Жаңалықтар

Қазақ киносындағы биыл жарық көрген туындылар

Қазақ киносындағы биыл жарық көрген туындылар
Фото: Коллаж El.kz 20.09.2024 17:00 982

Қазақ фильмдері жылдан жылға танылып, көрерменін түрлі туындымен қуантып келеді. Жаңа кейіпкерлер мен оқиғалар киноның әсем әлеміне бойлауға мүмкіндік беріп, қоғамға жаңаша көзқараспен қарауға септігін тигізуде. Қазіргі таңда көрерменнің көзайымына айналған, биыл жарыққа шыққан фильмдердің қатары көп. Әлі де жыл соңына дейін шығады деп жоспарланған кинолар да бар. Бүгінгі мақаламызда 2024 жылы жарық көрген отандық фильмдерді қарастырмақпыз.  

Отандық фильмдердің мемлекетке әсері

Отандық фильмдерді шығарудың еліміздің әлеуметтік-мәдени, экономикалық және халықаралық салаларына әкелер пайдасы мол. Бұл киноиндустрияның дамуы арқылы халықтың рухани құндылықтарын сақтау мен нығайтуға, мәдениетімізді дәріптеуге, ұлттық идеяларды насихаттауға мүмкіндік береді.

Мәдениет пен ұлттық рухты қолдау

Отандық кинофильмдер қазақ мәдениетін, дәстүрлерін, тарихын және құндылықтарын экранда көрсетуге үлкен үлес қосады. Олар ұрпақтан ұрпаққа берілетін мәдени мұраларды жеткізуге, ұлттық бірегейлікті нығайтуға және қазақ халқының бай мәдениетін халықаралық деңгейде танытуға ықпал етеді.

Экономикалық өсу мен жұмыс орындарының ашылуы

Киноиндустрия тек мәдени емес, сонымен қатар экономикалық пайда әкелетін сала болып саналады. Отандық фильмдерді шығару арқылы жаңа жұмыс орындары ашылады: актерлер, режиссерлер, сценаристер, продюсерлер және басқа да кино өндірісіне қатысатын мамандарға сұраныс артады. Сондай-ақ, бұл сала инвесторлар мен демеушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынады, кино түсірілімдері жергілікті экономиканы дамытуға септігін тигізеді.

Туризмді дамытуға ықпал ету

Фильмдерде елдің әдемі табиғаты мен тарихи орындары көрсетілуі арқылы ішкі және сыртқы туризмнің дамуына ықпал етуге болады. Мысалы, танымал фильмдерде көрініс тапқан табиғи және мәдени ескерткіштер туристер арасында қызығушылық тудырып, олардың келуіне себеп болады. Кинотуризм арқылы Қазақстанның бейнесі әлемдік аренада жарқын, мәдени бай мемлекет ретінде танылады.

Тіл мен мәдени алмасуды ынталандыру

Отандық киноның тағы бір маңызды артықшылығы – қазақ тілінің дамуына ықпал етуі. Қазақ тіліндегі фильмдердің артуы жастар арасында тілді үйренуге ынталандырып, орта қалыптастырады. Сонымен қатар, фильмдерді шетелге экспорттау арқылы өзара мәдени алмасу жүргізіледі.

Халықаралық деңгейдегі танымалдылық

Қазақ киносы халықаралық кинофестивальдерде танылып, еліміздің имиджін көтеруге септігін тигізеді. Мәселен, соңғы жылдары қазақ кинематографы әлемдік деңгейдегі фестивальдерде марапаттар алып, сыншылар тарапынан жоғары бағаға ие болуда. Бұл еліміздің мәдениеті мен өнерінің жоғары деңгейін көрсетіп қана қоймай, басқа елдермен мәдени қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді.

Отандық фильмдерді шығару Қазақстанның мәдени, экономикалық және халықаралық беделін көтеруге маңызды үлес қосады. Бұл салада инвестиция мен қолдау көрсетілсе, қазақ киносы әлемдік деңгейде кеңінен танылып, елге ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық пайда әкелмек.

Осы ретте El.kz ақпарат агенттігі оқырмандарға биыл жарық көрген және қазіргі таңда кинотеатрларда көрсетіліп жатқан отандық фильмдердің тізімін ұсынады.

«Дала қасқыры»

2024 жылы 15 тамызда тұсауы кесілген «Дала қасқыры» фильмі режиссер Әділхан Ержановтың кезекті туындысы болып саналады. Фильм 1 сағат 42 минутқа созылады. Басты рөлде Берік Айтжанов пен Анна Старченко, Азамат Нығманов, Ерден Губашев ойнады. Жанры – драма. Жас шектеуі 18+.

«Дала қасқыры» фильмі жоғалған ұлын іздеген ана туралы оқиғаны баяндайды, бұл ізденіс оның өмірін түбегейлі өзгертеді. Анасы қиындықтарға қарамастан, баласын қайтару үшін әртүрлі тәсілдерге жүгінеді. Оқиға барысында ол бұрынғы тергеушіні жалдап, оның айлакерлік әрі күмәнді әдістеріне тәуелді болып қалады. Тергеушінің жұмыс тәсілдері кейіпкерге қатігез болып көрінсе де, оның көмегінсіз бұл істі аяқтау мүмкін емес екенін түсінеді.

Олардың арасында күрделі қарым-қатынас орнайды және әрқайсысы өзінің жеке мәселелерімен күресуге мәжбүр болады. Фильм эмоционалды шиеленісті күшейте отырып, ананың баласы үшін қандай қауіптерге баратынын көрсетеді. Бұл оқиға тек сыртқы сынақтарды емес, ішкі күресті де бейнелейді. Кейіпкерлер әділдік пен отбасы құндылықтарын қалпына келтіру жолында көптеген кедергілерден өтеді.

«Бауырына салу»

Аталған фильм 2024 жылдың 18 шілдесінде жарық көрді. Асхат Кучинчиреков бұл жобада режиссер, сценарист және продюсер ретінде жұмыс істеді. Түсірілімнің негізгі локациялары – Алматы облысындағы Құйған және Тұйық ауылдары. Қоюшы-операторы Жанарбек Елеубек. Фильм ұзақтығы – 113 минут. Туындада Ерсұлтан Ерман, Айдос Әуесбаев, Биғайша Салқын, Динара Шымырбаева сынды актерлер өнер көрсетті.

Фильм жасөспірім Ерсұлтанның тағдырына негізделген, ол әжесінің қолында тәрбиеленген. Әжесі қайтыс болғаннан кейін Ерсұлтан туған ата-анасына оралуға мәжбүр болып, өзіне мүлдем жат болып көрінген жаңа ортада өмір сүруге тырысады. Баланың жаңа отбасымен қарым-қатынас орнатуы оңайға түспейді, өйткені оның бұрынғы өмірі мен қазіргі жағдайы арасында үлкен айырмашылық бар. Бұл фильм кейіпкердің ішкі жан күйзелісін және туыстық байланысты қалпына келтіру жолындағы күресін бейнелейді.

«Соңғы үкім»

Бұл фильм 2024 жылдың 23 мамыр күні көрерменге жол тартты. Режиссері – Ерген Тоқмырзин мен Ерлан Нұрмұхамбетов. Киноның ұзақтығы 130 минутты құрайды.

«Соңғы үкім» толықметражды тарихи драмасы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының күреске толы өмірін жаңа қырынан ашып көрсетеді. Фильм ғалымның ұлтын ояту және қараңғылықты жою жолындағы қажырлы еңбегін суреттейді. Басынан небір қиындықтар өтсе де, заманның аласапыранынан адамгершілік қасиетін жоғалтпай өткен ұлы гуманист-күрескердің өмірі басты назарда. Туынды Алматы, Семей қалалары мен Абай, Алматы және Жетісу облыстарында түсірілген. Басты рөлдерді Азамат Сатыбалды мен Дарья Александрова ойнады.

«Ағайындылар»

Кино 2024 жылдың 22 тамызында еліміздің кинотеатрларына шықты. Режиссері – Дархан Төлегенов. Туындыда Әлішер Исмаилов, Айбар Салы, Азат Жұмаділ, Жанель Мақажан және Дулыға Ақмолда секілді танымал актерлер ойнады.

Фильмнің оқиғасы бойынша Ақжол балалар үйінен кетіп, әкесінің тірі екенін біліп, оны іздеуге кіріседі. Көршісі Димашпен бірге күнкөріс қамымен дұрыс жолдан тайып, қарақшылыққа кіріседі. Аяқасты кездесулердің бірінде Ақжол бауырының бар екенін анықтайды. Ағасын тапқан Ақжол оның көмегімен әкесін іздеуді жалғастырады. Драма жанрындағы бұл фильмнің сюжеті екі ағайындының қызықты оқиғаларына негізделген.

«Ағайындылар» фильмі режиссер Дархан Төлегеновтің жарқын дебюті болып табылады. Фильм 2020 жылы Ұлттық кино орталығының қолдауына ие болды және 2022 жылы неміс кинофестивалінің Олденбург халықаралық кинофестивалінде тұсаукесері өтті. Сол жерде «Кино рухы» сыйлығымен марапатталды. Фильмнің сапалы сценарийі мен әсерлі қорытынды эпизодтары көрерменнің назарын аударады.

«Жамбыл. Жаңа дәуір»

Аталған кино режиссер, сценарист Жандос Құсайыновтың туындысы. Ұзақтығы – 92 минут. Жас шектеуі – 14+.

Бұл фильм 2024 жылдың 6 маусымында жарық көрді. Туынды қазақ әдебиетінің тарихында өшпес із қалдырған ұлы ақынның өмірінің соңғы 9 жылын суреттейді. Бұл туындыда Жамбыл Жабаевтың өміріне ықпал еткен маңызды оқиғалар көрсетіледі. Атап айтқанда, ақын өлеңдерінің газет пен журналдарда жариялануы, сондай-ақ Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин және басқа да көрнекті қазақ қоғам қайраткерлерімен кездесулері баяндалады.

Режиссердің сөзінше, фильм Мәскеу мұрағаттарындағы тарихи деректерге негізделген. Сондай-ақ, кинода ақынмен бірге жұмыс істеген Йосиф Гильманның немересі жинақтаған мәліметтер кеңінен пайдаланылған.

Басты рөлді Қазақстанның халық әртісі Досжан Жанботаев сомдады. Актерлер құрамында Алмас Шаяхметов, Анна Старченко, Асан Мәжит, Ерік Жолжақсынов, Фархад Махмудов, Филипп Волошин және Асылбек Айтиш сияқты танымал өнерпаздар бар.

«Қашан үйленесің?»

Фильм елімізде 2024 жылдың 8 ақпанында көрсетілімге шықты. Режиссері – Медет Қалибеков. Кино 70 минутқа созылады. Жас шектеуі – 12+. Туындыда Арнұр Қабдолдаев, Айдана Сахари, Адина Мұқашева, Мирас Қайролла, Мадина Оспанова, Данияр Бекжанов сынды актерлер бой көрсетті.

Фильм желісі негізінде Ерлан есімді жігіт кітапдүкеніндегіқызғасезімінбілдірудіармандайды.ҚыздыңесіміБаян. Кейіпкер Ерланның бар екендігіжәнеоныңмахаббатытуралыештеңебілмейді.Жасжігіттің ең болмағандатанысуға батылы жетпейді. Бір күні Ерланәскергешақыртуалады,бұлоныағасыныңкөмегіне жүгінуге мәжбүр етеді.ОсылайшаЕрлантуысыныңбалаларыүшін «әке» болады, соның арқасында әскери комиссариаттағыбарлықмәселелержойылады.

Ерлан балаларымен бірге уақыт өткізіп отырған кафеде кездейсоқ Баянмен танысады. Ол өзін жалғызбасты әке ретінде таныстырады. Бірақ бұл өтірік кейіпкердің және оның айналасындағы адамдардың өміріне үлкен қиындық әкеле бастайды.

«Shulamah»

Туынды 2024 жылдың 11 шілдеде шықты. Режиссері – Айтөре Жолдасқали мен Игорь Цай. Фильмнің жалпы ұзақтығы – 100 минут.

Кино үш достың – Сапар (Досан Кеншімбаев), Дархан (Алмаз Мержақыпов) және Ғани (Демеу Атымтаев) – оқиғасын баяндайды. Олар Теміртаудан Алматыға музыка әлемінде жетістікке жету үшін жол тартады. Алматыда олар продюсер Суланмен (Данияр Алшинов) танысады, оларға баспана мен тамақ ұсынып, танымал болуларына көмек көрсетеді. Бірақ ол жігіттердің шығармашылық болмысын толық көрсетуге кедергі жасайды. Құпиялары мен шынайы құндылықтарын түсіну үшін басты кейіпкерлерге өздерін табуға және атақ жолында достықтарын сақтап қалуға тура келеді.

«Брат или брат 3»

Кино 2024 жылдың 1 наурызынан бастап көрерменге жол тартты. Режиссері – Анвар Матжанов. Фильм ұзақтығы 90 минут. Жас шектеуі – 18+.

Комедияда басты кейіпкер Айдар мен Гауһарды Дәурен Серғазин және Құралай Анарбекова ойнайды. Бұл бөлімде Айдардың Гауһарға деген күдігі арта түсіп, олардың отбасылық қарым-қатынасында қиындықтар көбейеді. Ол өзінің егіздердің әкесі екеніне күмәндана бастайды.

Фильм барысында Айдардың егізі пайда болады. Бұған дейінгі бөлімдерде Дәурен ынжық жігіттің рөлін ойнаса, бұл жолы оның егізі ашушаң мінезімен ерекшеленеді. Серғазин екі қарама-қайшы образды шебер сомдап, көрермендерді таңғалдыра білді.

«Хотя бы кинода 3»

Аталған туынды 2024 жылдың жылдың 30 мамыр күні шықты. Режиссері – Дастан Садманов. Ұзақтығы – 90 минут.

Бостандыққа шыққан Қайрат бірден ауыр науқас анасының мәселесін шешуге кіріседі. Дәрігерлердің болжамы көңіл көншітпейді. Ол анасын емдеу үшін Қытайдан қымбат жабдық пен құны миллион доллар тұратын дәрі-дәрмек алуы қажет. Ақшасы да, жұмысы да жоқ Қайрат көмек сұрап, түрмедегі олигархтарға жүгінеді. Олар кейіпкерге Қытайға астық жеткізіп берсін деп шарт қояды. Шартты қабылдап, Қайрат жолға шығады, бірақ оған шекарада қарақшылар шабуылдайды. Есін жиған кезде Қайрат өзін қытайлық кунг-фу мектебінде екенін, өрттен аман қалғанын біледі. Олигархтармен байланысқа шыққанда Қайрат жүктің астық емес, алтын екенін анықтайды. Олигархтар оны қайтаруды талап етеді. Енді Қайрат кунг-фу мектебіндегі жаңа достарының көмегімен жүктің жоғалу құпиясын ашуы керек.

«Қапқарашка. Кубадан сәлем!»

Бұл кино 2024 жылдың 18 тамыз күні шыққан. Режиссері – Медет Қалибеков. Фильм ұзақтығы – 80 минут. Туындада Қуандык Шәкіржанов, Шынар Асқарова, Фатима Кулибали, Фариза Ескермес, Аманжан Махметов сынды актерлер ойнады.

Оқиға желісі бойынша бақытты өмір сүріп жатқан Балтабектің үйіне бір күні Кубадан жас қыз келеді де, оны «әке» деп атайды. Шындықты анықтау барысында, бұл қыздың пайда болуы Балтабектің өткен өміріндегі жалғыз құпия емес екені белгілі болады...

«НВП ағай»

Бұл фильм 2024 жылдың 2 мамыр айында жарық көрді. Режиссері – Дархан Сәркенов. Ұзақтығы – 85 минут. Кинода Шерхан Пірназар, Индира Сабирова, Нұржан Сәдібеков сынды актерлер бой көрсетті.

Кинода өз ісін шын жүректен сүйетін және өте қатаң тәртіпті ұстанатын майор Ерболдың қиын әрі қызыққа толы оқиғалары баяндалады.

Майор Ербол әскери өмірге әбден машықтанған, міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын офицер. Ол бір ротаға басшылық етіп, әрдайым маңызды тапсырмалардың ортасында жүреді. Бірақ күтпеген жерден оны жұмыстан босатып, мектепке АӘД пәнінің мұғалімі ретінде сабақ беруге жібереді. Дәл осы сәттен бастап оқиға желісі қыза түседі.

«Менің атым Қызболсын»

Аталған фильм режиссер Мақсат Оспановтың туындысы. Ол 2024 жылдың 7 мамыр күні көрсетілімге шықты. Ұзақтығы – 80 минут. Кинода Еламан Есентаев, Ақбота Нұр, Азат Сейтметов, Әзиз Бейшеналиев сияқты талантты актерлер өнер көрсетті.

Әділ – прокурордың көмекшісі, патриархалды отбасындағы жалғыз ұл. Жұмыста бастыққа жағынып, отбасында зорлық-зомбылық көрсететін шенеуніктің ұлын сотта ақтап шығады. Бір күні ол ерлер мен әйелдер рөлі керісінше орын алатын балама әлемде оянады. Бұл әлемде ер адамдарға қатысты теңсіздік пен кемсітушілікпен бетпе-бет келеді. Әділ гендерлік теңдікке көзқарасын өзгертіп, отбасылық зорлық-зомбылық құрбанына көмектесуге бел буады. Оның әрекеттері прокуратурадан шығарылуына әкелсе де, ол әділдік үшін күресті жалғастырады. Ақырында, ол тәуелсіз құқық қорғаушы болуға шешім қабылдайды.

«Родной 2»

Бұл кино режиссер Бақыт Осмонкановтың туындысы. Фильм 2024 жылдың 1 ақпан күні жарық көрді. Ұзақтығы – 90 минут. Туындада Мейірғат Амангелдин, Ақерке Арыс, Еламан Есентаев, Индира Сабирова, Әсел Асқар, Ақболат Өтебай, Данагүл Темірсұлтанова сынды актерлер басты рөлді сомдады.

Арада бір жыл өтті. Сапар мен Катя екінші балаларының дүниеге келуін күтіп жүрсе, Айдос пен Әлия ұлдарын тәрбиелеуге толықтай көңіл бөлуде. Оспановтар отбасы Катяның әкесінің мерейтойына баруға дайындалғанша, жағдай жақсарып келе жатқандай көрінді. Олар тағы да Айдос пен Әлияны өздеріне серік болуға көндірді. Жолға шығар алдында Айдос мерейтойдың Жалаңашта емес, Шымкентте өтетінін біледі. Айдос ұзақ ойланып, бұл жолы шытырман оқиғадан қашу үшін тек бір шарт қояды. Оған сәйкес, Сапар енді ақымақтық жасамауы керек.

Жол үстінде Сапар Айдосқа өз қайын енесімен жақсы қарым-қатынаста екенін, оны жанына тірек етіп жүргенін айтады. Бірақ мерейтой кезінде Айдос Сапардың енесінің ғана емес, бажаларының да оған жылы қабақ танытпайтынын аңғарады. Отбасындағы қарым-қатынастар шиеленіскен сайын ата-ана мен бала арасындағы байланыстар және өзара түсіністік мәселелері басты тақырыпқа айналады.

Бұл оқиға достық, отбасылық түсіністік және өмірлік маңызды байланыстар жайлы шытырманға толы комедияға айналады. Айдос пен Сапардың достығы тағы да үлкен сынақ алдында тұр.

«Жездуха»

Аталған туынды 2024 жылдың 15 ақпанында көрерменге жол тартты. Ұзақтығы – 90 минут. Режиссері Ернар Нұрғалиев. Актер құрамда Қанат Тасхан, Мансар Орынхан, Мақсат Бөбей, Ерболат Зарқұмов, Сафуан Рысбайұлы, Нышанбек Жұбанаев, Ерболат Әлқожаев, Салтанат Серкебаева бар.

Кинодағы кейіпкер Қанат енді әйелінің туыстарының мазағына шыдамайды. Ол Оңтүстік Қазақстандағы қайын жұртынан кетіп, елдің солтүстігіне аттанады. Онда Қанат кедей және қыстақта қалған ауылдың өмірін түбегейлі өзгертеді.

«ErkeБай»

Бұл кино 2024 жылдың 14 наурызында жарық көрді. Ұзақтығы – 75 минут. Жас шектеуі – 12+.  Режиссері – Ернар Нұрғалиев. Басты рөлдегі актерлер – Сырым Қашқабаев, Зарина Кармен, Расул Бауыржан, Əшім Ахметов, Еділ Анарбай.

Фильм ірі кәсіпкердің 10 жасар ұлын ұрлап, ақша талап етуді көздеген екі ұрлықшының оқиғасын баяндайды. Алайда олардың жоспары ойлағандай жүзеге аспай, күтпеген қиындықтарға тап болады. Еркебай алдын ала ойластырған айласы арқылы ұрлықшыларды қақпанға түсіріп, оларды тығырыққа тірейді. Жағдайдан шығудың жолы жоқтығын түсінген ұрлықшылар амалсыз баланың айтқандарын орындауға мәжбүр болады.

Кино барысында ұрлықшылар бірқатар қауіпті оқиғаларға тап болады. Олар баламен күресіп жүріп, өзінің өмірлік құндылықтары мен мақсаттарын қайта қарастыруға мәжбүр болып, өзгерістерге ұшырайды.

«Көке»

Аталған туынды 2024 жылдың 5 қыркүйегінен бастап бүгінге дейін кинотеатрларда көрсетіліп жатыр. Фильм ұзақтығы – 90 минут. Режиссері – Асылжан Абдумуталиб. Кинода Дулыға Ақмолда, Тұңғышбай Әл-Тарази, Айгүл Иманбаева, Баян Алагөзова, Сафуан Шаймерден, Даулет Исраил, Ержан Тусупов, Қайсар Қамза, Тауасар сынды актерлер өнер көрсетті.

Кино желісі бойынша 52 жастағы өмір бойы жолы болмаған Сепбек Дөкей Көкеұлының арқасында кенеттен әкім болып шыға келеді. Алайда Дөкейдің комаға түсуі Сепбектің жаңа өмірін құрдымға жібереді. Ол осы сәтті өзінің пайдасына шешуді көздеп, жерлеуді ақша табудың үлкен мүмкіндігіне айналдырады. Сепбек қоштасу рәсімін мұқият жоспарлап, бұл қайғылы оқиғаны жеке мүддесі үшін пайдалануға бел байлайды.

«Талақ»

Бұл кино елімізде 2024 жылдың 12 қыркүйегінен бастап көрсетіліп жатыр. Режиссері – Данияр Саламат. Фильм ұзақтығы – 100 минут.

Кино қазақтың көрнекті жазушысы Бейімбет Майлиннің «Талақ» және «Әже» шығармаларының желісімен түсірілген. XX ғасырдың 20-30 жылдарын бейнелейтін бұл туындыда елді күштеп колхоздастырудың салдары, сол кезеңдегі халықтың тұрмыс мәдениетінің өзекті мәселелері мен әйел тағдыры арқау болған. Басты рөлдерді танымал актер Ерболат Әлқожа, сондай-ақ жас актер Амира Омарова мен Аяна Бауыржанова сомдап шықты.

«Аруақ и аферист»

Бұл фильм жылдың 2024 жылдың 12 қыркүйегінен бастап көрсетіліп жатыр. Режиссері – Фархат Шарипов. Ұзақтығы – 90 минут. Жас шектеуі – 14+. Туындыда Құмар Лұқманов, Гүлнәр Сильбаева, Бақытжан Әлпейісов сияқты актерлер ойнады.

Кино желісіне сәйкес, орта жастағы қызметкер айналасындағыларды, яғни тұтынушыларын, бастығын, әйелін және балаларын үнемі алдап жүреді. Бірақ бір күні ол шектен шығып кетеді. Сөйтіп, кейіпкерді Аруақ бақылай бастайды, ол әр қадамын қадағалап, ана тілінде сөйлеуге үйретеді. Аруақ барлық істерге араласып, басты кейіпкерді ең ыңғайсыз жағдайларға душар етеді. Бұл – көңілді сәттер мен жеңіл комедияға толы фильм.

«Моя половина»

Аталмыш туынды күні кеше ғана, яғни 2024 жылдың 19 қыркүйегінен бастап кинотеатрларға шықты. Фильм ұзақтығы – 80 минут. Режиссері – Ақан Сатаев. Кинода Альмира Тұрсын, Дәстен Шәкіров, Динара Юнусова, Гайдар Гильманов, Шәріп Серік бой көрсетті.

Фильм ажырасу кезеңін бір үйде өткізіп жатқан бұрынғы екі ғашықтың оқиғасын баяндайды. Олар барлық реніштері мен жанжалдарды ұмытып, мәселелерін жеңе ала ма? Нақты жауабы кинода белгілі болмақ.

Түйін: Биыл жарық көрген отандық фильмдер қазақстандық киноиндустрияның қарқынды дамып келе жатқанын дәлелдейді. Бұл фильмдер тек мәдени құндылықтарымызды сақтау мен дәріптеу жолындағы маңызды құрал ғана емес, сонымен қатар экономикалық, әлеуметтік және халықаралық беделімізді нығайтуға ықпал етеді. Жыл сайын елімізде түсірілетін туындылар қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, ұлттық идеялар мен құндылықтарды насихаттауда айтарлықтай рөл атқаратыны анық.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға