Бұл ретте кітаптың орны ерекше. Тарихты құжаттан да, шежіреден де, көркем әдебиеттен де тануға болады. Әсіресе қазақ халқының қилы тағдыры мен күрделі кезеңдері туралы жазылған еңбектер – ұлт жадын жаңғыртатын, өткеннен сабақ алуға үндейтін асыл мұра.

Қазір елімізде «Жүз кітап» ұлттық сауалнамасы жүріп жатыр. Бұл – ұлт руханияты үшін маңызды бастама. Себебі ел тарихы мен мәдениетінде өшпес із қалдырған кітаптарды анықтау – болашақ ұрпаққа берілетін рухани бағдар. Осы орайда біз де оқырман қауымға қазақ халқының тарихын жан-жақты танып-білуге көмектесетін, әртүрлі кезеңдерді қамтитын он маңызды кітапты ұсынуды жөн көрдік.

Ұсынылатын тізімде ғылыми еңбектер де, тарихи-көркем романдар да бар. Бірі – архив деректеріне сүйеніп жазылған зерттеу болса, бірі – сол тарихи оқиғаларды көркем тілмен суреттеген әдеби шығарма. Бұл кітаптар арқылы оқырман Қазақ хандығының құрылуынан бастап, Алаш зиялыларының күресіне, ХХ ғасырдағы нәубет пен тәуелсіздікке дейінгі жолды терең түсіне алады. Төмендегі тізім – қазақ тарихының әр кезеңін қамтитын, оқуға және ұғынуға тұрарлық еңбектер. Тарихты тануға ынталы әр оқырман үшін бұл кітаптар – бағыт берер бағдаршам іспетті.

Мұхтар Мағауин. Аласапыран (I–II кітап)

«Аласапыран» романы — қазақ әдебиетіндегі ең маңызды тарихи туындылардың бірі. Бұл роман — тек көркем шығарма ғана емес, Алтын Орда тарихын, Әмір Темір дәуірін, Шыңғыс ханнан кейінгі түркі әлеміндегі геосаяси өзгерістерді терең түсінуге мүмкіндік беретін деректі эпос.

Қазақ тарихы туралы үздік он кітап

Романда XIV ғасырдағы Алтын Орданың әлсіреуі, Тоқтамыс хан мен Әмір Темір арасындағы қақтығыстар, түркілік біртектіліктің ыдырауы тарихи шындықпен баяндалады.

Жошы ұлысының ішкі тартыстары мен Темір империясының күшеюі басты оқиғалар арқауы.

Сондай-ақ «Аласапыран» романындағы басты кейіпкерлердің бірі — Оразмұхаммед сұлтан. Ол тарихи тұлға, әрі романдағы оқиғалардың арқауында тұрған қазақ халқының түп негізі мен рухани тамырын меңзейтін кейіпкер. Оразмұхаммед болашағынан үміт күттіретін, парасатты, намысты сұлтан. Оның бойында батырлық, елшілдік, терең сана, ұлттық мұрат бар. Жазушы Оразмұхаммедтің образын жәй ғана тарихи кейіпкер емес, ұлт рухының, бодандыққа түскен еркіндіктің, ізгілікті елдіктің символы ретінде береді. Оның тағдыры арқылы Мағауин: Қазақтың дербестікке ұмтылған санасын; Тарихи әділетсіздіктің құрбаны болған тұлғаларды; Тағдырдың тепкісіне қарамастан иілмеген мінезді; Елі үшін жанын құрбан етуге дайын рухты бейнелейді.

Ілияс Есенберлин. Көшпенділер трилогиясы

«Көшпенділер» трилогиясы — қазақ әдебиетіндегі ең танымал тарихи эпопеялардың бірі. Бұл шығарма Қазақ хандығының құрылуынан бастап, оның ірі хандар мен батырлар тұсындағы күресі мен даму жолын, сондай-ақ ішкі қайшылықтары мен сыртқы шапқыншылықтармен күресін көркем тілмен баяндайды.

 «Алмас қылышта» XV ғасырда болған оқиғалар, оның ішінде Қазақ хандығының құрылу тарихы баяндалады.Әбілқайыр хандығының ыдырауы, Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілқайырдан бөлініп, өз алдына Қазақ хандығын құруы суреттеледі. Ал «Жанталас» XVI–XVII ғасырлар аралығындағы Хақназар, Тәуекел, Есім хандар кезеңін қамтиды. «Қаһарда» Кенесары ханның Ресей отаршылдығына қарсы көтерілісі мен оның трагедиялық тағдыры баяндалған. Бұл — трилогияның ең драмалық, қайғылы бөлігі.

Қазақ тарихы туралы үздік он кітап

Трилогия көркем шығарма болғанымен, Ілияс Есенберлин нақты тарихи оқиғалар мен деректерге сүйеніп, тарихи бейнелердің мінезін көркем қиялмен толықтырып, оқырманға әсерлі әрі шынайы суреттер ұсынған. Бұл еңбегі арқылы жазушы кеңестік цензура жағдайында қазақтың ұлт-азаттық күресін, тәуелсіздікке ұмтылысын бейнелеп көрсетті.

Ақселеу Сейдімбек. «Қазақтың ауызша тарихы»

Ғалым, этнограф Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» кітабы – барлық шежірені біріктіретін құнды еңбек. Еңбектің басты мақсаты – халықты ру-руға, үш жүзге бөлу емес, әркімнің шыққан тегін тарқата отырып, қазақ деген бір өріске басын жинау.

Қазақ тарихы туралы үздік он кітап

Әр ру мен тайпаның шығу тегі, ежелгі мекені, ұраны мен туы, белгісіне дейін айтып өтеді. Әр рудан шыққан ұлы адамдар, батырлар, би-шешендер, көсемдер, батыр аналар, олар мекендеген жердегі киелі мекендерге тоқталу арқылы ру мен тайпа – жалпы қазақ халқы туралы теңдессіз құнды мәлімет береді. Бес тараудан тұратын бұл кітапта шежіре мен тарих, аңыз бен айғақ тоғысқан деуге болады.

Стивен Фредерик Старр. «Ұмытылған ұлылық: Орталық Азияның Алтын ғасыры»

«Ұмытылған ұлылық» — тек тарих кітабы емес, біздің рухани тамырымызды танытатын, ұлт ретінде қайта серпілуге серпін беретін еңбек. Бұл кітап Орталық Азияның ғана емес, адамзат өркениетінің алтын парақтарын қайта ашуға шақырады.

Бұл кітап араб шапқыншылығы мен Әмір Темірдің билігіне дейінгі аралықтағы Орталық Азияның интеллектуалдық, мәдени және ғылыми өрлеу дәуірін баяндайды.

Қазақ тарихы туралы үздік он кітап

Автордың басты мақсаты — Батыс тарихнамасында ұмыт қалған немесе әдейі ескерілмей келген кезеңнің құндылығын, әлемдік өркениетке қосқан үлесін көрсету.

Стивен Старр Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Ахмет Иасауи секілді қазаққа ортақ тұлғаларды ерекше атап өтеді.

Орталық Азиядағы қазіргі жаңғыру мен даму үшін тарихи сабақ ретінде көп үлгі береді. Қазақ жастары мен зерттеушілері үшін өткенге жаңаша қарауға, өз тарихына сенуге мүмкіндік береді.

Хасен Оралтай. «Елімайлап өткен өмір»

Хасен Оралтайдың «Елімайлап өткен өмір» атты еңбегі – толықтай өмірбаяндық шығарма. Бірақ бұл кітап – бір адамның өміріне ғана емес, бүкіл бір ұлттың тарихи тағдырын, көшпелі өмірдің қиыншылығын, және тәуелсіздікке талпынған күресті білдіретін маңызды еңбек.

Қазақ тарихы туралы үздік он кітап

Шығыс Түркістан қазақтарының 1930 жылдан бергі елдегі және шеттегі ұлт-азаттық күрестерінен көріністер, сондай-ақ Такламакан шөлінде, Гималай тауында және Түркия мен Германияда арпалыспен өткен жылдар баяндалады.

Смағұл Елубай. «Ақ боз үй»

Роман – ХХ ғасырдың 1931–1933 жылдарындағы Қазақстандағы жаппай аштық пен сталиндік қуғын‑сүргін жайлы жазылған көрнекті әдеби еңбек. «Ақ боз үй» – қазақ әдебиетіндегі күрделі және ауыр тақырыпты батыл көтерген, көркемдік тұрғыдан жетілген туынды.

Қазақ тарихы туралы үздік он кітап

Ол халқымыздың күрескер де қайғылы кезеңін суреттеп, ұрпақ санасына ұлттық жадымызды қалпына келтіруге маңызды үлес қосты деп айтуға болады.

Ермұхан Бекмаханов. «XIX ғасырдың 20–40 жылдарындағы Қазақстан»

Белгілі Бекмахановтың бұл монографиясы – қазақ тарихшылығы үшін үлкен ғылыми жаңалық болған еңбек. Мұнда автор XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы Қазақстан тарихын зерттеудің терең және идеологиялық тұрғыдан шынайы тәсілін ұсынады.

Қазақ тарихы туралы үздік он кітап

Монографияда негізінен Кенесары Қасымұлы көтерілісінің маңызы және патшалық Ресейдің отарлық саясатына қарсы қазақтардың күресін бірінші рет ұлт-азаттық қозғалыс деңгейінде ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, Кенесарыны ұлттық батыры ретінде сипаттайды.

Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!»

Бұл – Алаш арыстары туралы қазақ тілінде жазылған ең толыққанды ғылыми-зерттеу еңбек.

Қазақ тарихы туралы үздік он кітап

Мұнда Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай сынды қайраткерлердің өмірі, қызметі, ұстанымы баяндалады. Алаш идеясының эволюциясы, оның тағдыры, кеңестік қуғын-сүргінге дейінгі және кейінгі кезең толық қамтылған. Автор 30 жыл бойы архивтермен жұмыс істеп, бұрын-соңды жарық көрмеген деректерді жария еткен.

Қажығали Мұханбетқалиұлы. «Тар кезең» романы

«Тар кезең» романы — қазақ прозасындағы тарихи эпосқа айналған көрнекті туынды. Ол XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ қоғамының күрделі кезеңін, отаршылдыққа қарсы күрес пен ел ішіндегі әлеуметтік қайшылықтарды көркем тілмен бейнелейді. Роман 19 ғасырдың алғашқы жартысында Бөкей Ордасында (Ішкі Ордада) болған тарихи оқиғаларға негізделген.

Қазақ тарихы туралы үздік он кітап

«Тар кезең» романы, Қазақстан тарихының күрделі кезеңдерін зерттеуге және түсінуге қызығушылық танытқан оқырмандар үшін құнды ресурс болып табылады. Бұл шығарма, Сырым Датұлының бейнесі арқылы қазақ халқының өткеніне және бүгінгі күніне жаңа көзқарас ұсынады.

Мәмбет Қойгелді. «Алаш қозғалысы»

Мәмбет Қойгелдідің «Алаш қозғалысы» еңбегі — қазақ ұлтының ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық күресін терең және жан-жақты ғылыми зерттеген тарихи еңбек. Бұл кітап арқылы сіз Алаш қозғалысының идеялық-жүйелік негізін, арнаулы саяси бағдарламасын және оның қазақ қоғамындағы орны мен маңызын түсіне аласыз.

Қазақ тарихы туралы үздік он кітап

Автордың бұл еңбегі Алаш қозғалысын тек саяси қозғалыс ретінде емес, ұлттық дүниетанымның негізін қалаған бірегей құбылыс ретінде қарастырады. Бұл еңбекті тек тарихшыларға ғана емес, бүгінгі қазақ қоғамының ұлттық идеологиясымен танысқысы келетін кез келген адамға ұсынуға болады.

Әрине, қазақтың арғы-бергі тарихы туралы жазылған еңбектер мұнымен шектелмейді. Ұлттың өткені мен бүгінін тануға арналған еңбектер қатары жыл сайын толығып, жаңа деректермен, тың пайымдармен толықтырылып келеді. Бұл — қазақ қоғамының тарихи жадына деген сұраныстың, ұлттық сананың оянуының көрінісі. Қазақ әдебиеті мен тарихшы ғалымдар бұл бағытта үздіксіз еңбектеніп, ұлттың ұмыт қалған тұстарын жаңғыртып, жас ұрпаққа жол сілтейтін мол мұра қалдыруда. Сондықтан да тарихты тану жолындағы ізденіс жалғаса береді. Ең бастысы – осы еңбектерді оқып, зерделеп, ұлттық болмысты терең түсінуге талпыну.