Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақ қызы опера сахнасында жаңа биікті бағындырды

28.07.2025 12:32

Италияның Портофино қаласында өткен XI Халықаралық опера әншілері байқауы - CLIP 2025 (Concorso Lirico Internazionale di Portofino) қазақ операсы үшін тарихи жетістікпен аяқталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Опера өнерінің әлемдік аренасында Қазақстан атынан өнер көрсеткен Әйгерім Алтынбек барынша сенімді өнер көрсетіп, абсолютті жеңімпаз атанды. Ол бір ғана емес, бірнеше негізгі номинацияда топ жарды: бірінші орын, «Көрермен көзайымы» жүлдесі (Emotion Prize), «Ең үздік әйел дауысы» және сыншылар мен педагог Карло Майердің арнайы сыйлығын иеленді.

Бұл - қазақ өнері үшін бұрын-соңды болмаған жетістік. Орталық Азия атынан шыққан өнерпаз алғаш рет халықаралық байқауда осындай басымдықпен жеңіске жетіп отыр.

Әйгерім байқау басталған сәттен-ақ барлық қазылар алқасының көшін бастап тұрды. Бұл – өте сирек кездесетін жағдай. Оның үстіне, көрермендер де дәл солай таңдау жасауы көп нәрсені аңғартады, - деді байқау қазылар алқасының төрағасы Доминик Мейер.

Байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық үміткер өтінім берген. Жартылай финалға 92 әнші өткен, ал финалда 10 өнерпаз Teatro Carlo Felice оркестрімен бірге өнер көрсетті. Солардың ішінде Әйгерім Алтынбек бірден төрт номинацияда жеңіске жетіп, өзінің кәсіби деңгейін толық дәлелдеді.

Айта кету керек, «Ең үздік әйел дауысы» жүлдесін Әйгерімге Ibáñez-Atkinson Foundation (Чили) қоры табыстады. Бұл қор әлем бойынша талантты жас вокалистерге қолдау көрсетеді. Олар алғаш рет Еуропа аумағынан тыс орналасқан әншіге - Әйгерім Алтынбекке қолдау көрсетіп, оны Латын Америкасындағы болашақ жобаларға қатысуға арнайы ұсыныммен шақырды. Бұл - оның халықаралық мансабының кеңеюіне ашылған тағы бір маңызды мүмкіндік.

Қазақ қызы опера сахнасында жаңа биікті бағындырды

Әйгерімнің бұл жеңісі жеке жетістіктен бөлек, қазақ опера мектебінің әлеуетін халықаралық деңгейде тағы бір мәрте дәлелдеген оқиға болды. Бәсекеге қарамастан, ол кәсібилігімен, сахнада сенімділігімен ерекшеленіп, Қазақстанның мәдени брендіне айналып отыр.

Еске салайық, CLIP - Еуропадағы ең беделді опера байқауларының бірі. Жыл сайын Италияның Портофино қаласында өтетін бұл додаға Вена, Ла Скала, Метрополитен, Глайндборн секілді алдыңғы қатарлы опера театрларының жетекшілері, режиссерлері мен импресариолары төрелік етеді. Финалистер Teatro Carlo Felice оркестрімен бірге ашық аспан астында өнер көрсетіп, байқау италиялық телеарналар арқылы тікелей эфирде көрсетіледі.

Бұған дейін Әйгерім Алтынбектің XI Халықаралық опера әншілеріне арналған Портофино байқауында финалға өткенін жазған едік.