Жаңалықтар

Қайырымдылық – қанымызда бар қасиет

Қайырымдылық – қанымызда бар қасиет
Фото: © Pixabay.com 15.03.2024 17:30 1263

Президент тапсырмасымен елімізде «Наурызнаманың» жаңа концепциясы әзірленіп, «Жыл басы» 10 күн бойы тойланатын болды. Мерекелік күнтізбеге сәйкес, 15 наурыз «Қайырымдылық күні» деп бекітілді. 

«Қайыр қылсаң, бүтін қыл» дейді қазақ. Иә, жығылғанға тіреу, сүрінгенге сүйеу, қиналғанды демеу – бойымызға баба қанымен дарыған қасиет. Ол адамның материалдық құндылықтарға қарағанда, рухани байлыққа жақындығын білдіреді. Себебі қайырымды болу - екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік. Бірі игі істерді жан дүние қалауымен жасаса, енді бірі Алла разылығы үшін жомарт болады.

Қайырымдылық – өзгелерге қайтарымсыз, артық ойсыз жасалған жақсылық.

Бүгінде Қазақстанның қайырымдылық көрсеткіші жылдан жылға жақсарып келеді. Оған халықтың ойлау өрісінің кеңеюі мен билік саясатының алға ілгерілеуі ықпал етіп отыр.

Қайырымдылықтың бүкіләлемдік индексі нәтижесіне сәйкес, 2021 жылы Қазақстан 114 орынның 98-іншісіне жайғасты. Аталмыш индекс құрамдастырылған көрсеткіш болып табылады. Ол әлем елдерінің жетістіктерін бұқара халықтың қайырымдылық көмекке көзқарасы тұрғысынан өлшенеді. Индекс зерттелуші елдердегі қала тұрғындарынан алынған сауалнама нәтижесінде анықталды. Сауалнама қорытындысы адамдардың ақшалай жәрдем етуі, қайырымдылық көмекке атсалысуы және отандастарымыздың волонтерлық қызметке деген көзқарасы тұрғысынан жасалды.

Мәселе ақшалай көмек көрсету ғана емес, мұқтаж жандарға өзгеше де көмек қолын созу дегенді білдіреді. Қайырымды елдер рейтингісінде мемлекет неғұрлым жоғарғы орында болса, соғұрлым елдің жомарттығын аңғаруға болады. Сәйкесінше, «қолы ашық» мемлекеттер тізіміндегі ең төменгі орында игі істермен мүлдем айналысқысы жоқ елдер тұрақтайды. 

Жыл сайын қайырымдылық қорларының, ұйымдарының саны өсіп, оған сәйкес іске асырылып жатқан бағдарламалар саны ұлғайып келеді.

Еліміздегі қайырымдылық қорларын шартты түрде бірнеше түрге бөлуге болады. Олар: әлеуметтік жобалар, денсаулық сақтау саласын қолдау, мәдениет пен білім беру, балаларға көмек, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсету, қарттарға, жануарларға қол ұшын созу.

Қайырымдылық қорлары көп жағдайда қолы ашық меценаттар мен демеушілер тарапынан қаржыландырылады.

Алайда қазақстандықтар осы тектес іс-шараларға қатысуға қайырымдылық қорлары туралы нақты ақпараттардың аздығынан бас тартып жатады. Сол себепті бүгінде халық арасында жаңсақ пікір қалыптаспас үшін, «Egov.kz» сайтында қайырымдылық ұйымдарының толықтай тізімі жасақталған.

2022 жылғы санақ бойынша елімізде  ресми түрде 35 қайырымдылық қоры тіркелген. Олардың бірі ата-ана қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік жағынан қорғалмаған дарынды балаларды, мүмкіндігі шектеулі және денсаулығында кінәраты бар бүлдіршіндерді қолдауды мақсат етеді. Ал екіншілері әр түрлі саладағы білім алып жатқан талантты студенттер, ғалымдар, зерттеушілерді қолдау арқылы еліміздің интеллектуалды потенциалын дамытуға бет бұрады. Мемлекет басшысының қолдауымен 2022 жылы «Қазақстан Халқына» қоғамдық қоры да өз қызметін бастаған болатын. Сондай-ақ қайта қалпына келтіру орталықтарын тұрғызу, азаматтарға психологиялық және әлеуметтік адаптация жасауға қолдау білдіретін арнайы қорлар да жұмыс жасайды. Қиын кезеңдерді бастан кешіп жүрген отбасыларға заң тұрғысынан көмек көрсететін ұйымдар да бар. 

Біздің қордың мақсаты – тиімді қайырымдылықты ұйымдастыру. Соңғы 10 жылда қор балалар арасындағы мүгедектікті  азайту жолында аянбай еңбек етіп келеді. Серіктестерімізден келген қаражаттардың 100 пайызын еліміздің перинаталды және ғылыми орталықтарына медициналық құрылғыларды алуға жұмсаймыз. Мемлекетке денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге барынша атсалысамыз. Тәжірибе алмасамыз. Бүгінде Денсаулық сақтау министрлігімен серіктестік жөнінде 3 меморандумға қол қойылды. Олардың әрқайсысы тамаша нәтиже көрсетіп отыр, - деді «Ayala» қайырымдылық қорының коммуникациялар жөніндегі вице-президенті Наталья Еськова.

Осы тұрғыда қайырымдылық дүкенін ашып, мұқтаж адамдарға көмектесуді өмірлік мақсаты еткен астаналық кәсіпкер туралы да айта кеткен жөн.

Қайырымдылық дүкенін ашу идеясы 2020 жылы пандемия кезінде келді. Жұбайым киілмей жатқан көйлектерін тапсырмақ болып, арнайы қорға барғанда мұқтаж адамдардың саны көп екенін айтып келді. Сол кезден бастап шын мәнінде көмекке зәру азаматтарға қаржылай болмаса да, киім-кешек тұрғысынан қолдау беруді шештік. Өзін-өзі ақтай алатын, тәуелсіз, сондай-ақ жалға беру бағасын көтеретіндей дүкен ашуды ұйғардық. Осылайша, 100 теңгеден 5000 теңгеге дейін баға категориясын қойып, сатылымды бастап кеттік. Бүгінде қайырымдылыққа бет бұрғанымызға 4 жылдың қарасы болды. Мақсатымыз - брендтік киімдерді киюді әр азаматқа қолжетімді ету. Сондай-ақ басында тұрмыстық жағдайы төмен отбасылар, жетім балалар, көпбалалы отбасыларға ай сайын  5000 теңге көлемінде депозит ашып, тегін киім-кешек тарата бастадық. Уақыт өте екінші, үшінші дүкеніміз ашылды. Кейіннен депозиттік жүйемізді жауып, масштабты түрде көмектесе бастадық. Яғни үлкен жүк көліктеріне киім-кешектерді тиеп, ауыл-аймақтарға, қоғамдық қорларға, ұйымдарға жолдадық. Бүгінде біздің 8 қайырымдылық және 1 әлеуметтік дүкеніміз бар. Ең үлкен тегін дүкенімізді былтыр аштық. Киім тапсыруға ыңғайлы болу үшін қала бойынша 50 бокс салдық. Олар сауда орталығы, дүкендер, оқу ғимараттарында, университет қабырғаларында орналасқан. Біздің басты мақсатымыз – елімізде киілген киімдерді қайта өңдейтін фабрика немесе цех ашып, киім-кешектерге «жаңа өмір», «жаңа дем» беру, - дейді 2Life қорының негізін қалаушы Дәулет Керейбаев.

Қайырымдылық жасау көп күш-жігерді немесе үлкен дүниені талап етпейді. Бастысы жүрегіңіз мейірімге, адамгершілікке, эмпатияға толы болса болғаны.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға