«Қайраттың» негізгі қақпашысы командадан кетті
«Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин алматылықтардың негізгі қақпашысы Александр Заруцкийдің командадағы келісімшарты ресми түрде аяқталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Отандық маман бұл ақпаратты «Қайрат» пен «Олимпиакос» арасындағы ойын алдындағы баспасөз жиынында растады.
Иә, Александр Заруцкий елордаға бірге келген жоқ. Себебі, келісімшарты аяқталды, - деп қысқаша жауап берді.
Еске сала кетейік, Заруцкий сырт алаңдағы «Селтикке» қарсы матчта ауыр жарақат алып, содан бері алаңға шықпаған болатын. Ал қарымта кездесуде оның орнын Темірлан Анарбеков басты.
Заруцкий Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде жоғары деңгейдегі ойынымен көзге түсті. Іріктеу матчтарында бірнеше маңызды сейв жасап, пенальти сериясында да команданы талай рет құтқарған. Сол арқылы «Қайраттың» негізгі кезеңге жолдама алуына елеулі үлес қосты.
32 жастағы қақпашының нақты қай ұжымға баратыны белгісіз болып тұр. Дегенмен, қазірдің өзінде Заруцкийге қызығып отырған командалар саны жетерлік. Соның ішінде Ресей чемпионатынан да бірнеше ұсыныстар түскен.

