Жаңалықтар

Қазақ-өзбек қатынасы стратегиялық және одақтастық рухында тұрақты дамып келеді – Тоқаев

Қазақ-өзбек қатынасы стратегиялық және одақтастық рухында тұрақты дамып келеді – Тоқаев
Фото: Ақорда 08.08.2024 12:19 679

Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тоқаев Жоғары мемлекетаралық кеңестің бірінші отырысын ашық деп жариялады. Ол Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгені үшін президент Шавкат Мирзиёевке шынайы ризашылығын білдірді.

Туысқан өзбек халқының басшысын қазақ елінде қарсы алу біз үшін үлкен құрмет, мәртебе. Өзбекстан қазақ еліне бауырлас мемлекет, тату көрші, маңызды әрі сенімді серіктес. Халықтарымыздың мызғымас достығы ортақ тарихқа және құндылықтарға негізделген. Қазақ-өзбек қатынасы стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында тұрақты дамып келе жатыр. Біз Өзбекстанмен ынтымақтастықты нығайта түсуге айрықша көңіл бөлеміз. Былтыр одақтастық қатынастар туралы тарихи шартқа қол қойдық. Бүгін алдағы 10 жылға арналған стратегиялық әріптестікті және одақтастықты дамыту бағдарламасын бекітеміз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы осы маңызды қадамдар екі елдің байланысын дамытуға айрықша серпін береді деп сенім білдірді.

Шавкат Мирзиёевпен шағын құрамды келіссөз өткіздік. Бірқатар маңызды мәселені талқыладық. Бұл келіссөздер ашық әрі өзара қолдау ұғымында өтті. Біз қарым-қатынасымызды одан әрі кеңейтуге мүдделі екенімізді тағы да растадық, мақсат-міндетімізді айқындадық. Ғасырлар бойы қалыптасқан мызғымас достық пен бауырластықты бекемдей түсіп, өзара тиімді ынтымақтастықты жаңа белеске көтеру екі елдің ортақ мақсаты. Екі жақты ықпалдастықты дамыту үшін бүгінгі кеңестің отырысы өте маңызды. Қабылданатын шешімдердің де стратегиялық мәні бар. Мен Жоғарғы мемлекет аралық кеңестің жұмысы қазақ-өзбек қатынасын дамытуға тың серпін береді деп сенемін, - деді Тоқаев.

Бұған дейін Ақордада Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёевты қарсы алу шарасы өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға