Қазақ балуандарының 2024 жылғы айтулы жетістіктері
Биыл қазақстандық балуандар үшін жыл табысты болды деуге болады. Жыл басынан бері өткен маңызды жарыстарда отандық бозкілем шеберлері тәуір нәтиже көрсетіп, өз әлеуеттерін әлемдік аренада дәлелдей алды. Осы орайда El.kz тілшісі спортшылардың биылғы аяқ алысына шолу жасап көрген еді.
2024 жылы күрес түрлерінен Қазақстан ұлттық құрамасының балуандары үшін жыл басындағы маңызды жарыс Азия чемпионаты болды. Көршілес қырғыз елінің астанасы Бішкекте 9-11 сәуір күндері өткен сары құрлық додасында қазақ балуандары 12 медаль иеленіп, жалпы есепте 12-ші орынға тұрақтады.
Мәселен еркін күрестен 86 келіде Азамат Дәулетбеков қырғыз топырағында Азияның үшінші мәрте чемпионы атанып мерейі тасыды. Бұдан бөлек, 67 келіде Асыл Айтақын, 97 келіде Ризабек Айтмұқан күміспен күптелсе, 57 келіде Мейрамбек Қартпай қолаға қол созды. Ал грек-рим күресінен 63 келіде Ержет Жарылқасынның айы оңынан туды. Ақпан айында ел чемпионатын ұтқан жамбылдық балуан Азия чемпионатында өз салмағының үздігі атанды. 87 келіде Нұрсұлтан Тұрсынов, 97 келіде Юсуф Мациев күміспен оралса, 77 келіде Ибрагим Магомадов қола жүлдені қанжығасына байлап қайтты.
Әйелдер күресінен 57 келіде Лаура Алмағанбетов, 59 келіде Диана Каюмова, 72 келіде Анастачия Панасович, 76 келіде Эльмира Сыздықова қола жүлдені еншілеп, медаль санын еселей түсті.
Бұдан кейін әлемдік лицензиялық турнирде жолдама алған спортшылар Париж Олимпиадасына аттанды. 2-8 тамыз күндері аралығында күрес бәсекесінде қазақ балуандарына бұйырғаны тек жалғыз қола жүлде болды. Бұл сында еліміздің әйелдер құрамасы жолдама ала алмағаны жанкүйерлердің көңіліне қаяу түсіргені рас. Бірақ бұл ол олқылықты грек-рим күресінің балуаны Демеу Жадыраевтың иеленген күмісі жуып-шайғандай болды.
Парижде өткен Олимпиада ойындарында қазақ балуандары тек жалғыз жүлде еншілегені баршаға белгілі. Ол грек-рим күресінен 77 келіде сын түскен Демеу Жадыраев еді. Франция астанасындағы ойындарда отандасымыз тартысты белдесулер өткізді.
Ол алғашқы белдесуінде Колумбия балуанымен кездесті. Оңтүстік Америка құрлығынан келген балуанды Жадыраев еш мүмкіндік берместен айқын ұтты. Ал бұған кейін ширек финалда жолы түйіскен қырғыз балуаны өте тегеурінді еді. Оны ұту Демеу үшін оңайға түскен жоқ. Бұл белдесуде Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы, қырғызстандық Ақжол Махмұдов бастапқыда бірден 7 ұпай иеленген еді. Алайда қазақстандық бапкерлер челленд тастағаннан кейін әдіс сапасы қайта қаралып, қырғыз балуаны иеленген 6 ұпай алынып тасталды. Дегенмен, бірінші кезең 1:0 есебімен Қырғызстан балуанының пайдасына шешілгенімен, екінші кезеңде Демеу өз әлеуетін толық пайдалана алды. Ол төрттағанда қарсыласын 2 ұпайлық әдіспен лақтырып, есепті 1:3-ке жеткізді. Осылайда ол кездесуде жеңіске жетті. Жартылай финалда Демеуге қарсылас атанған Әзірбайжан балуаны өте тегеурінді еді. Ол әлем біріншілігінің екі мәрте күміс жүлдегері Санан Сулейманов болатын. Дегенмен, бұл белдесуде Демеу басымдық танытып, сын сағатта мүлт кетпеді. Ал финалда жапон балуанымен күресте отандасымыз алғашқы айналымда басымдыққа ие болғанымен, екінші айналымда ол уыста тұрған жеңісті шығарып алды. Осылайша Демеу Жадыраев ХХХІІІ Жазғы Олимпиада ойындарынан күміс медальмен оралды.
Олимпиа ойындарынан кейін қазақ балуандары әлем чемпиоанттарында айтулы жеңістерге қол жеткізіп, жанкүйерлердің мерейін өсіре түсті. Мәселен, еркін күрестен ел тарихында алғаш рет әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұқан жастар арасында айшықты жеңістерге қол жеткізді. Отандасымыз Испанияда 20 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионатында 97 келіде топ жарды. Өткен жылы бұл сында ол 92 келіде белдесіп, күміс жүлдегер атанған болатын. Ал Тирана 23 жасқа декйінгі жастар арасында өткен сында Ризабек Айтмұқан 97 келіде тағы да мықты екенін дәлелдеді. 20 жастағы отандасымыз бұл сында өзінің үздік екенін дәлелдеумен қатар, жас санаты бойынша тегеурінді балуан екенін әлем жұртшылығына паш етті.
Албания астанасында 28-31 қазан күндері күрес түрлерінен олимпиадалық емес салмақ дәрежелері бойынша өткен әлем чемпионаты Қазақстан ұлттық құрамасы үшін табысты болды деуге толық негіз бар. Бұл сында еркін күрестен Нұрқожа Қайпанов 70 келіде әлем чемпионы атанды. Ол бес белдесудің төртеуін мерзімінен бұрын аяқтады. Айқын басымдықпен алға шыққан отандасымыз финалда жапон балуанын 5:3 есебін ұтты. Осылайша Қайпанов еркін күрестен ел тарихында әлем чемпионы атанған екінші балуан атанды.
Тиранадағы чемпионатта әйелдер күресінен Жәмила Бақбергенова өзінің спорттық жолындағы 4-ші жүлдесін алды. Айта кететін жайт, бұл сында Бақбергенова қатарынан 5-ші рет әлем чемпионатының жартылай финалына шықса, үшінші рет финалға өтті. Осылайша ол үш дүркін әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанды. Финалда ол жапон балуанымен күш сынасқан еді. Тіпті белдесу арасында 4:2 есебімен алға шыққан болатын. Өкінішке қарай, отандасымыз 8:6 нәтижесімен күншығыс елінің балуанына жеңісті беріп қойды. Осылайша Бақбергенова әлем чемпионатында үшінші рет финалда чемпион атану мүмкіндігін қарсыласына беріп қойды.
Биыл ақпан айында ел чемпионатында топ жарған грек-рим күресінің балуаны Ержет Жарылқасын жарқ ете қалған жаңа есім болды. Жамбыл облысының балуаны 63 келіде біріншілігінен соң сәуір айында Бішкекте өткен Азия біріншілігінде топ жарды. Ал Тиранадағы додада ол финалға дейін барлық қарсыласын уақытын бұрын ұтты. Өкінішке қарай, финалда Әзірбайжан балуанына 6:1 есебімен ұтылып қалып, күмісті місе тұтуына тура келді. Дегенмен, Ержеттің бұл жетістігі жоғары бағалауға лайық.
Айта кететін жайт, Тиранада әлем чемпионатын ұтқан балуандарға лайықты сыйақы да берілді. Мәселен, әлем чемпионы атанған Нұрқожа Қайпановқа «Сәду-Арена» еркін күрес академиясының негізін қалаушы Ерлан Қожасбай құны 50 мың долларлық қымбат көлік мінгізді. Сонымен бірге, Ержет Жарылқасынға Жамбыл облыстық күрес түрлері федерациясының президенті су жаңа «Тойота Камри 80» көлігін мінгізсе, оның жеке бапкері 3 млн теңге көлемін ақшалай сыйақыны табыстады. Жәмила Бақбергенов төртінші жыл қатарынан әлем чемпионатынан жүлде алғанына қарамастан, оған Астана әкімді бапкері екеуінің әрқайсысына 1 млн теңгенің сертификатын тапсырды.
Биыл 35 жасқа аяқ басқан Демеу Жадыраев та Париждегі жүлдесінен кейін бірқатар сыйлыққа ие болды. Оған өзі өнер көрсететін Алматы облысының әкімдігі, Жаркент кентінен баспана, қымбат көліктер тарту етілді.
Жалпы, биыл қазақ балуандары үшін Олимпиада ойындары жалғыз жүлдемен аяқталса да әлем біріншілігі сондай жоғары жетістік деуге болады. Дегенмен, алда отандық бозкілем шеберлері олимпиадалық салмақта әлем біріншілігін бағындырса деген тілек бар. Себебі, 2023 және 2024 жылдары әлем біріншілігінде чемпион атанған қос саңлағымыз Ризабек Айтмұқан (92 кг) мен Нұрқожа Қайпанов (70 кг) алда жаңа салмақта биікті бағындырады деген сенім мол.
Жалпы, бұған дейін қазақ балуандары әлем біріншілігінде бірнеше рет финалға шыққанымен, ұзақ жылдар бойы чемпион бола алмағаны белгілі. Мәселен, 1999 жылы Грекияда өткен әлем біріншілігінде грек-рим күресінен легионер Мхитар Манукян 66 келіде чемпион атанғаннан кейін Қазақстан балуандары тура 24 жыл бойы әлем біріншілігінен алтын ала алмағаны белгілі. Мәселен, 2008 жылы Жапонияда Жұлдыз Ешімова финалға шыққанымен, жеңіске жета алмайй күміспен күптелды. 2010 жылы легионер балуан Елена Шалыгина Мәскеуде өткен әлем чемпионатында алтынға қол жеткізе алмай, күміспен, оралды. Бұл көрсеткішті Ал 2011 жылы Алмат Кебіспаев Стамбулда өткен әлем чемпионатында шешуші сәтте алтынды уысынан шығарып алып, күміспен қайтты. 2012 жылы Канадада өткен әлем чемпионатында алтын алу мүмкіндігін Гюзель Манюрова қолдана алмады. Ал 2016 жылы олимпиадалық емес салмақ дәрежесінде өткен әлем чемпионатында батысқазақстандық Нұрлан Бекжанов 70 келіде финалға шыққан еді. Алайда ол шешуші белдесуде ресейлік балуанға ұтылып қалды. 2017 жылы әлем чемпионы атану мүмкіндігі грек-рим күресінің балуандары Мейрамбек Айнағұлов пен Демеу Жадраевта болды. Алайда қос саң саңлақ шешуші сәтте қарсыластарынан айласын асыра алмады. 2018 жылы легионер балуан Нұрислам Санаев күресіп, финалға жетті. Дегенмен, ол үмітті толық ақтамай күміске ие болды. Мұндай жетістітік 2019 жылы үш балуанымыз тағы қайталады. Мәселен, грек-рим күресінен Қорлан Жақанша 55 келіде күміс жүлдегер атанса, еркін күрестен Дәулет Ниязбеков пен Нұрқожа Қайпанов та алтынға қол жеткізе алмап еді. 2021, 2022 жылдары Жәмила Бақбергенованың күміс медаль алғанын біз жоғарыда айттық.
Міне, 24 жылға созылған күміс жүлдегерлер «үрдісін» 19 жастағы Ризабек Айтмұқан 2023 жылы осылай үзген еді. Енді алдағы сындарда күрестің өзге түрлерінен де балуандарымыз сенімді ақтап, биіктен көрінеріне күмәніміз жоқ.