Жаңалықтар

Қазақ ертегілері алғаш рет армян тілінде жарық көрді

Қазақ ертегілері алғаш рет армян тілінде жарық көрді
Фото: Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі 09.11.2023 04:24 637

Армения астанасында Қазақстан Республикасы күніне арналған іс-шаралар аясында алғаш рет армян тілінде жарық көрген қазақ халық ертегілері жинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елдің бас жоғарғы оқу орны – Ереван мемлекеттік университетінде өткен іс-шараға әдебиет пен өнердің, ғылым мен білімнің белгілі қайраткерлері, ғылыми-академиялық, саяси, іскер топтардың, дипломатиялық корпустың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Президент Әкімшілігінің Сыртқы байланыстар департаментінің басшысы Тигран Самвелян Армения Республикасы Президентінің атынан құттықтау сөз сөйлеп, қазақ ертегілерін армян тілінде аудару және басып шығару дипломатиялық ортада ерекше және сирек кездесетін оқиға екеніне тоқталды. Жас ұрпақты тәрбиелеу мен білім беру тұрғысынан атқарылған жұмыстың маңыздылығын ескере отырып, Президент Әкімшілігінің өкілі Қазақ ертегілерінің танымал кейіпкері Алдар-Көсе жақсылық пен әділеттіліктің көрінісі екенін, ал бұл жұмыстар балаларды ғана емес, жалпы Армения халқын да рухани тұрғыда байытатындығын айтты.

Бүгін мықты іргетас қаланды, ұсынылған жинақ біздің балалар мен ересектердің үстелдерінде ондаған немесе ғасырлар бойы болатынына сенімдімін. Ертегілер шекараны білмейді, – деп атап өтті Т.Самвелян.

Ереван мемлекеттік университетінің ректоры Оганесс Оганнисян Қазақ халық ертегілерінің жинағы Қазақстан Елшілігінің армян әдебиеттанушыларымен ынтымақтастығының арқасында жарық көрген төртінші іргелі басылым екенін атап өтті. Ол бұл кітаптың басылымы екі ел мен халықтар арасындағы мәдени-гуманитарлық және ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамыту мен нығайтуда ерекше рөл атқаратыны сөзсіз екендігін жеткізді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға