Жаңалықтар

Қазақ күресінен әлем чемпионатында қоржынға 8 алтын медаль салды

Қазақ күресінен әлем чемпионатында қоржынға 8 алтын медаль салды
Фото: gov.kz 14.12.2022 13:22 3142

Қазақ күресінен өтіп жатқан әлем чемпионатының екінші күні ұлттық құрама үшін сәтті болды. Бұл күні балуандарымыз қоржынға 5 алтын мен 1 күміс медаль салды, деп хабарлайды  El.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты мәлімдеді.

Біз асыға күкен спорттық мерекеде әлемнің 40-қа жуық елінен келген 350 спортшы Qazaq Kuresi World Championships атағын сарапқа салуда. Чемпионаттың екінші күні ерлер 55, 60, 66 және 74 келі салмақта белдесті. Ал әйелдер 55 және 65 келі салмақта кіл мықтыны анықтады.

Қуанышымызға орай, бұл жолғы белдесулер де аса тартысты өтіп, нәтижелі болды. Атап айтқанда, әлемдік додада ерлер арасында белдескен Бекжан Төлепов (55 кг.), Нұр Аманшүкіров (66 кг.), Жұмажан Қожамбеков (74 кг.), ал әйелдер арасында Зарина Сарипова (65 кг.) мен Рауза Нұрмахамбетова (55 кг.) Әлем чемпионы атанды. Тағы бір балуанымыз Марат Нигматуллаев (60 кг.) күміс медальға ие болды.

Еске салсақ, жарыстың бірінші күні Айдын Дартаев (82 кг), Марат Байқамұров (100 кг.), Нұрдәулет Жарылғапов (+100 кг.) чемпион атанса, Токтарбек Айдарбек (90 кг.) пен Мөлдір Азамат (+75 кг.) қола медальға ие болған болатын.
Сөйтіп, қоржында 8 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль бар.

Жарыс бағдарламасына сәйкес жасөспірімдер мен жастар, әрқайсысы 5 салмақ дәрежесінде кіл мықтыны анықтауда. Ал ересектер 12 салмақ дәрежесінде (ерлер – 8, әйелдер – 4) белдесуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға