Жаңалықтар

Қазақ мәдениетін шетелде таныту: табыстар мен жетістіктер

Қазақ мәдениетін шетелде таныту: табыстар мен жетістіктер
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 23.12.2024 21:06 114

Биыл Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет пен өнер саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Бұл жыл ел үшін маңызды кезең болып, қазақтың бай мәдени мұрасы мен алуан түрлілігін айқындайтын көптеген ауқымды іс-шаралармен есте қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, ұйымдастырылған көрмелер, фестивальдер мен гастрольдер ішкі мәдени байланыстарды нығайтумен қатар, қазақ мәдениетін шетелде белсенді түрде насихаттауға да ықпал етті. Министрлік 2024 жылғы жұмысын қорытындылады.

Жылдың маңызды оқиғаларының бірі ретінде Қазақстан Республикасының Бейжің қаласында, Қытай Халық Республикасының Астана қаласындағы мәдени орталықтарының ашылуын атап өтуге болады. Іс-шараға екі елдің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин қатысты. Бұл орталықтар мәдени іс-шараларды ұйымдастыру үшін тиімді алаңға айналды.

Биыл қазақ өнері әлемге әйгілі алаңдарда: Венеция биенналесі мен Гиме – Азия өнерінің ұлттық музейінде алғаш рет ұсынылды. Бұл көрмелерді шамамен екі жүз мың адам тамашалады.

Қазақстанның шығармашылық ұжымдарының шетелдегі гастрольдері сәтті өтіп, Франция, Вьетнам, Түркия, АҚШ сияқты 14 елді қамтыды. Бұл іс-шаралар халықаралық байланыстарды нығайтып, қазақ мәдениетін шетелде танытуға ықпал етті. Жаңа шығармашылық ұжымдар – «Бірлік» көпұлтты ән-би ансамлі мен Мемлекеттік квинтет құрылды.

Сонымен қатар, мәдениет бағыты бойынша білім алған 255 студент Қытай, Италия, Ұлыбритания, Австрия, АҚШ, Түркия, Чехия, Испания және басқа да елдерде өткен халықаралық байқауларда жеңімпаз атанды

Мәдени дипломатияның маңызды бөлігі ретінде Тәжікстан мен Түрікменстанда Қазақстанның мәдениет күндері атап өтілді. Бұған қоса, биыл Қазақстанда Саха Республикасы (Якутия), Түрікменстан, Әзербайжан және Арменияның мәдениет күндері өтті. Бұл мемлекеттер арасындағы мәдени алмасу мен ынтымақтастықтың белсенділігін көрсетеді.

2024 жылы қазақ қайраткерлерінің есімдері де ұлықталды. Құрманғазы, Абай сынды тұлғалардың ескерткіштері Түрікменстан, Тәжікстан және Татарстанда орнатылды.

Айтулы оқиғалардың бірі – 17 мыңнан астам көрермен жинаған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу және жабылу салтанаты. Ойындардың жабылу рәсімінде әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің керемет концерті ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, ҚР Ұлттық музейінде Леонардо да Винчидің «Әдемі ханшайым» атты картинасының көрмесі өтті. Бұл көрмені 37 мыңнан астам көрермен тамашалады.

Жыл ішінде өткен гастрольдерден «Астана Опера» ұжымының Мәскеудегі Үлкен театр сахнасында «Абай» операсын сахналағанын ерекше атап өтуге болады. Қойылым көрермен қошеметіне ие болып, ресейлік көрермендердің қазақ өнеріне деген шынайы қызығушылығын көрсетті. Ал «Астана Опера» ұжымының биылғы шетелдегі соңғы гастрольдік сапары Дубайда өтіп, онда «Щелкунчик» балетін 12 мың көрермен тамашалады.

Санкт-Петербургтегі әйгілі «Балтийский дом» театр-фестивалінің сахнасында Қазақстан Республикасының «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің концерті өтті.

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсын Түркияда 4 мыңнан астам көрермен тамашалады.

Айта кететін жетістіктердің бірі – «Qazaq Culture» ақпараттық-ағартушылық платформасының іске қосылуы. Бұл платформа сегіз тілде, соның ішінде БҰҰ-ның алты ресми тілі, қазақ және түрік тілдерінде ақпарат таратады. Аталған бастама Қазақстанның бай мәдени мұрасын әлемге танытуға бағытталған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға