Жаңалықтар

Қазақ хандығының атауы Англия құрған атластарда аталған - ғалым

Қазақ хандығының атауы Англия құрған атластарда аталған - ғалым
Фото: ҚР Сенатының баспасөз қызметі 17.05.2023 23:43 776

Парламент Сенатында «Қазақстанның үздіксіз мемлекеттігі тарих толқынында. XVI-XIX ғасырлардағы Еуропа және Америка карталарындағы Қазақ мемлекеті» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Еңбектің авторы – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазіргі заманғы зерттеулер институтының директоры, отандық ғалым Мұхит-Ардагер Сыдықназаров.

Тұсаукесер барысында ЕҰУ профессоры кездесуге қатысушыларға ғылыми зерттеулерінің нәтижелері туралы айтып берді. Профессордың айтуынша, Еуропа елдерімен және АҚШ-пен белсенді сауда-экономикалық, мәдени және дипломатиялық байланыстар орнату арқылы Қазақ мемлекеті ғасырлар бойы өзін сенімді серіктес ретінде көрсеткен. 

1465 жылы Қазақ хандығы құрылғаннан бері оның атауы Батыстың жетекші картографиялық баспалары, соның ішінде АҚШ, Бельгия, Англия, Франция, Италия, Германия құрған атластарда аталған. Еңбек 1562 жылдан 1879 жылға дейінгі кезеңді қамтиды және біздің мемлекеттілігіміздің дамуының негізгі кезеңдерін айқын көрсетеді. Бұл кітапта барлығы 130 карта бар, - деді кітап авторы.

Өз кезегінде Сенат депутаттары ғалымға заманауи ғылым үшін тарихи құндылық болып табылатын және қоғам үшін қазақстандық халықаралық саясаттың жаңа қырларын ашатын ауқымды зерттеу жүргізгені үшін алғыс айтты.

Айта кетуіміз керек, Еуропа мен АҚШ-тағы көпжылдық ғылыми зерттеулердің негізінде профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров кітапқа бұрын белгісіз жаңа ғылыми деректер массивтерін енгізген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға