Қайсысы пайдалы: қара кофе ме, әлде латте ме?
Кофеге қант пен сүт қосу оның адам денсаулығына тигізетін пайдалы әсерін айтарлықтай әлсіретуі мүмкін. АҚШ-тағы Тафтс университеті мен Бригхэм әйелдер ауруханасының ғалымдары осындай қорытынды жасады. Ал зерттеу нәтижелері Journal of Nutrition ғылыми журналында жарияланған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Зерттеу қалай жүргізілді?
Ғалымдар АҚШ-тың Ұлттық денсаулық және тамақтану зерттеуінің (NHANES) 1999-2018 жылдар аралығында жиналған деректерін талдаған. Зерттеуге 46 мыңнан астам ересек адам қатысқан. Алынған мәліметтер Ұлттық өлім индексінің есептерімен салыстырылып, кофені тұтыну мен өлім қаупі арасындағы байланыс зерттелді.
Негізгі мақсат – кофенің бұрыннан белгілі қорғаныштық әсері оған қант, сүт немесе кілегей қосылғанда өзгеріске ұшырай ма деген сұраққа жауап табу.
Қатысушылар кофені бірнеше санат бойынша тұтынған:
– кофеині бар немесе кофеинсіз;
– қант қосылған немесе қантсыз;
– қаныққан майлары бар (сүт, кілегей қосылған) немесе қоспасыз.
Салыстыру үшін мүлде кофе ішпейтін адамдар бақылау тобы ретінде алынды.
Нәтижесі қандай?
Зерттеу нәтижесі күніне бір кесе кофе ішу мезгілсіз өлім қаупін 16 пайызға төмендететінін көрсетті. Ал күніне 2-3 кесе кофе тұтынатын адамдарда бұл әсер тіпті айқынырақ байқалған.
Алайда бұл пайдалы әсер тек қара кофе мен қоспасы аз сусындарға тән болып шықты. Егер бір кесе кофеде 2,5 грамнан артық қант немесе 1 грамнан көп қаныққан май (сүт, кілегей) болса, кофенің қорғаныштық қасиеті едәуір төмендейтіні анықталған.
Қант қосылған кофенің айырмашылығы бар
Зерттеушілердің айтуынша, сүт пен қант мөлшері көп кофе түрлері, яғни латте, фраппучино сияқты танымал сусындар сол оң нәтижені көрсетпеген. Бұл дегеніміз мұндай кофелер қара кофе сияқты денсаулыққа пайдалы әсер бермейді деген сөз.
Қорытынды
Ғалымдардың тұжырымына сүйенсек, кофенің адам өмірін ұзартуға ықпал ететін әсері бар, бірақ ол қоспасыз немесе қоспасы аз күйде тұтынылғанда ғана сақталады. Ал артық қант пен май қосу оның пайдалы қасиетін әлсіретіп, тіпті жойып жіберуі мүмкін. Сондықтан кофе ішкенде оның қалай дайындалатынына да мән берген жөн.

