«Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы жорығы сәтсіз басталды
Алматының «Қайрат» клубы Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде сырт алаңда Португалияның «Спортинг» клубымен кездесті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ойын Лиссабондағы «Жозе Алваладе» стадионында өтті. Кездесуді Польшадан келген төреші Дамиан Сильвестжак бастаған бригада басқарды.
Бастапқы құрамдар
«Спортинг»: Виржиния, Кенда, Гонсалвеш, Кочорашвили, Тринкан, Араухо, Фреснеда, Инасиу, Юльманн, Куарежма, Суарес.
«Қайрат»: Қалмұрза, Мата, Қасаболат, Жоржиньо, Сәтпаев, Мартынович, Арад, Тапалов, Мрынский, Громыко, Сорокин.
Ойын барысы
Бірінші тайм толықтай алаң иелерінің басымдығымен өтті. Олар бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырды, алайда 24-минутта қақпашы Шерхан Қалмұрза Мортен Юльманн соққан пенальтиді қайтарып, командасын құтқарып қалды. Дегенмен үзіліске санаулы минут қалғанда Франсишку Тринкан (44-минут) алыстан соққы жасап, есеп ашты.
Екінші тайм басында алматылықтар белсенді ойнап, Еркін Тапалов пен Дастан Сәтпаев есепті теңестіруге жақын болды. Бірақ Қалмұрзаның қателігінен кейін Луис Суарес баспен тепкен доп қақпа маңдайшасына тиді.
Қазақстан чемпионы таразы басын теңестіруге тырысқанымен, сәттілік жетіспеді. Жоржиньо жүз пайыздық мүмкіндікті пайдалана алмады. Ал 64-минутта Тринкан айып алаңына өтіп, дубль жасады. Екі минуттан соң (66) Алиссон Сантос алыстан соққы жасап, есепті ұлғайтты. Одан кейін Джовани Кенда (68) қарсылас қорғаушыларын алдап өтіп, төртінші голды енгізді. Соңғы нүктені Эдмилсон қойды (86) - 4:1.
Келесі ойын
30 қыркүйекте «Қайрат» өз алаңында мадридтік «Реалды» қабылдайды.
Есеп:
«Спортинг» (Лиссабон, Португалия) — «Қайрат» (Алматы, Қазақстан) — 4:1 (1:0)
Голдар: Тринкан (44, 64), Сантос (66), Кенда (68) — Эдмилсон (86).

