Қазақ күресі CISM аясында: Астанада 30-дан астам елдің палуандары белдесуде
«Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінің базасында әскери қызметкерлер арасында тұңғыш әлем чемпионаты басталды. Турнир халықаралық әскери спорт кеңесінің (CISM) аясында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл ірі жарыстың ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Qazaq Kuresi қауымдастығы және Астана қаласы әкімдігі.

El.kz/Арман МҰХАТОВ
CISM – халықаралық олимпиадалық комитеттен кейінгі әлемдегі ең беделді спорт ұйымдарының бірі. Кеңеске 140-қа жуық елдің қарулы күш өкілдері мүше. Астана төрінде өтіп жатқан додаға CISM-ге мүше 30-дан астам елдің спортшылары қатысып жатыр. Олардың қатарында Әзербайжан, Бахрейн, Беларусь, Бразилия, Венесуэла, Гана, Үндістан, Италия, Қытай, Қырғызстан, Марокко, Молдова, Моңғолия, БАӘ, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Тайланд, Тунис, Түркия, Өзбекстан және Шри-Ланка бар.

El.kz/Арман МҰХАТОВ
Екі күн бойы ерлер мен әйелдер арасында 16 салмақ дәрежесінде тартысты белдесу болмақ. Қазақстан намысын Қарулы күштер мен Мемлекеттік күзет қызметінің таңдаулы балуандары қорғайды.
Чемпионат Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған. Іс-шара аясында батыр қыздың өмірі мен ерлігін айғақтайтын құнды құжаттар, сирек суреттер мен жәдігерлер қойылған арнайы көрме ұйымдастырылды.
Қазақстанда мұндай ауқымды турнирдің өткізілуі қазақ күресіне деген халықаралық қызығушылықтың артып келе жатқанын айғақтайды. CISM болашақта қазақ күресін жыл сайынғы әлемдік әскери турнирлер бағдарламасына, сондай-ақ 2027 жылы АҚШ-та өтетін әлемдік әскери ойындар қатарына енгізу мүмкіндігін қарастырып отыр.

El.kz/Арман МҰХАТОВ
Қорғаныс министрлігі спорт комитетінің төрағасының орынбасары, ұйымдастырушы Еркебұлан Түсіпхановтың айтуынша, мемлекет басшысы ұлттық спортты дамыту және кеңінен насихаттау жөнінде нақты тапсырма берген. Соның аясында жыл сайын әскери қызметшілер арасында спартакиада өтіп, Қазақстан біріншілігі ұйымдастырылып келеді.
Енді сол тәжірибенің нәтижесінде әскери қызметшілер арасындағы тұңғыш әлем чемпионаты өтіп жатқанын жеткізді.

El.kz/Арман МҰХАТОВ
Бұл додаға 25-30-ға жуық мемлекеттен 150-ден астам спортшы қатысып жатыр. Олардың қатарында Өзбекстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Иран сияқты мықты құрамалар бар. Мәселен, Қырғызстан жарысқа толық құраммен сегіз әйел және сегіз ер палуан әкелді. Барлығы 16 салмақ дәрежесінде белдесулер өтуде, – дейді Түсіпханов.
Жарыс екі күнге жоспарланған. Бүгін төрт қыз, төрт ер палуан бозкілемге шықса, ертең тағы сегіз жұп белдеседі. Мұнда тек Қазақстан ғана емес, көршілес елдердің спортшылары да жоғары деңгейде өнер көрсетіп жатыр. Мысалы, Қытай, Иран құрамалары өте жақсы дайындықпен келгенін атап өтті.
«Қазақ күресімен айналыспайтын спортшылардың өзі самбо, дзюдо сияқты жекпе-жек түрлерінен тәжірибелі. Сондықтан жарыстың деңгейі өте жоғары. Арасында олимпиада жүлдегерлері, әлем чемпиондары, әлем кубогының иегерлері бар. Мәселен, Өзбекстан құрамасында 100 келі салмақта былтырғы жылғы қазақ күресінен әлем чемпионы Мухсинов белдесуде», – дейді Еркебұлан Түсіпханов.
Қазақстан құрамасына әзірге болжас жасау қиын екенін, десе де әр елдің үздік палуандары мен белдесіп жатқанын тілге тиек етті.

El.kz/Арман МҰХАТОВ
Қазақстан құрамасы мықты командалардың қатарында. Бізбен бірге Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Иран құрамалары да негізгі фавориттердің бірі. Алдағы уақытта бұл чемпионатты тұрақты өткізу жоспарда бар. Келесі жылы Ресейде, одан кейін АҚШ-та ұйымдастыру көзделіп отыр. Осылайша, қазақ күресін әскери спорт бағдарламасына тұрақты енгізу бағытында жүйелі жұмыс жалғасады, – деді қорғаныс министрлігі спорт комитетінің төрағасының орынбасары Еркебұлан Түсіпханов.
Әйелдер құрамасының бас бапкері Ғұмар Қырғызбаевтың сөзінше, қазіргі таңда екі қыз палуан алғашқы айналымдарда ұтылып қалған, десе де енді қола жүлде үшін күреседі.

El.kz/Арман МҰХАТОВ
Ал қалған алты спортшымыз жарысты сәтті жалғастырып жатыр. Бүгінгі бағдарламада төрт қыз және төрт ер спортшы бозкілемге шықты. Ерлер құрамасы да жақсы бастады, бірнеше палуанымыз жартылай финалға жолдама алды. Бұл додада басты бәсекелестеріміз – көршілес Өзбекстан мен Ресей құрамалары. Екі қызымыз дәл осы елдердің спортшыларына есе жіберді. Бұл командалар қазақ күресі бойынша тәжірибелі, мықты спортшыларға ие, – дейді Қырғызбаев.
Құрамада 55 келі салмақта екі дүркін әлем чемпионы Бекжан Төлепов және қыздар арасында дәл сондай атаққа ие Рауза Нұрмахамметова фавориттер қатарында екенін айтты. Бұл спортшылардан алтын күтеді.

El.kz/Арман МҰХАТОВ
Бұл – әскери қызметкерлер арасындағы алғашқы әлем чемпионаты. Жарыс халықаралық әскери спорт кеңесі (CISM) аясында өтуде. Мұнда тек кәсіби деңгейде дайындалған әскери спортшылар белдеседі. Олардың арасында самбо, дзюдо сияқты жекпе-жек түрлерінен тәжірибелі палуандар көп. Чемпионаттың маңызы зор – егер ол сәтті өтсе, қазақ күресін 2027 жылы АҚШ-та өтетін әлемдік әскери ойындар бағдарламасына қосу жоспарланып отыр. Келесі жылы бұл жарысты Ресейде өткізу жоспарланған, – дейді бас бапкер.
Құрамаға іріктеу чемпионатында бірінші орын алған спортшылар қазір әлемдік додада ел намысын қорғап жатқанын тілге тиек етті.

El.kz/Арман МҰХАТОВ
Дайындық екі оқу-жаттығу жиынын қамтыды, спортшыларымыз бабында. Өз жерімізде өткізіліп жатқандықтан, жеңіске деген жігеріміз де, сеніміміз де жоғары, – деді.
Бұдан өзге бапкер қазақ күресінің басты ерекшелігі – белдесу кезінде жерде күреспейді, тізеден төмен әдістерге тыйым салынатынын айтты.


El.kz/Арман МҰХАТОВ
Ал самбо мен дзюдодағыдай ауырту әдістер қолданылмайды. Киім үлгісі де өзгеше, қазақ күресінде қысқа жеңді кеудеше киіледі. Осы ерекшеліктері ұлттық күресіміздің даралығын айқындайды, – дейді әйелдер құрамасының бас бапкері Ғұмар Қырғызбаев.
Қазақ күресінен мемлекеттік жаттықтырушы Жеңіс Диханбайұлы бұл әскери қызметкерлер арасындағы тарихтағы тұңғыш әлем чемпионаты екенін айтты.

El.kz/Арман МҰХАТОВ
Қазақстан құрамасы іріктеу чемпионатында жеңіске жеткен палуандардан жасақталды. Соңғы жылдары ұлттық спортқа, оның ішінде қазақ күресіне мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлініп отыр. «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңның жаңа редакциясында қазақ күресі олимпиадалық және паралимпиадалық спорт түрлерімен қатар басым бағытқа енгізілді. Бұл – біздің ұлттық спортымыздың халықаралық деңгейде танылуына үлкен мүмкіндік, – дейді мемлекеттік жаттықтырушы.
Қазіргі таңда CISM (Халықаралық әскери спорт кеңесі) бағдарламасында дзюдо, еркін күрес, бокс секілді спорт түрлері бар. Биыл алғаш рет қазақ күресі де енгізіліп отыр. Бұл – еліміз үшін тарихи қадам.


El.kz/Арман МҰХАТОВ
Біздің мақсатымыз – осы жарыстың беделін арттырып, қатысушы мемлекеттер санын көбейту. Кейбір елдерде қазақ күресі мүлде жоқ, бірақ олардың өкілдері келіп, жарысты көріп, ережелермен танысып жатыр. Болашақта олар өз елдерінде осы спортты дамытып, әлем чемпионаттарына қатысады деп сенеміз, – дейді Жеңіс Диханбайұлы.
Келесі жылы екінші әлем чемпионаты Мәскеуде өтеді. Ал 2027 жылы АҚШ-та әскери қызметкерлер арасындағы олимпиада ойындарына қазақ күресін қосу жоспарланып отыр.


El.kz/Арман МҰХАТОВ
Жеңіс Диханбайұлының айтуынша, негізгі мақсат – сол додаға жолдама алу және ұлттық спортымызды әлемдік аренада кеңінен насихаттау.



El.kz/Арман МҰХАТОВ

