Жаңалықтар

«Қазақ тағамдарына АҚШ пен Бразилияда сұраныс артты». Шетелде қазақ мейрамханасын ашқан жігіт сұхбат берді

«Қазақ тағамдарына АҚШ пен Бразилияда сұраныс артты». Шетелде қазақ мейрамханасын ашқан жігіт сұхбат берді
Фото: © El.kz 22.01.2024 19:01 2696

Қазақстанды әлемге танытқан өнер, білім және спорт саласының мамандары аз емес. Сондай-ақ қазақ асханасын әлемге кеңінен таныстырып жатқан азаматтарымыз да бар. Солардың бірі – Роман Решетов. Ол АҚШ-та, Бразилияда қазақ мейрамханаларын ашып, ұлттық өнімдерімізді шетелдіктерге насихаттап жүр. Романның «Besh O’Clock» деген авторлық мәзірі де бар. Он саусағынан бал тамған қазақстандық аспаздың мейрамханасына келетін шетелдіктердің қарасы көп. Осы орайда El.kz  ақпарат агенттігінің тілшісі отандасымызбен тілдесіп, оның шетелде қалай қазақша бизнес ашқанын сұрадық.

El.kz: Роман, ең алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз...

Роман Решетов: Алматы қаласында дүниеге келгенмін. 1993 жылы ата-анаммен бірге Ресейдің Алтай өлкесіне көштік. Алтай мемлекеттік университетінде білім алдым. 18 жасқа толған соң Отаныма қайтып оралу туралы шешім қабылдап, Алматыға қайта келдім. Ол кезде әлі аспаз боламын, мейрамхана ашамын деген ой болған жоқ еді. Негізі менің бірінші мамандығым – журналист. Алматыда AIF.kz, Караван, КТК және Русская радио агенттіктерінде 8 жылдай жұмыс істедім. Бірақ 2003 жылы отбасылық жағдайға байланысты Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласына көшуге мәжбүр болдым.

Басқа ел, жаңа орта – алғашында мен үшін барлығы бөтен болды. Ол кезде португал тілін жетік білмегендіктен, өзімді жаттықтыру үшін туристік гид болып жұмыс істей бастадым. 18 жыл бойы орыс тілді туристерге Бразилияның әсем табиғатын көрсетіп жүрдім. Уақыт өте келе интернеттің аясы кеңейе бастаған соң туристер үшін гид мамандарының аса кажеті болмады. Туристер өздері интернет арқылы алдын ала қоңақ үйден орын алып, көліктерді жалға ала бастады. Сондай-ақ, Бразилия да туристер үшін аса арзан ел емес еді.

«Қазақ тағамдарына АҚШ пен Бразилияда сұраныс артты». Шетелде қазақ мейрамханасын ашқан жігіт сұхбат берді

Осы кездері басқа салаға бет бұруға тура келді. Бірден «адамдар тамақтанатын орындарға барудан бас тартпас» деп ойладым. Сөйтіп,  Рио-де-Жанейродағы Американың Гастрономия институтына оқығу түстім. 2 жылдан кейін аспаз мамандығы бойынша диплом алдым.

El.kz: Аспаздық саладағы жұмысыңызды неден бастадыңыз? Қателеспесем, алғашында Бразилияда ТМД елдерінін асханасын ашуға атсалыстыңыз...  

Роман Решетов: Қазақстанда мен тек достарым және жақындарым үшін түрлі тағамдарды әзірлейтінмін. Негізі бұл салаға бала кезімнен қызықтым. Бірақ, мейрамханаларда ас дайындаймын деген ой да болмаған. Бразилияда «Өзіміздің тағамдарымызды» жеткізу қызметімен айналысып жүрдім. «Өзіміздің тағамдар» – ТМД елдерінің асханасы. Уақыт өте келе АҚШ-тың Техас штатындағы Хьюстон қаласына көштім. Ол жақта да осы іспен айналыстым. Хьюстонда орыс тілді азаматтар көп тұрады. Қазақстандықтар да аз емес. Сондықтан ТМД елдерінің тағамдарына тапсырыс берушілер саны аз болмады. Дегенмен маған Техаста тұрған ұнамады. Сондықтан мүмкіндік түсе салысымен Бразилияға қайта көшіп кеттім. Ол жақта өзімнің алғашқы мейрамханамды ашып, кәсіп бастадым. Ол Рио-де-Жанейро қаласындағы Петрополистегі зәулім сарайда орналасты. Мейрамхананың атын «Romano Russo» деп қойдық. Оны ашуға шамамен 9 ай уақыт кетті. Мейрамхананың бір ерекшелігі мәзір 4 сеттен тұрды. Олар – Қазақстан, Грузия, Украина, Ресей және вегетариандық сет деп аталды. Алайда мейрамхананы ашқан соң небәрі 2 ай жұмыс істедік. Кейін пандемия басталып, карантинге жабылдық. Дегенмен жарты жыл қызметкерлерімізді жұмыстан шығармадық, себебі бұл қиындықтан шығатынымызға сеніп, мейрамхананың ісі қайта өрге домалайды деп үміттендік. Бірақ ковид аяқталмады. Сондықтан өз күшіммен жинаған ұжымды таратуға тура келді. Жарты жылдан аса уақыт мейрамхана жұмыс істемеді. Елдегі ахуал саябырлаған соң мейрамханамыз өз жұмысын қолға алды, клиенттеріміз де келе бастады. Тіпті осы штатта екінші мейрамханамызды ашып, жылдам әрі арзан тағамдар дайындаудан бастадық.  

«Қазақ тағамдарына АҚШ пен Бразилияда сұраныс артты». Шетелде қазақ мейрамханасын ашқан жігіт сұхбат берді

«Қазақ тағамдарына АҚШ пен Бразилияда сұраныс артты». Шетелде қазақ мейрамханасын ашқан жігіт сұхбат берді

«Қиындық жалғыз келмейді».  Екі ел арасында басталған соғыс бізге де кесірін тигізді. Батыс елдерінде «орыс» мейрамханаларна барушылар саны күрт азайды. Хьюстонда алматылық досымның кафесі болған. Терезесіндегі «Russian kitchen» деген жазуы үшін түнгі уақытта терезесін сындырып кеткен.  Әрине, әрбір адамға біздің қазақстандық екенімізді және Путин мен оның саясатына ешқандай қатысымыз жоқ екенін түсіндіріп жүре алмаймыз ғой. Сол кездері көптеген кәсіпкерлер өз кәсіптерінен «russian», «russo» деген сөздерді алып тастады.

El.kz: Дегенмен қазір АҚШ-та тұрасыз? Онда немен айналысып жатырсыз?    

Роман Решетов: Қазіргі таңда АҚШ-тың Флорида штатындағы Майами қаласында тұрып жатырмын. Әрине, Флорида – ерекше штат. Ал Майами ондағы ең қымбат қаласы. Ас дайындау өнері – менің қолымнан келетін және сүйіп істейтін жұмысым. Сондықтан мейрамхана бизнесіне біз ақырындап қадам жасаудамыз. Бұл өңірде бір кәсіп бастау үшін оған кем дегенде жарты миллион доллар керек. Қажетті құжаттар мен лицензияға да бір жылдай уақыт кетеді.

Флоридада тұрып жатқанымызға 8 ай ғана болды. Осы уақыт аралығында көптеген қазақтармен таныстым. Мұнда тұратын қазақтар өте ұйымшыл, бір-бірімен жақын араласады және Наурыз бен басқа да мерекелерде бірге бас қосып, той тойлайды. Осындай бас қосулардың бірінде мен аспаз ретінде арнайы шақырту алдым және қазақтың ұлттық тағамдарын дайындадым. Мен өзімнің авторлық тағамдарымды Besh O’Clock деп атаймын. Сонымен қоса азиялық тағам түрлеріне баса назар аударамын. Әрине, оның ішінде қазақтың асханасына үлкен көңіл бөлетінім сөзсіз.  

«Қазақ тағамдарына АҚШ пен Бразилияда сұраныс артты». Шетелде қазақ мейрамханасын ашқан жігіт сұхбат берді

El.kz: Сіз дайындаған тағам түрлерінің ерекшелігі неде?

Роман Решетов: Мен тамақтарды алдын ала дайындап, оны мұздатқышта сақтамаймын. Тапсырыстарды тек 2 күн бұрын қабылдаймын. Соған сай бағасы да арзан емес. Сондықтан әрдайым органикалық және жақсы азық-түліктерді таңдауға тырысамын. АҚШ-та түрлі қоспалары жоқ, сапалы, балғын, таза өнімді табу қиын. Тағамды дәмді ғана емес, пайдалы қылып та әзірлеймін деп өзіме міндет қойдым. Қазақстанда фермерлік тауық өнімдерін табу оңай әрі қолжетімді. Ал АҚШ-та бұл өте қиын шаруа. Осыған байланысты біздің асханамыздың мәзірі жоғары бағаланады. Неліктен француздарға болады, ал бізге неге болмасқа?! Мен үнемі мейрамхананың эстетикасы мен қызмет сапасына жоғары көңіл бөлемін.

El.kz: Шетелдіктер көбінесе қазақтың қандай тағамдарына тапсырыс береді? Олардың қазақ асханасына деген көзқарасы қандай? 

Роман Решетов: Әлі күнге дейін Қазақстан көп адамдар үшін экзотикалық ел болып саналады. Бұны мойындау керек деп ойлаймын, америкалықтар мен бразилиялықтар Қазақстанды география тұрғысынан жақсы біле бермейді. Олар үшін «-стан»-нан аяқталатын елдердің барлығы бір. Кейбіреулері «сендерде әлі күнге дейін Ауғанстанмен соғыс болып жатыр ма?» деп сұрайды. Дегенмен Димаш Құдайберген мен Геннадий Головкин және тағы басқаларының арқасында  көп адамдар елімізді танып қалды. Әрине, Қазақстанның кухнясын әлемге таныту маңызды. Көп адамдар бізді экзотикалық өнімдерді тұтынады деп ойлайды. Бірақ біздің өнімдеріміздің арасында жыландар мен тарақандар жоқ қой. Мұны олар біле бермейді. Басқа елдер сияқты біз де бірдей өнімді тұтынатынымызға көздері жеткен соң, қазақ асханасынан дәм татып, ұнатып жатыр. Тіпті, қайта-қайта сұрайтындары да бар. Ең бастысы шетелдіктердің алдына бірден қойдың басын апарып қорқытып алмау керек.

«Қазақ тағамдарына АҚШ пен Бразилияда сұраныс артты». Шетелде қазақ мейрамханасын ашқан жігіт сұхбат берді

El.kz: Қазақстанға қайтып келу ойыңызда бар ма?    

Роман Решетов: Биыл жасым 45-ке келді. Алматыға жылына кем дегенде бір рет барып тұрғым келеді. Қазір менде Бразилия елінің азаматтығы бар. Ал Қазақстанға 10 жылға виза бар. Сондықтан 90 күнге еліме барып келе аламын. Әзірге Қазақстанға біржолата көшу ойда жоқ. Дегенмен қартайған кезде отаныма оралармын. Қанша дегенмен біз барлығымыз табиғатымыздан көшпелілерміз ғой.,

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға