Жаңалықтар

Қазақ екенімді мақтан тұтамын - Димаш Құдайберген

Қазақ екенімді мақтан тұтамын - Димаш Құдайберген
Фото: instagram.com/kudaibergenov.dimash 18.09.2024 09:54 590

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Euronews телеарнасына сұхбат беріп, қазақ мәдениеті мен дәстүрлі музыкасын әлемдік сахнада танытуды өзіне міндет етіп алғанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол сұхбат барысында ұлттық құндылықтар, карьерасы жайлы ойын бөліскен. Сонымен қатар операны ғана емес, түрлі жанрда ән шырқауды таңдағанын алға тартты.

«Астана Опера» директоры жұмысқа шақырғаны есімде. Бірақ барлық жанрда қатар өнер көрсеткім келетінін білдім. Қазір опера айтқым келсе, өз концерттерімде айта беремін. Менде еркіндік бар. «Астана Операға» құрметім ерекше. Осыдан бірнеше ай бұрын арманым орындалды, себебі ұстазым Пласидо Доминго Еуропада бірге ән шырқауға шақырды. Ол кісі «мына арияға дайындалу үшін екі күнің бар» деді. Мен «жоқ» дей алмадым. Бес жасымнан бастап Пласидо Доминго және Павароттидің видеокассеталарын тыңдап өстім. Сол концерттер менің әнші болуыма әсер етті. Вокал жағынан ол кісілер үздік қой, - деді Димаш.

Димаш мәдениет пен музыка өмірінің бір бөлшегі екенін айтып, домбыраны атасы үйреткенін еске алды.

Егер сіз нағыз қазақ болсаңыз, онда міндетті түрде домбыра тартуды үйренуіңіз қажет. Қазір біздің мәдениетті әлемге паш ететін уақыт. Қазақстан - жас ел, небәрі 33 жаста. Ұлттық құндылықтарымызды әлемге көрсететін кез жетті, - деді ол.

Димаш өзінің бейнебаяндарында Қазақстанның көрікті жерлерін неліктен жиі түсіретінін де түсіндірді.

Қазақ екенімді мақтан тұтамын. Менің міндетім – әлемді еліміздің мәдениетімен, әуендерімен таныстыру. АҚШ, Еуропа мен Азия елдерінде 20 мың, 30 мың адамның алдында өнер көрсеттім, бұл менің қолдаушыларымның арқасы, - деді әнші.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға