Қазақ суретшісі Ерболат Төлепбай Түркі дүниесі академиясының академигі атанды
Әзербайжан мемлекеттік көркем өнер мұражайында қазақстандық суретші Ерболат Төлепбайдың жеке көрмесі өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ерболат Төлепбай – ҚР Еңбек сіңірген қызметкері, сондай-ақ Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Чехия көркемөнер академияларының академигі. Шығармалары сюрреализм бағытымен ерекшеленіп, әйгілі Сальвадор Далидің ізбасары саналады.
Әзербайжанда өткен көрмеде қазақ халқының болмысы мен рухани әлемін бейнелейтін туындылар қойылған. Ерболат Төлепбайдың шығармалары адамды мейірім мен ізгілікке үндейді. Оның картиналарында дала рухы, қазақ әйелінің бейнесі, ұлттық мәдениет пен тарихтың терең мазмұны көрініс табады.
Күні кеше Стамбулда Түркі дүниесі суретшілерінің академиясының академигі атағын алды.
Жақында Астанада суретшіның «Жақсылыққа бет бұру» атты көрмесі ашылды. Шара автордың 70 жылдық мерейтойы мен шығармашылық қызметіне 50 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Ерболат Төлепбай осы уақытқа дейін әлемнің түрлі елінде 38 жеке көрме өткізген. Суретші туындылары арқылы адам мен табиғаттың үйлесімін, рухани тазалық пен адамгершілікті жеткізуге тырысады. Көрмеге келгендер суретшінің бояу тілі арқылы берілген қазақтың бай мәдениетін жоғары бағалады.
Ерболат Төлепбайдың туындылары Қазақстанмен қатар Ресей, Түркия, Чехия және басқа да елдердің музейлері мен жеке коллекцияларында сақтаулы. Оның еңбектері арқылы қазақ халқының рухы мен мәдени болмысы әлемге танылуда.

