Жаңалықтар

Қазақ Camry-дан бас тартып, Zeekr-ге көше ме? Автосарапшы пікірін білдірді

Қазақ Camry-дан бас тартып, Zeekr-ге көше ме? Автосарапшы пікірін білдірді
Фото: Әлеуметтік желі 16.11.2023 16:45 1041

Елімізде электр қозғалтқышы бар автокөліктер, ылтырғы жылдың желтоқсан айынан бері көбірек тіркеле бастаған. Биылғы қаңтар мен наурыз айлары арасында сатылған электромобиль саны да айтарлықтай артқан. Белгілі автошолушы Диас Нұрақын трендтегі көліктердің кемшілігін атады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жалпы, еліміз бойынша батареямен қозғалатын автокөліктердің басым бөлігі, яғни 1,2 мыңы не 63,9%-ы Алматыда тіркелген. Бұған қалада миллионер бизнесмендердің көбірек шоғырлануы себеп болғаны белгілі. Екінші орында – Астана қаласы, бірақ Алматымен салыстырғанда ел астанасында жүйткіп жүрген электромобильдер саны бәрібір аз – 249 ғана. Бұл тұрғыдағы жетекші өңірлер қатарына Алматы облысын да жатқызуға болады: 2023 жылдың 1 сәуіріндегі ақпаратқа сай, бұл облыста 100 шақты экоавто тіркелген. «Жасыл» көліктердің ең аз саны Ақмола (4), Ұлытау (4) және Солтүстік Қазақстан (2) облыстарында байқалған.

Ал сарапшы Диас Нұрақын қазір қазақстандықтар Zeekr автокөліктерін көптеп мініп жүргенін айтып, қазіргі ахуал туралы ойын бөлісті.

Қазақтың санасынан камри кетіп, орнын Zeekr баса ма деген сыңайдағы сантүрлі жазба оқыдым. Электромобиль деген жақсы ғой. Бірақ бір кемшілігі бар. Осыдан 20 жыл бұрын қазақ нарығына дизельмен жүретін көліктер кіре бастады. Ол заманда бензиннің литрі 80-90 теңге шамасында болатын. Ал, ДТ 40-50 теңге еді. Жұрт жаппай дарылдаған дизель көлік ала бастады. Қыста қатып қалады демесең, қалтаға үнемді. Тіпті 2010 жылдары соляркамен жүретін Делика, Патрол, Мистрал деген көліктер көшеде көбейіп кетті. Бірақ сол кезде ДТ-ға сұраныс көбейді, ішкі нарықты қамтуға шамамыз жетпей жатыр деген желеумен солярканың бағасын аспандатып жіберді. Қазір дизель отыны АИ-92 ден қымбат. Ал, әлгі дарылдақ дизель көліктердің көбі қара темірге, қалғаны ет жайғыш, құрт жайғыш болып тұр, - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, нарықта газ арзан кезде газбен жүретін көліктер көбейген.

Осыдан 5-10 жыл бұрын газбен жүретін көліктер пайда бола бастады. Себебі газ арзан еді. Әуелгі жылдары автогаздың литрі 23-27 теңге тұратын. Сұраныс артып, ол да ақырындап қымбаттап келеді. Елдің батыс өңіріндегі көліктердің 95 пайызы газ. Тіпті Матиз бен мопедке де орнатып алған. Екі жыл бұрын ГАЗ-50 деген ұранмен көшеге шығып, қырылып қалғанымыз да сол еді. Бірақ мұны министрлер тез ұмытқан сияқты. Енді Энергетика министрлігі автогаз бағасын бензин бағасымен теңестіруіміз мүмкін деп отыр. Сұраныс көбейген сайын ұсыныстың қымбаттайтыны нарық заңы, - деп түсіндірді Диас Нұрақын.

Автосарапшы электромобильдер көбейген сайын электр энергиясы қымбаттай түспек деп болжам жасады.

Соңғы бір жылда электромобильдер көбейді. Енді 5-10 жылда бензинмен жүретін көлікті тек музейден ғана көруіміз мүмкін. Экологиялық таза, арзан деген уақытша дүние. Ертең электр энергиясы жетпей жатыр деп оны да қымбаттады. Жарықтың әр килловаты 100-150 теңге дейін аспандауы да әбден мүмкін. Неге сумен жүретін көлік шығармайды деп ойлаушы едім. Енді ол арманнан айнып қалдым. Қара су да қымбаттап, шәй ішетін тамшы таппай қалмайық. Әр цивилизацияның өз өктемдігі болады,  - деп жазды Диас Нұрақын желідегі парақшасында.

Айта кетейік, қазіргі таңда облыс орталықтарының бәрінде электрлі көліктерді қуаттайтын қоғамдық станциялар бар деп айта алмаймыз. Сол себепті дәл қазір Қазақстанда электрокөліктер тек қалада жүруге арналған көлік түрі ретінде қалып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға