Қазақ өкілі Virtus халықаралық спорт федерациясының вице-президенті болып сайланды
26.11.2025 20:42
Фото:
фото автордан
Каирде өткен Virtus халықаралық спорт федерациясының Бас ассамблеясында ұйымның жаңа басқару құрамы (2025–2029 жылдарға) сайланды. Бұл жолғы сайлаудың басты жаңалығы – тарихта тұңғыш рет Орталық Азиядан өкіл сайланды. Қазақстандық Дина Темірғалиева Virtus федерациясының вице-президенті атанды.
Бұл шешім Virtus-қа мүше елдердің дауыс беру нәтижесінде қабылданып, Қазақстанның инклюзивті спорт саласындағы табысты және жүйелі жұмысының халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетті. Мұндай жетістік еліміздің жетекші спорт ұйымдарындағы өкілдігін арттыру жөніндегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен де үндесіп отыр.
Соңғы жылдары Қазақстан инклюзивті спортты дамыту бағытында бірқатар нақты істерді жүзеге асырып келеді. «Зияткерлік даму ерекшелігі бар тұлғалар спорты федерациясы» РҚБ мен Туризм және спорт министрлігі үш халықаралық чемпионат өткізіп, қазақстандық спортшылардың әлемдік жарыстарға қатысу аясын кеңейтті. Сонымен қатар, ұлттық заңнамада осы салаға қатысты маңызды өзгерістер енгізілді.
«Бұл – еліміздің халықаралық деңгейде жүргізіп келе жатқан мақсатты әрі жүйелі жұмысына берілген жоғары баға. Virtus қауымдастығы Қазақстанды сенімді әріптес әрі белсенді мүше ретінде көріп отыр. Алдағы төрт жыл – үлкен жауапкершілік кезеңі. Мен инклюзия қағидаттарын дамытуға, жаңа елдермен әріптестік орнатуға және ерекше спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға күш саламын»,
– деді РҚБ «Зияткерлік даму ерекшелігі бар тұлғалар спорты федерациясының» президенті Дина Темірғалиева.
Virtus туралы
Virtus – 1986 жылы құрылған жаһандық спорт федерациясы. Ол Халықаралық Паралимпиадалық комитеттің (IPC) негізін қалаушылардың бірі және бүгінде 100-ден астам ел мен 7 000-нан астам спортшыны біріктіреді.
Федерация аясында өткізілетін үш спорт түрі – жеңіл атлетика, жүзу және үстел теннисі – Паралимпиадалық ойындардың ресми бағдарламасына енгізілген.
Биылғы Ассамблеяда алғаш рет Virtus президенті қызметіне әйел адам – Австралия өкілі Робин Смит сайланды. Келесі Virtus Дүниежүзілік ойындары 2027 жылы Каирде өтеді және ол 2028 жылғы Лос-Анджелес Паралимпиадасына іріктеу кезеңі болмақ.
Қазақстан – LA2028 жолында
Қазақстан инклюзивті спортты дамытуды жүйелі түрде жалғастыруда.
IDSPORT Kazakhstan ұлттық құраманың алдағы халықаралық жарыстарға дайындық бағдарламасын бекітті:
•2025 жылғы желтоқсан – Дубайда өтетін Жасөспірімдер Параазиялық ойындарындағы дебют;
•2026 жыл – Нагоядағы (Жапония) Параазиялық ойындарға қатысу;
•2028 жыл – Лос-Анджелестегі Паралимпиадалық ойындарға жолдама алу.
Қазақстанның Virtus федерациясындағы жаңа мәртебесі ел спортының халықаралық беделін нығайтып қана қоймай, аймақтағы инклюзивті қозғалыстың дамуына серпін бермек.
27 Қаңтар, 09:09
Құранды білетін қазақ жастарының Қара сөздерді оқымағанын естіп таңғалдым – чехиялық ІТ маманы
11 Қараша 2025, 18:13
«Шедевр»: Игорь Крутой тағы бір қазақстандық өнерпазға арнап ән жазды
6 Қараша 2025, 17:09
Күздің соңғы премьералары: қарашада қандай фильмдерге баруға болады

