Жаңалықтар

Қазақ әскерінің бүгінгі айбыны қандай?

Қазақ әскерінің бүгінгі айбыны қандай?
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 26.05.2023 16:48 1978

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қарулы күштерімізді заман талабына сәйкес жаңғыртуға тапсырма берді. Содан бері қорғаныс саласында бірқатар реформа жасалды. Әскерді күшейтуге мемлекет күш сала бастады. Құрылғына биыл 31 жыл толған қазақ армиясының сапында бүгінде 77 мың адам қызмет етеді. Оның 45 мың адамы әскерилер болса, әскери құрылымдарда  32 мың адам бар.

Қазақ әскерінің бүгінгі айбыны қандай? Сыртқы қатерлерге қарсы тұруға қаншалықты қабілетті? Қолға алынып жатқан әскери реформалар қандай нәтиже береді? Қазақстандық әскери сарапшы Аман Мәмбетәлиев El.kz тілшісінің сауалдарына жауап берді. 

– Қазақстан әскери қуаты бойынша әлемдік рейтингте 142 елдің ішінде 64-орында тұр. Бұл орташа көрсеткіш пе? Жалпы, елдің қорғаныс қабілетіне қандай баға берер едіңіз?

– Дүниежүзінде рейтингтің түрі көп. Әртүрлі институттар бар. Әскери журналдар өз рейтингін жасайды. Иә, Қазақстан әскері орташа деңгейде. Орта есеппен рейтингтерде еліміз 50-60 орындарда тұр. Бұл – орташа көрсеткіш.

Меніңше, рейтингтер ел  қорғанысына дәл баға бере алмайды. Өйткені, рейтинг көп факторларды ескереді. Әскер саны, ұрыстарға қатысқаны, тәжірибесі ескеріледі. Сондықтан мұны нақты баға деп қабылдамаймын.

Қазақ армиясы қорғанысқа құрылған деген пікірді жиі естиміз. Билік соңғы кездері қарулы күштерді күшейту туралы жиі сөз қозғап келеді. «Бейбітшілікті қаласаң, соғысқа дайын бол» деген тәмсіл бар. Қазір қолға алынып жатқан шаралар көңіліңізден шыға ма?

– Соңғы кездері әскери инфрақұрылымдар, әскери әдіснама, әскердің іргетасы қайта қарастырылу үстінде. Билік қорғаныс саласына баса назар аудара бастады. Қаражатты көбірек бөліп, әскери доктринаны өзгертіп жатыр. Соғыс жүргізу әдістемелері де електен өтті. Мұның бәрі – табиғи үрдіс.

Шыны керек, бізде біраз нәрсе өзгерді. КСРО ыдырағаннан кейін логотиптерден бастап соғыс әдіснамасы, соғыс жүргізу тәсілдері, бөлімшелер, құрылымдарға дейін бұрынғы қалпында қалып қойған еді. Енді реформа жүргізіліп жатыр. Мұны тоқтатпай, әрі қарай жалғастыра беру қажет.

Қазақ әскерінің бүгінгі айбыны қандай?

– Еліміздің қорғаныс министрі Қарабақ және Ресей мен Украина арасындағы соғысты зерттеп, заманауи соғысқа бейімделіп жатқанын меңзеді. Қазіргі соғыстың келбеті де өзгергендей. Дрондар, артеллерия мен зымырандардың шешуші рөл атқарып жүр.  Танктердің дәуірі өткендей көрінеді. Сіз бұған қандай пікір айтар едіңіз?

Иә, мұндай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жоғары лауазымды әскери тұлғалар өткізген брифингтерді қарайтын болсақ, бұл жайында жиі сөз болады. Қателеспесек, бұдан бір жарым жылдай бұрын елімізге Түркияның, Израильдің әскери технологиялары әкелінді. Бізде зауыт салынып, құрастырылу жұмыстары басталды. Дәл қазір қай деңгейде жұмыс жасалып жатқанын нақты айта алмаймын. Өйткені, бұл – әскери құпия. Сондықтан нақты ақпарат жоқ. Бірақ біраз шаруа атқарылып жатқаны анық.

Қазіргі заманауи соғыстардың әдіс-тәсілдері жіті зерттеліп жатыр. Десе де, посткеңестік елдердің бәріне ортақ дағдарыстың бір белгісі бар. Зерттелген нәрсе әдіснамаға сәйкес келмей отыр. Яғни, тәжірибе мен теория арасында қайшылық бар.

Бізде соғысты зерттейтін мамандар бар. Сараптама жазылады. Бірақ оны ескеріп, әдіснаманы өзгертіп жатқанын байқамадым.

Қазақстан халықаралық әскери ынтымақтасты нығайтуға ат салысып келеді. Мәселен, БҰҰ бітімгершілік сапында қазақ жауынгерлері қызмет атқарады. Түркиямен де әскери ынтымақтастық жақсы деңгейде. Бұл біздің әскердің тәжірибе алмасуына себеп бола ма?

Халықаралық әскери ынтымақтастыққа жоғары баға беріліп те жатыр. Бұл – дұрыс нәрсе. БҰҰ сапында болсын, басқа да бітімгершілік миссиялар болсын, Қазақстан әлемде бейбітшіліктің орнауына ат салысып келеді. Одан бас тартқан емес. Және сарбаздарымыздың қызметі жоғары бағаланып жүр.  

– Ел арасында Тұран әскери одағы құрылады деген сөзді жиі айтылады. Сарапшы ретінде айтсаңыз, мұндай ұйымның болашақта пайда болуы мүмкін бе?

– Тұран әскері туралы сөз қозғауға әлі ертерек. Интеграциялық үдеріс енді ғана басталып жатыр. Іргетасы енді ғана қаланды. Бұл өте ұзақ уақытты, күш-жігерді талап етеді.

Мәдени, тарихы байланыстан экономикалық қатынасқа енді ұласып келеді. Жүйе, легитимді алаң бір болған кезде ғана, әскери жүйелерді біріктіру мүмкін болмақ. Мәселен, Түркия әскері НАТО стандарттарына негізделген. Орталық Азия елдері Кеңестік стандарттарды ұстанады. Айырмашылық аспан мен жердей. Сондықтан түркі халықтарына ортақ әскери интеграция туралы айту оңай, бірақ жүзеге асыру өте қиын.

Турасын айтқанда, Тұран әскерін құру жақын болашақта мүмкін емес. Бұған түсіністікпен қарау керек.

Десе де, түркі елдерінің ынтымақтастығы артып келеді. Интеграция жақсы жүріп жатыр. Бірлесіп жиі әскери жаттығу өткізіп тұрады. Соңғысы Түркияда өтті. Оған Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан қатысты. Арнайы бөлімшелердің тренингі болды.

–  Қазақстан ҰҚШҰ ұйымына мүше. Ресеймен тығыз әскери ынтымақтастық ежелден бар. Қаруларымыздың дені Ресейден алынған. ҰҚШҰ-ға аймақтық мүшелік қауіпсіздігіміздің бір кепілі бола ала ма?

– ҰҚШҰ-да тәртібі қатаң бекітілген үрдіс бар. «Қазақстан әскері осы ұйымның аясында Украинадағы соғысқа қатыса ма?» деген түрлі арандатушы әңгімелер айтылып жатыр. Президент те, Қорғаныс министрі де бұған нақты пікір білдірген.

 – Кеңес дәуірінде әскери адамдарға қоғам қатты құрметпен қарайтын. АҚШ және басқа да Еуропа елдерінде қазір де солай. Әскери қызметтің қоғамдағы беделін арттыру үшін қандай шаралар қажет деп ойлайсыз?

– Рас, кеңес дәуірінде әскерге қатты құрмет көрсетілетін. Бұл идеологияға байланысты еді. Ол кез – «қырғи-қабақ» соғысының тұсы еді. Екі режимнің, екі идеологияның текетіресі қатты болды. «Әскери адам – халық қорғаны» деген идея халыққа кеңінен насихатталды.

Бізде 1990 жылдардан бастап ешқандай жанжал болған жоқ. Посткеңестік кеңістікте Тәжікстанда ғана азаматтық соғыс болды. Қарабақ қақтығысы көп ұзамай тоқтатылды. Керісінше, жаһандану, интеграция процестері жүрді. Экономикалық, мәдени байланыстар үрдісі пайда болды. Әскери бағытты дамытудың қажеті болмады. Бірполярлы әлем құрылды. Барлық жағынан АҚШ көшбасшы ел болды. Қақтығыстар да едәуір азайды. Сондықтан біздің мемлекет те әскерді күшейтуді мақсат тұтпады.

Елімізде идеология жаңа қалыптасып жатыр. Жас мемлекет болған соң, идентификациялық үрдіс жүріп жатыр. Тоқсаныншы жылдары көп адамдар өздерін КСРО-мен байланыстырса, қазір өзін «Қазақстан азаматтымыз» деп санайтын жаңа буын пайда болды. Олар өзін Қазақстанмен ғана байланыстырады. Мемлекеттен өзге азаматтық қоғам да өзгеріске түсіп жатыр.

АҚШ, Францияда, Ұлыбританияда ардагерлер одағы, ардагерлер ұйымдары – мемлекетпен байланысты емес қоғамдық ұйымдар. Сіз айтқан мәселе – солардың жұмысының нәтижесі.

– Сұхбатыңызға көп рахмет!  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға