Қазақ сәнін әлемге танытқан шебер: Роза Бағланованы 12 жыл киіндірген дизайнердің құпиялары
Қазақ сән өнерінің сахна артындағы шеберлері көп айтыла бермейді. Ал Ханым Айдаш – сол тылсым әлемнің тынысын терең білетін, Роза Бағланова мен Фариза Оңғарсыновадан бастап, өнер алыптарының сахналық стилін қалыптастырған бірегей костюм суретшісі. El.kz интернет порталының тілшісі ұлттық костюм өнерінің қыр-сырын терең меңгерген шебермен сұхбаттасты.
Гүлфайруз Ысмайыловадан жеке сабақ алдым
Ол «Қыз Жібек» фильмінің бас суретшісі Гүлфайруз Ысмайыловадан жеке сабақ алып, ұлттық киімнің терең философиясын меңгерген. Ханым Айдаш өзінің 33 жылдық еңбегінде қазақ даласының рухын әлемдік подиумдарға шығарып, Роза Бағлановамен 12 жыл бірге жұмыс істегенін өмірінің ең үлкен мектебі деп біледі.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Роза Бағланова мен Фариза Оңғарсынова тағы басқа танымал әншілер мен қаламгерлердің жеке киім суретшісі болған Ханым Айдаш өнер жолына қалай келгенін әңгімелеп берді.
Ол сурет училищесінің екінші курсында оқып жүрген кезінде ұстаздар кеңесінің шешімімен бөлек бағдарламаға ауыстырылғанын айтады.
Ол кезде біздің директорымыз Ахмет Жұбановтың інісі Ақрап Жұбанов еді. Училищеде сабақ беретін ұстаздардың бәрі Мәскеудегі Суриков атындағы көркемөнер институтын немесе МХАТ-ты бітірген мамандар болатын. Осындай деңгейлі оқытушылар оқу орнын кеңейтіп, жаңа бағыт киім моделдеу факультетін ашуды көздеді, – дейді дизайнер.
Факультет ашу үшін арнайы маман қажет болды. Ол кезеңде рұқсатты Мәскеуден алу міндетті еді. Ұстаздар студенттердің жұмыстарын қарап, соның ішінен тек бір адамды Ханым-гүлді арнайы бағдарлама бойынша оқыту туралы шешім қабылдаған.
Менің эскиздерімдегі түс үйлесіміне қарап, «осы қызды жеке оқытайық» деді. Кескіндеме, мүсін және дизайн факультетінде қалдырды, композицияны да сонда оқыдым. Бірақ мені театрларға тәжірибеге жіберді. Қазақстанның барлық театрында барсын, тіпті қажет болса Мәскеу мен Санкт-Петербургке жібереміз деді. Сонымен бір өзімді костюм суретшісі етіп шығарады, – дейді ол.
Алайда жас студент үшін мұның бәрі оңай болмаған. Құрбы-құрдастарымен топта оқуға үйреніп қалған ол жалғыз бөлініп шығуға қорыққанын жасырмайды.
Сол кезде ұстаздарым Раушан Мамбекова мен Гүлнар апай: «Неден қорқасың? Сен жақсы диплом қорғасаң, сенің артыңнан жаңа факультет ашылады. Қазақтың басқа қыздары да осы жолмен келеді. Біз кезінде талай баланың жолын аштық, енді сен де үлес қосасың» деді. Сол сөз маған үлкен күш берді, – дейді Ханым Айдаш.
Оқу кезінде ол талай үлкен мамандардың қасында жүріп, тікелей тәлім алды. Кино саласына қызыққан болашақ дизайнер «Қыз Жібек» фильміндегі барлық киімді жасаған Гүлфайруз Ысмайыловадан жеке сабақ алған.
Сол кезде «Қыз Жібектің» образдарының алғашқы эскиздерін өз көзіммен көрдім. Ол кісі маған жеке сабақ берді. Театрларға барып, тәжірибеден өттім. 15 күнге Ленинградқа, Мәскеуге де бардым. Сонымен дипломдық жұмысымды қытай киімі тақырыбы бойынша қорғап, училишені бітірдім, – дейді ол.
Қытай киімдеріне қатысты материалдар сирек болған кезеңде ол киностудия павильондарында түнеп, қажетті дүниелерді зерттеген кездері де болған.
Училищені тәмамдағаннан кейін Ханым Айдаш Абай атындағы опера және балет театрына киім суретшісі болып қабылданады. Онда классикалық қойылымдардағы көптеген образдарды қалпына келтіруге, жаңартуға қатысқан.
Мысалы, Алпамыс батыр спектакліндегі Гүлбаршынның көне киімін басқа актрисаға лайықтап қайта тігу үшін арнайы шеберлерден сабақ алу керек. Ол үлкен жауапкершілік, – дейді ол.
Роза Бағлановаға 12 жыл киім тіктім
Театрдағы өмірінің ең есте қалар сәттерінің бірі – қазақ өнерінің әйгілі шоқ жұлдызы Роза Бағлановамен алғашқы танысуы.
Театрда жұмыс істеп жүрген кезімде бір күні Базарғали Әжиұлы мені шақырды. Кабинетіне кірсем, Роза апам отыр екен. Сол жерде мені алғаш рет таныстырды, – деп еске алады Ханым Айдаш.
Дизайнердің сөзінше, Роза Бағланова ұлттық киімдерінің пішінін ешқашан өзгертпейтін.
Роза апамыздың айтулы мерекелерде киетін образдарын 12 жыл бойы өзгертіп, әр кез жаңартып отырдым. Күндізгі және кешкі киім үлгілерінің бәрі апамызбен ақылдасып шешілетін және бірге таңдалатын, – дейді ол.
Ханым Айдаш Роза Бағланова өнердегі этиканы да, сахнада өзін ұстау мәдениетін де үнемі шәкірттеріне үйретіп отырған. Халық әртісінің сахналық образ дайындау шығармашылығындағы ең жауапты әрі ерекше кезеңдердің бірі болған.
Айтуынша, алғашқы жеке бренді ашылған кезде ол Роза Бағлановаға арнайы мерекелік көйлек тіккен. Осыдан кейін Халық әртісі он екі жыл бойы сахналық киімдерін тек Ханым Айдашқа сеніп тапсырған.
Роза апамыздың өзінің тікелей шешімімен апта сайын кемі үш жаңа киім дайындалатын. Қазір Instagram-да тарап жүрген көйлектерінің барлығы – Роза Бағланованың сахналық образдары. Олардың бәрі менің қолымнан шыққанын мақтанышпен айта аламын, – дейді ол.
Ханым Айдаш әр жасаған киімінің тарихын да ұмытпаған.
Әрбір көйлектің түсін, стилін, сюжеті мен идеясын, тіпті матасын қай жерден алғаныма дейін жақсы білемін, – дейді дизайнер.
Роза Бағлановамен жұмыс істегеннен кейін көптеген әншілер дизайнерге келе бастаған. Егемендік алған алғашқы жылдары өнерпаздарға, театр әртістеріне, ансамбльдерге қаншама киім тіккенін айтады.
Сол жылдардағы еңбегім бағаланып, мемлекеттік марапат алуым да осы жұмыстың жемісі. Қазақстанның «Еңбек сіңірген қайраткері» атағын маған жайдан-жай берген жоқ, бұл – сол жылдар бойғы еңбектің бағалануы, – дейді Ханым Айдаш.
Әр топтаманың өз атауы бар
Дизайнердің айтуынша, ол жасаған әр сән топтамасының жеке тарихы, өз философиясы болады. Ол соңғы жылдары халықаралық подиумдарға жиі шығып жүргенін айтады.
Биыл Малайзияда өткен көрсетілімге де арнайы топтамамды алып бардым. Менің «Құмдағы іздер» деп аталатын жобам төрт жылдан бері жалғасып келеді. Сол топтама алғаш рет Токиоға барған еді, оның да өзіндік тарихы бар, – дейді Ханым Айдаш.
Сондай-ақ бұдан бөлек «Жусан» деп аталатын топтамасы да сән көрсетілімдерінен көрініп жүр.
Бұл идеялардың бәрі менің туған жерім Қызылордадан бастау алады. Дүкенбай Досжанның «Жібек жолы» туралы кітаптарын оқып өстім. Кейін білгенім, біздің ауылдан бір шақырым жерде көне Жібек жолының соқпағы өтіпті. Бала кезімде сол жерге барып, ескі кеселерді, құмыра сынықтарын теріп ойнайтынмын. Сол уақыттан бастап мен Жібек жолына ғашық болдым, – дейді ол.
«Менің брендімнің ДНҚ-сы – Жібек жолы»
Осылайша бала күндегі қызығушылық кейін дизайнердің шығармашылық ізденісіне айналған.
Кейін модельерлікке оқып жүргенімде үнемі ойланатынмын. Мен жасап жүрген брендтің түп негізі, оның ДНҚ-сы қайда? Сөйтсем, біздің сән әлеміндегі басты шабыт көздерінің бірі ғасырлар бойы Шығыс пен Батысты жалғаған Жібек жолы екен. Ол – нағыз үлкен подиумның, мәдениеттер алмасуының катализаторы, – дейді Ханым Айдаш.
Әсіресе Жібек жолы кезеңіндегі мәдени алмасулар дизайнердің шығармашылық ізденісіне үлкен әсер еткен.
Жібек ежелден аса қымбат болған. Қазақтар көбіне оның тек шағын бөлігін бет орамал ғана ала алған. Өйткені жібектің өзі бір тай немесе бір жылқының құнына татитын. Оны тек бай мемлекеттер мен дәулетті адамдар тұтынған. Ал алғашқы жібек Қытайда жасалып, олар оны патенттеп, әлемге сатты. Бізге керуен арқылы жететін. Сол керуенді қазақ жігіттері қарсы алып, құрмет көрсетіп отырған. Сол кезде жігіт пен қыздың жібек орамал сыйлауының да дәстүрі басталған, – дейді дизайнер.
Ол бұл тарихи білімді студент кезінде оқытқан ұстаздарынан алғанын еске алады.
Бізге тарих пен өнерді керемет меңгерген мұғалімдер сабақ берді. Кейін Дүкенбай Досжан ағамыздың кітаптарын оқып жүріп, өзімнің Жібек жолының дәл іргесінде дүниеге келгенімді түсіндім. Бала күнім сол жерде өтті. Сол себепті менің «Құмдағы іздер» топтамамның да идеясы осы жолдың тарихымен тікелей байланысты, – дейді ол.
Ханым Айдаш қазақ даласынан өткен әр керуеннің ізі, ежелгі қалалардың мәдениеті оның жұмысында өз орын тапқанын айтады.
Отырар, Сауран тәрізді қалаларымыз – еркін халықтың мекені. Біз ежелден киімді еркін, кең, бірақ өте эстетикалық етіп тіккенбіз. Үлкен өрнектерді киізге, үйдің сыртына, түйе жапқышқа, тіпті ат әбзелдеріне салғанбыз. Ал ең нәзік, көркем өрнектерді басқұрға салдық, басымыз бір болсын деп. Мысалы, қошқар мүйіз өрнегі – біздің халық үшін байлықтың нышаны. Қошқар көп болса – қой көп, қой көп болса, ырыс мол деген түсінік бар. Сондықтан бұл өрнек үйдің ішінде де, ер адамның киімінде де қолданылған, – дейді дизайнер.
Дегенмен, ол өз шығармашылығында ою-өрнекті шектен тыс пайдаланбайтынын айтады.
Мен үшін негізгі шабыт – өрнек емес, дала. Мен даланың иісін, реңкін, тынысын қатты сеземін. Сол сезімді матаның тілімен жеткіземін. Өйткені өрнекті салатын да, салмайтын да дизайнер бар. Менің басты мақсатыма айналған нәрсе – даланың болмысын сезім арқылы жеткізу, – дейді ол.
«Жусан» деп аталатын топтамасы да дизайнердің ең үлкен шабыт көздерінің бірі.
Биыл көктемде ауылға барғанымда, анамды Қызылорда жаққа демалдыруға алып бардым. Анам шаршап жатқанда жанында отырып қарасам, жусан жаңа ғана көктеп шығып келеді екен. Иісі сондай керемет. Сол сәт маған қатты әсер етті. «Даланы ұстап тұрған – осы жусан ғой» деп ойладым. Жусан бар жерде мал семіреді, ырыс молаяды. Мен өз топтамаларымда жусанды нәзік күйінде, табиғи реңімен беруге тырыстым, – дейді Ханым Айдаш.
Киім арқылы энергия беруді мақсат етемін
Оның киімдеріндегі басты ерекшеліктердің бірі – түстер терапиясы.
Менің топтамаларымда түс гаммасы өте маңызды. Мен киім арқылы адамға энергия беруді, белгілі бір көңіл күй қалыптастыруды мақсат етемін. Бұл – менің жеке «световой терапиям, – дейді дизайнер.
Ұлттық стильді заманауи бағытпен үйлестіру – дизайнер жұмысының негізгі қағидасы. Ханым Айдаш ұлттық және заманауи стильдің тепе-теңдігін табу үшін шығармашылықты терең тарихи зерттеумен байланыстыратынын айтады.
Мен тепе-теңдікті табу үшін уақытқа, ғасырға, қазақтың өткеніне үңілемін. Мысалы, бір топтамамда қошқар мүйіз өрнегінің тек жарты фрагментін ғана қолдандым. Өйткені алтын түсті матамен үйлесімділігін сақтағым келді. Бұл киім Франциядағы көрсетілімге арналған еді. Оған қазақтың қоржындарындағы элементтерді енгіздім. Әкемнің көне қоржынынан алынған өрнектерді Малайзияға апарған топтамамда да қолдандым. Жастарға арналған жусан коллекциясында да дәл осы танымдық элементтерді ұсындым. Әдемі, әрі олар үшін жаңа, қызықты дүниелер, – дейді дизайнер.
Әр туындымды тарихымен бірге сатып алды
Токиоға, Малайзияға, Францияға барған көрсетілімдерімде сол жақтың адамдары ерекше қызығушылық танытқан.
2019 жылы Францияда көрсетілім өткізгенімде, біздің тарихтағы садақшы қыздардың бас киімін кешкі көйлектерге үйлестіріп шығардым. Француздар оны таңғалып қабылдады. Тіпті бәрін сатып алып кетті, – дейді ол.
Дизайнердің айтуынша, жапон аудиториясы да қазақ мәдениетінің тереңдігіне ерекше мән берген.
Жапонияда жеті бұйым көрсеттім. Мисс Токио, Мисс Жапония, тіпті атақты косметикалық бренд өкілдері келді. Олар жастар емес, белгілі бір жасқа келген, мансап құрған әйелдер екен. Әрқайсысы қазақ киімінің тарихын сұрап, таң қалды. Бірнешеуі бұйымды тарихымен бірге сатып алды. Бір данаға 500 доллардан қойдым, бірден алып кетті, – дейді дизайнер.
Ол жапон әйелдеріне қазақ мәдениеті жайлы ерекше әсер қалдырған сәтін атап өтті.
Мен оларға біздің қыздардың еркін халық болғанын айттым. Қазақ қыздары ат үстінде әрқашан болған, көшті олар мереке қылып жіберетін. Садақшы қыздарымыз бір жігіттің өздіне көз салып жүргенін көрсе, садағының жебесін жігіттің үйінің, яғни керегенің сыртына іліп кететін дәстүрі болған. Бұл – үнсіз шақыру. Егер жігіт оны алып, жарысқа түсіп жеңсе, қыз да оның сезіміне жауап берген, – дейді Ханым Айдаш.
Дизайнер қазақтың сәнін, тарихын, мұрасын киім арқылы әлемге таныту үшін міндетті түрде терең білім керек екенін жеткізді.
Әдебиетті де көп оқу қажет. Мен кішкентайымнан Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» секілді туындыларын оқып өстім. Тіпті Алматыға алғаш келгенімде Есенберлиннің үйін іздеп барып, ұлы Қозыкөрпеш пен таныстым. Өйткені қазаққа қызмет ету үшін қазақты тұла бойыммен білуім керек болды. Сол себепті қазіргі «Жусан», «Құмдағы іздер» секілді топтамаларым – менің брендімнің ДНҚ-сы. Сән әлемінде 33 жыл бір үзіліс алмай, үздіксіз еңбек етіп келемін, – дейді дизайнер.
Әлемдік подиумдарға шыққан әр жұмысы – археологиялық және этнографиялық зерттеудің нәтижесі.
Менің мақсатым – ұмытыла бастаған мәдени құндылықтарды қайта жаңғыртып, оларды заманауи үлгіде көрсету. Мен қазақтың ұлттық киімдерін сол күйінде апарып таныстырмаймын. Көрсетуге қарсы емеспін, бірақ әлемге дәл солай танылу шарт емес деп ойлаймын. Біз әлі күнге дейін «сәукеле апарып көрсетеміз, дәлелдейміз» деп жүрміз. Күнде бір нәрсені дәлелдеу арқылы ештеңе өзгертпейміз. Қазір әлем виртуалды, стильдер араласып кеткен, – дейді.
Айтуынша, қазір әлем қазақты ортағасырлық костюм арқылы емес, Димаш арқылы, спорт шеберлері арқылы, шахматшылар арқылы танып жатыр.
Сондықтан мен әлемге қазақтың болмысын заманауи тілмен жеткізгім келеді. Мен өз брендімді де солай таныстырамын. Оның өзіне тән ДНҚ-сы бар. Брендтің мәні де – тарихтан нәр ала отырып, заманауи әлеммен үндескен қазақтың жаңа бейнесін көрсету, – деді.
Роза Бағланова Кремльді қойып, мені таңдады
Ханым Айдаш соңғы төрт жыл бойы қазақтың садақшы қыздарының бас киімдерін әлемдік подиумдарда кешкі бас киім ретінде таныстырып келеді.
Неге оны Armani немесе Louis Vuitton таныстыруы керек? Мен таныстырып жүрмін. Қазаққа қызмет етіп, 33 жыл еңбек еттім. Он екі жыл Роза Бағланова апамызды киіндірдім, аптасына үш рет киім тіктім. Апам менен бұрын киімін тек Кремльде тіктірген еді, ол кісі Кремльді маған ауыстырды. Мені таңдағандықтан, опера және балет театрындағы жұмысымды тастап, жеке бренд қалыптастыруға кеттім, – дейді дизайнер.
Сол уақытта Роза Бағланова дизайнерге қарап тұрып: «Сенің ішіңде тарих бар, білім бар, тектілік бар. Сен даланың қызысың, сен шығара аласың» деді. Сол сөз мені шабыттандырды», дейді Ханым Айдаш.
Танымал көрмелерде дизайнердің туындылары ерекше көзге түседі. Мысалы, 1992 жылы Санкт-Петербургте болған уақытта Хан Кененің басын көрдім, қолымен ұстадым. 1999 жылы Польшада сән көрсетілімінде садақшылардың қозғалысы мен күш-қуаты бейнеленген туындыларын ұсынады, бірақ әр образ нәзік, әйелдің энергиясымен толықтырылған.
Мен өз туындыларымды әйелдің энергиясымен шығарамын. Бұл тек сән емес, тарихи мәні бар, ұлттық рухты көрсететін жұмыс, – дейді дизайнер.
Бұдан өзге дизайнер белгілі әншілерге де киім тігіп, олардың халықаралық сахналарда жеңіске жетуіне үлес қосқан.
Роза Бағланова апамыздан кейін Фариза Оңғарсынова, Мәдина Ералиева, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова сияқты 200-300-дей өнер иелеріне образдар дайындадым. Мен үшін бұл тарихты сақтау мен ұлы тұлғаларды есте қалдыру, – дейді ол.
Әрбір топтаға дизайнер бірнеше ай уақыт жұмсайтынын айтады.
Үш-төрт ай ішінде оннан аса образ жасалады. Алғашында эскиздер жасалады, содан кейін матаны іздеп, тігіп шығарамыз. Үш ай күндіз-түні сол күйде жүремін. Егер мен тоқтап қалсам, киімдерім интернеттегі бір үлгілерге ұқсап кетуі мүмкін. Қазір бәрі телефон ашады, бәрін көреді. Ал мен көрсетілімдерімде еш жерде жарық көрмеген дүниелерді шығарамын, – дейді.
Бүгінгі дизайнерлер дайын дүниені қайталайды
Оның айтуынша, бүгінгі заман дизайнерлері көбіне дайын дүниені қайталап жүр. Бірақ ол ешкімді кінәламайды.
Адамдар қазір бұрынғыдай ізденбейді. Бірақ менің ішкі шығармашылығымда әлі дайындалған дүниелер өте көп. Соларды жүзеге асыру үшін тоқтамай еңбек етіп жүрмін, – дейді ол.
Ханым Айдаш халықаралық подиумдарды таңдаудың себебін былай түсіндіреді.
Шетелде келген әр көрермен – сыншы. Францияда екі рет көрсетілім өткіздім. Сол жерде көрсетілген үш бірдей образым бірден газет-журналдарға шықты. Өйткені олар мағынаны көреді, мәнін сұрайды, тарихын түсінгісі келеді. Ал бізде, өкінішке қарай, кімнің оқырманы көп, соны шақырады, – дейді дизайнер.
Ханым Айдаш ұлттық мұра мұражайда сақталуы керек деп санайды.
Әр облыстың, әр ғасырдың өз тарихы бар. Қазақтың киіну мәдениеті қай кезде байыды, қай кезде жұпыны болды – мұның бәрін білемін. Қазақ ең қымбат, сәнді киінген дәуір – XIII–XVII ғасырлар. XVIII ғасырдан кейін бұл мәдениет әлсіреді, – дейді ол.
Осылайша, Ханым Айдаш ұлттық киімді тек сән ретінде емес, тарих пен мәдениеттің көрінісі ретінде әлемге танытуда. Ол үшін әрбір образ – тек киім емес, қазақтың тарихын, рухын жеткізетін өнер туындысы.
Тарихи фильмдердегі киімдерге көңілім толмайды
Дизайнер қазіргі тарихи фильмдердегі костюмдерге көбіне көңілі толмайтынын айтады.
Маған ешкім кеңес сұрап келмейді. Ал тарихи фильмдерде киім – басты элементтің бірі ғой. Кейбір киноны көре бастаймын да, костюмін көріп, бірден өшіріп тастаймын. Себебі ол дәуірдің киіміне мүлде сай келмейді, – дейді.
Айтуынша, ол бір кезеңде Қазақфильмге эскиздер сызған, бірақ авторлық құқық көрсетілмей, қолтаңбасы қойылмаған.
Сол жылдары Астанаға көшіп, балама уақыт бөлдім. Сәннен уақытша алыстадым. Өмір сүру үшін тапсырыс бойынша эскиздер салдым. Бірақ ол жұмыстар қай фильмге кеткенін де білмедім. Бұл – менің тоқырау кезеңім болды, – деп еске алады дизайнер.
Десе де, «Отырардың күйреуі» фильміндегі костюмдер жақсы жасалғанын айтады. Одан кейінге түсірілімдерге көңілім толмайтынын жеткізді. Өйткені дизайнер суретші ретінде қарағанда базалық талаптардың сақталмағанын бірден байқайтынын айтады.
Мысалы, бір сахнада 10 жауынгер шауып келеді, келесі көріністе басқа ру-тайпаның киімі кигізіледі. Бір ғана бас киімге түлкінің құйрығын іліп қойып, «қонтайшының киімі» деп шығара салу көркемдік деңгейдің төмендігін көрсетеді. Екі кадрды салыстырып қарасам болды, барлығы түсінікті болып қалады, – дейді.
Одан бөлек, опера, спектакль сахналарында да кейде тарихи дәлдік ескерілмейтінін жеткізді.
Бірде Қ.Қуанышбаев атындағы театрға Якутиядан атақты режиссер келіп, Чехов қойылымына дайындық басталды. Сол кезде маған арнайы тапсырыс беріп, Чеховтің костюмін дайындауды сұрады. Мен суретші ретінде барымды салып жасап бердім. Қолыма көп сыйақы тимеді, бірақ бастысы жұмысым өз бағасын алды. Театр бұған дейін киімдердің талапқа сай болмауы салдарынан сыйақы ала алмай жүрген екен. Ал жаңа костюмдер қойылымға жаңа тыныс беріп, шетелден бас жүлдені алып келді. Сол табысқа аз да болса үлес қосқаныма қуанамын, – деді.
Дизайнердің пікірінше, қазақтың тағдырлы кезеңдері ашаршылық, соғыс жылдары, оның алдындағы дәуір бәрінің өзіне тән киім стилі, өрнегі, матасы болған. Мұндай білмеген соң, кез келген нәрсені «болды ғой» деп шығара салу үлкен қателік екенін айтады. Костюмді жасаған адамдардың тарихты оқымағаны бірден көрініп тұрады деп отыр.
Біздің халықтың бай мұрасын түсіну үшін өз тамырымызды білуіміз керек. «Қазақ киімдерін бір орыс дизайнер тамаша жасап жүр» деп тамсанатындар бар. Бірақ қазақтың даласында туып-өспеген, қымыз ішіп, құнанның етін жемеген, жусанды иіскеп көрмеген адам біздің мәдениетіміздің тереңін қайдан түсінсін? Қазақтың өз баласы кейде ұлттық киімнің қыр-сырын білмей жүреді. Ал сырттағы біреуді тым әспеттеп жіберетіндерге таңғаламын, – дейді Ханым Айдаш.
Ханым Айдаш ұлттық киімдердің терең мәні жайлы айта отырып, сәукеленің шынайы құндылығы қазіргі сән көрсетілімдерінде жоғалып бара жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазақтың қызыл сәукелесін сән индустриясының қарапайым аксессуарына айналдыру тарихи мұраға жасалған құрметсіздік екенін айтады.
Құндылыққа әрқашан мұқият қараймын
Дизайнер Францияға сәукеленің ежелгі нұсқасының образын апарған. Ондағы өрнегін де, басқұрға тағылатын элементтерді де сол күйінде сақтап қалғанын айтады.
Бірақ қызыл түсті апармадым. Неге? Өйткені қызыл сәукелені тек нағыз келін киеді. Ал шетелдік сән көрсетілімінде модельге соны кигізу – дәстүрге қайшы. Мен құндылыққа әрқашан аса мұқият қараймын. Сол себепті халықаралық көрсетілімдерге қызыл сәукелені емес, көгілдір реңкті нұсқасын апардым. Бұл – сән әлеміне арналған бейне. Ал неге қызыл сәукелені пайдаланбадым? Өйткені қазақтың қызыл сәукелесінің мән-мағынасы терең, қасиеті бөлек, – дейді.
Айтуынша, қазақта қызыл түсті ерекше қастерлеген. Ерте замандарда қызыл мата өте қымбат болған. Оны алуға көп шығын кететінін, әрі далалық аймақтарға тек керуендер арқылы жеткенін айтты.
Сол үшін құдалықта қызыл матадан кішкентай қиынды сыйлаған. «Қызыңның сәукелесіне тағарсың, жақтауына ілесің, бір жерінде қызылы болсын» деген ниет қой. Бұл – келін барған жеріне аман-есен, мәртебесімен жетсін деген ырым, – деп түсіндіреді дизайнер.
Ол қазақ сәукелесінің мәні мен формасы да тек бізге ғана тән емес екенін айтты. Мәселен, еуропалық орта ғасыр әйелдерінің биік бас киімдері де мәртебенің белгісі болған.
Біздің сәукеленің қызылмен қапталуы – байлықтың, тектіліктің, қауіпсіздіктің нышаны. Қызыл сәукелені модельдерге кигізіп, сән көрсетіліміне пайдалануды дұрыс емес. Ол – ұлттың символы. Шоудың бір элементіне айналдыруға болмайды. Менің білімім, қазаққа деген құрметім оған жол бермейді. Ешбір әншіге де, ешбір подиумға да нағыз сәукелені кидірген емеспін, – дейді ол.
Шетелден ұсыныстар түскен
Бүгінде дизайнерге Мексикадан да, АҚШ-тан да ұсыныстар түсіп жатқанын айтты. Алайда ол әр жобаны саралап, топтамаларының сапасын жоғалтпау үшін алдымен өз қолындағы коллекцияларды толықтыруды көздейді.
Әуелі дайын топтамаларымды өткізіп, оның қаражатына жаңа мата алып, жаңа дүниелер жасаймын. Әр коллекцияның артында үлкен еңбек пен ізденіс тұрады, – дейді ол.
Армандары орындалып келе жатқанын, десе де толғандыратын бір жайт барын жасырмады. Ол – ұлттық брендті әлемге таныту жолында ең алдымен өз отандастарымыздың отандық өнімді қадірлеуі қажеттігі.
Біздің халық қазір көбіне арзан, бір рет киілетін, кейін қоқысқа тастай салатын киімдерді алады. Түріктің, Қытайдың масс-маркет киімдері үйіліп жатыр. Ал басқа елдер өз дизайнерлерін, өз салт-дәстүрін киімі арқылы танытады. Индия, Италия – барлығы ұлттық стильдерін мақтан етеді, – дейді ол.
Италия сапары кезінде көрген мысалды да ерекше атап өтті. Шетелдік брендтерді киіп барған бір топ қазақстандық қонаққа италияндықтар таңданыспен қараған екен. Өйткені олардың өздері жергілікті дизайнерлердің, жергілікті шеберлердің киімін киюді мәртебе санайды. Бір кварталда орналасқан тігін шеберханасы, тігіншілер, етікшілер бір-бірінің еңбегін қолдап, өзара мәдениетті қалыптастырған.
Ал бізде бұл мәдениет қалыптаспаған. Өзімізде дайын тұрған құндылықты бағалай алмаймыз, – дейді дизайнер.
Оның айтуынша, отандық тұтынушы ұлттық киімді тек «сәукеле» немесе «этно-костюм» деп қабылдап қалған. Ал шын мәнінде, ұлттық сипат – өрнекте, түсте, даланың үнін жеткізетін ұсақ детальда.
Киімдегі жусан иісін, дала сарынын, өрнек пен символдың мағынасын көрмейді. Ұлттық деген тек қызыл сәукеле кию деп ойлайды. Бұл – қате түсінік, – дейді ол.
Дизайнер үшін әр топтама – туған жердің рухани кодының жалғасы. Сол себепті ұлттық киімді түсініп, зерттеп, қадірлейтін қоғам қалыптастыру оның ең үлкен армандарының бірі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram

