Алматы қаласы әкімдігі

"Қайрат" - "Реал": Ойыннан кейін стадионнан тегін автобустар жүреді

Алматы қаласының әкімдігі Орталық стадион «Қайрат» – «Реал Мадрид» ойынына жанкүйерлерді қабылдауға толық дайын екенін мәлімдеді. Матчтан кейін жанкүйерлердің ыңғайлылығы үшін тегін автобустар жүреді, сонымен қатар метро уақыты ұзартылады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Тарихи ойынға орай Орталық стадионның ішкі безендірілуіне ерекше мән беріліп, трибуналар жаңартылған. Алматы қаласының сәулетіне сәйкес жаңа көркем суреттер жасалған. Жанкүйерлердің жайлылығы үшін 1,5 мыңнан астам орындық ауыстырылып, 60 биотуалет орнатылды.

Ойын кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Алматы қалалық Полиция департаментінің 2 382 қызметкері жұмылдырылады.  

Кіру-шығу бекеттерінде металл іздегіш құрылғылар мен қол сканерлері қойылған. Стадион аумағында жедел жәрдем көліктері мен өрт сөндірушілер кезекшілік етеді. Сондай-ақ эвакуация жоспары мен хабарландыру жүйесі тексерілген.

Ойыннан кейін жанкүйерлердің үйлеріне ыңғайлы жетуі үшін 60 автобус ұйымдастырылады. Қозғалыс Абая, Сәтбаев және Байтұрсынов көшелері бойымен жүреді. Автобустар мына алты бағыт бойынша қатынайды:

Орталық стадион – «Алматы Арена» (батыс бағыт);

Орталық стадион – Райымбек/Алатау (батыс бағыт);

Орталық стадион – Алматы-1 теміржол вокзалы;

Орталық стадион – Орбита ықшам ауданы;

Орталық стадион – Жұлдыз ықшам ауданы (шығыс бағыт);

Орталық стадион – Әуежай (шығыс бағыт).


Бұдан өзге қала метрополитенінің жұмысы түнгі 01:00-ге дейін ұзартылатын болды. Матч өтіп жатқан уақыт ішінде жолаушыларды қауіпсіз әрі сапалы өткізу мақсатында «Байқоңыр» және «М.Әуезов атындағы театр» станцияларында қызметкерлер құрамы күшейтіледі.