«Қазақ аруы-2025»: талдықорғандық бойжеткен жеңімпаз атанды
Алматыда өткен «Қазақ аруы-2025» ұлттық сұлулық сайысында Талдықорғанның намысын қорғаған Дәрия Қуатжан бас жүлдені иеленді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жеңімпазды анықтау ашық дауыс беру арқылы жүргізілген. Нәтижелер жобаның Instagram-дағы ресми парақшасында жарияланып, финал қорытындысында Дәрия Қуатжан 26 376 дауыс жинап, негізгі қарсыластарының бірі Диана Қырымды (13 160 дауыс) айқын басып озды. Ал үздік үштікке 11 045 дауыс еншілеген Дариға Рахым кірді.
Дәрия Қуатжан - жас кәсіпкер әрі дизайнер. Ұйымдастырушылар оның шығармашылығы ұлттық өнерге, дәстүрлі ою-өрнектерге негізделетінін, ал өзі осы бағыт арқылы «қазақ мәдениетінің болмысын көрсетуге» талпынатынын атап өтті.
Байқаудың негізгі мақсаты - қабілетті жастарға қолдау көрсету, қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдени мұрасын дәріптеу.
Еске сала кетсек, өткен жылы бұл атақ Қызылорда облысынан шыққан 17 жастағы Ақкербез Ысқаққызына бұйырған еді.

