Жаңалықтар

Qazaq Air әуе компаниясына тексеріс жүргізіледі

Qazaq Air әуе компаниясына тексеріс жүргізіледі
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 28.12.2023 18:29 659

Қазақстанның авиация әкімшілігі Qazaq Air әуе компаниясына кешенді тексеріс жүргізеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттіг Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.

Жақын арада ұшу қауіпсіздігін, авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ ұшу реттілігін бақылау тұрғысынан әуе компанияға кешенді тексеріс жүргізу жоспарланып отыр, - делінген хабарламада.

27 желтоқсан сағат 11.00-де Астана-Талдықорған бағыты бойынша IQ -429 рейсі ұшуға тиіс болған. Алайда рейс ауа райына байланысты 14.30-ға дейін кешіктіріліп, кейін ұшақтағы техникалық ақауға байланысты тоқтатылды. "Qazaq Air" әуе компаниясының рейстерді уақтылы орындауы және көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты жолаушылар тарапынан шағымдардың артуына байланысты "Қазақстанның авиация әкімшілігі" АҚ инспекторлары "Bombardier-Q400" әуе кемесіне жоспардан тыс жедел перрондық тексеріс жүргізді.

Ұшу уақытын күткен жолаушыларға алкогольсіз сусын берілді. Рейстің тоқтатылуына байланысты барлық жолаушыға қолданыстағы заңнамаға сәйкес әуе билетінің құнын толық қайтару немесе алдағы күндерге қайта брондауды ресімдеу ұсынылды. 22 жолаушының билеттері 28 желтоқсанда Астана – Алматы бағыты бойынша қайта брондалды, 5 жолаушының билеті 29 желтоқсанда Астана – Алматы бағыты бойынша рейске қайта брондалды, - деп мәлімдеді комитеттен.

Тексеріс барысында авиация инспекторлары рульдеу кезінде әуе винтінің жылыту жүйесінен ақау шыққанын анықтады. Анықталған ақау жойылғаннан кейін ұшақ ұшуға жіберілді. Осыған байланысты әуе кемесі 2023 жылғы 27 желтоқсанда сағат 19.52-де Астана-Петропавл бағыты бойынша IQ – 437 рейсін орындады, деп атап өтті комитет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға