Жаңалықтар

Қазақ-қырғыз шекарасында 40 тоннаға жуық бұзылған шие анықталды

Қазақ-қырғыз шекарасында 40 тоннаға жуық бұзылған шие анықталды
Фото: © Pixabay.com 03.06.2024 14:10 632

Қазақ-қырғыз шекарасы арқылы бұзылған шие өткізбек болғандар анықталды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті хабарлады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің ресми сайтында жарияланған ақпарат бойынша, өткен аптада инспекторлар елге карантиндік дрозофила зиянкестерінің дернәсілдерімен зақымданған шиені заңсыз әкелмек болғандардың екі дерегін анықтаған.

Жидектер Қазақстан арқылы Қырғызстаннан Ресей Федерациясына тасымалданбақ болды. Бұзылған өнімнің жалпы көлемі 39 тоннадан асқан.

Фитосанитариялық талаптарды бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 400-бабына сәйкес әкімшілік айыппұлдар салынды. Сондай-ақ залалданған карантинге жатқызылған өнім дереу экспорттаушы елге қайтарылды, - делінген хабарламада.  

Ведомствоның мәліметі бойынша, дрозофила – кішкентай шыбындар (жеміс шыбындары), олардың бойы шамамен 2-4 миллиметр, ал салмағы екі миллиграмм, әдетте қоңыр-сұр түсті, қызыл көзді боп келеді. Жәндіктің дернәсілдері өсімдік тектес субстраттарда дамиды. Шыбындар шіріген көкөністер және жемістермен, ашыған ағаш шырынымен, саңырауқұлақтардың жеміс денелерімен және микрофлораға бай өзге де органикалық қалдықтармен қоректенеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға