Жаңалықтар

Қазақ дзюдосындағы басты үміт. Азиада қаһармандары Өзбекстаннан Қазақстанға қалай қоныс аударды?

Қазақ дзюдосындағы басты үміт. Азиада қаһармандары Өзбекстаннан Қазақстанға қалай қоныс аударды?
Фото: © Olympic.kz 02.10.2023 11:33 1859

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында дзюдо күресінен жүлде алған Абиба Әбужақынова мен Эсмигул Куюлова көрші тұрған. Қазіргі кезде екеуі Алматыда бірге пәтер жалдайды. Қазақ дзюдосындағы қыздар арасындағы басты үміт артатын спортшыларымыз туралы ХІХ жазғы Азия ойындарында жүрген El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі баяндайды.

Қазіргі кезде Өзбекстанның аумағына кіретін Бостандық ауданы, Табақсай ауылы талай талантты дүниеге әкелген. Тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедовтен бастап, бірнеше талантты этникалық қазақ спортшысы шыққан. Олардың арасында дзюдошы Абиба Әбужақынова мен Эсмигул Куюлова да бар. Ең қызығы, Абиба ізінен еріп келе жатқан балуанды Қазақстанға өзі алып келген.

Боксшы Сәкен Бибосынов, Эсмигул үшеуіміз көршіміз. Сәкен біздің үйдің артында тұрыпты. Ол кездері білмеген едім. Тіпті, руласпыз, аталас туыс та екенбіз. Кейіннен өзі айтты. Бәлкім ол бокспен айналысып жүрген соң, қатты білмеген шығармын. Ал Эсмигулді сіңілім ретінде жақсы көреміз. Екеуіміз татамиде бірге дайындалдық. Кейіннен Қазақстанға да өзім алып келдім. Ата-анасынан сұрап алдым, - дейді балуан қыз.

Қазір екеуі де бір бапкерде жаттығады. Жарыстарға Атырау облысының атынан қатысады. Елге келген соң да Атыраудың спорт басшылары Әбужақынова 2 миллион, Куюловаға 1 миллион теңге сыйақы берді.

Маған Атыраудан жаңа пәтер сыйлады. Оны ұзақ күттім. Сосын Алматыда пәтерім бар. Оны өзім ипотекаға сатып алдым. Айына 300 мың теңге несиесін төлеймін. Сол үйдің жөндеу жұмыстары бітсе, әрі қарай сол үйде тұрамыз. Оқуға түсірдім. Бірге тұрамыз. Бірге жаттығамыз. Жаттығу жиындарына бірге барамыз, - дейді дейді Абиба.

Қазақ дзюдосының жұлдызы Эсмигул күресіп жатқанда залдан барынша қолдау көрсетіп, керек кезде нұсқау да беріп жатты.

Сол кезде тіпті дауысым да қарлығып қалды. Белдесу басталмас бұрын өзбек қызының осал жерін айттым. Жоғары жағынан ұстап, әдіс жасаса, ол ештеңе істей алмайды, - дейді ол.

Эсимигул Азия ойындарында 63 келіде күресті. Қола жүлде үшін тартыста өзбек қызы Севинч Исоковадан жеңісті жұлып алды. Жоғарыда айтқанымыздай, Әбужақынова өзі нұсқау беріп тұрды.

  Абиба – құрбым емес, ол менің әпкем. Жаны ашып, қамқорлығын аямайды. Рахмет айтамын. Дауысын естідім, - дейді Куюлова.

Айта кетейік, осы жолы Әбужақынова Азия ойындарының финалында Жапония мықтысы, үш дүркін әлем чемпионы Натцуми Цунодаға есе жіберді. Енді ол Париж Олимпиадасына дейін тыңғылықты дайындалып, жапон балуанын жеңгісі келеді.

Қазіргі кезде әлемдік рейтингте жетінші орындамын. Бұйырса, алдағы жарыстарда оза шауып, төртінші орынға дейін көтерілуді қалаймын. Биыл жарақат алып, үш ай жарыстарға қатыса алмадым. Сол кезде рейтингте төмен түсіп кеттім, - дейді Абиба.

Бұл ақпараттың жарық көруіне қолдау жасаған - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға