Жаңалықтар

«Қайрат» Қазақстанның төрт дүркін чемпионы атанды

«Қайрат» Қазақстанның төрт дүркін чемпионы атанды
Фото: «Қайрат» ФК 10.11.2024 16:35 718

Қазақстан премьер-лигасының соңғы турында чемпион анықталды. Негізгі талас Астана мен Алматы клубтарының арасында болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Соңғы турда алматылықтардың чемпион атануы тек өздеріне байланысты болса, мұның алдында «Астана» «Тобылдан» жеңіліп, жағдайын күрделендіріп алды. Сондықтан чемпиондықтың тағдыры соңғы сәтке дейін белгісіз болды. Жанкүйерлердің бұл күнді асыға күткені де рас.

«АСТАНА» — «ЖЕТІСУ»

Алаңға мына ойыншылар шықты:

«Астана»: Чондрич, Вороговский, Калаица, Казуколовас, Бартолец, Эбонг, Аманович, Грипши, Камара, Томасов, Чинеду;

«Жетісу»: Сүюқаев, Ткаченко, Чарльстон, Карвот, Қалмырза, Балтабеков, Караман, Мужиков, Үсенов, Шрамченко, Жұмабек.

Бірінші таймнан соң «Астана» көш басында тұрғанымен, «Қайрат» «Атырауды» жеңіп, осымен төртінші рет Қазақстан чемпионы атанды.

«Астана» Алматыда Талдықорғанның «Жетісу» клубымен кездесіп, тас-талқан етіп ұтты - 5:0. Осылайша, 46 ұпаймен екінші орынға ие болды. Бар назарды осы матчқа аударған елордалықтар қарсыластарын аямады. Тіпті бірінші таймның өзінде қақпасына жауапсыз бес гол жіберді. Ал екінші таймда алаң иелері күш салмады, соның өзінде осы есеп сақталып қалды «Астана Аренада» жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, елордалықтар барлық ойынын Алматыда өткізуге мәжбүр болғанын айта кетейік.

«Астана» — «Жетісу» – 5:0 (5:0)

Голдар: Чинеду - пенальтиден 7 (1:0), Грипши - пенальтиден 18 (2:0), Томасов 25 (3:0), Ткаченко - автогол 31 (4:0), Бартолец 41 (5:0).

«АТЫРАУ» - «ҚАЙРАТ»

Бірінші тайм тең дәрежеде өрбіді, қонақтар қанша тырысып бақса да, мұнайлы өлке клубының қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Екінші таймда жанкүйерлер жалғыз голдың куәсі болды, оның өзі пенальтиден соғылды. Алматылықтар сапынан Жоао Пауло қарсыластың айып алаңында құлап қалды, төреші пенальти белгілеп қана қоймай, алаң иелерінің ойыншысы Никита Степановты алаңнан қуды. Тіпті VAR-ды да қараған жоқ — 0:1. Осылайша, бұл есеп ойын соңына дейін сақталып, «Қайрат» клубының чемпион атануына жеткілікті болды.

Дегенмен бұл жайт чемпиондық атақтан соңына дейін үміт үзбеген «Астана» клубының көңілінен шыққан жоқ. «Астана» клубы бас бапкерінің көмекшісі Александр Москаленко Премьер-лиганың соңғы турын қорытындылап,  төрешілердің алматылықтарға бір бүйрегі бұрғанын алға тартты.

Не айтайын? Біз «Атырау» – «Қайрат» матчын қатар қарап отырдық. Бәріңіз көрдіңіздер, төрешілер бізге чемпион атануға мүмкіндік бермей қойды. Басқа айтарым жоқ, – деді Москаленко.

«Атырау» - «Қайрат» – 0:1

Гол: Гиорги Зария, 59 (пенальтиден)

Ескерту қағаздары: Игорь Стасевич 16, Олжас Керімжанов 36 – Валерий Громыко 32, Офри Арад 41

Алаңнан қуылды: Никита Степанов 58

«Атырау»: Егор Хаткевич (Қ) – Сослан Такулов​ (Ринат Жұматов 65), Никита Степанов, Олжас Керімжанов, Әділбек Жұмаханов, Геворг Наджарян​ – Наурызбек Жагоров, ​Якоб Новак (Матеус Барбоса 84), Игорь Стасевич, Хусрав Тоиров (Джоэль Каямба 66) – Николай Сигневич;

Қосалқы құрам: Нұрасыл Тоқтаров (В), Владислав Саенко (В) – Ади Адамбаев – Александр Нойок, Ерсұлтан Қалдыбеков, ​Аслан Әділ – Карим Смыков, Темірлан Жиенәлиев, ​Едіге Оралбай;

Бас бапкер: Виталий Жуковский.

«Қайрат»: Вадим Ульянов (В) – Иброхимхалил Юлдошев, Егор Сорокин, Александр Мартынович, Еркебұлан Сейдахмет (Александр Мрынский 90+4) – Валерий Громыко, Офри Арад, Гиорги Зария (Вячеслав Швырев 80), Юг Станоев – Жоао Пауло, Элдер Сантана;

Қосалқы құрам: Данил Устименко (В), Ильдар Меңдіғалиев (В) – Сұлтан Асқаров, Лев Кургин, Дамир Қасаболат, Олжас Байбек – Дмитрий Сергеев, Мирас Оматай, Арсен Буранчиев, Андрей Ульшин;

Бас бапкер: Рафаэль Уразбахтин.

Төрешілер: Тевяшов Денис (Орал), Филипчук Евгений (Шымкент), Мыңбаев Әліер (Қаратау)

VAR-дағы төреші: Чеховский Георгий (Астана)

AVAR-дағы төреші: Кучма Антон (Көкшетау)

Қосалқы төреші: Сұлтанғалиев Руслан (Атырау).

Ал айтулы жеңістен соң «Қайрат» клубының бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев клубтың басты мақсат-міндеттері туралы сөз қозғады.

Біздің жыл сайынғы міндетіміз біреу және ол өзгермейді. Биыл академия бойынша өте жақсы көрсеткіштерге ие болдық. Маусым ортасында өзгертулер жасап, шетелдік футболшылар көбірек ойнай бастады, тиісінше бұл өз нәтижесін берді.

Келесі маусымда Чемпиондар лигасында ойнаймыз, еурокубоктарда ойнап жатсақ, қосалқы құрамды жібермейміз. Бар ойыншылармен өнер көрсетеміз, - деді Боранбаев.

Енді «Қайратты» салтанатты марапаттау рәсімі және Премьер-лигадағы жеңіс үшін берілетін алтын медальдарды тапсыру 11 қараш күні Алматыдағы Орталық стадионда өтеді.

Футболдан Қазақстанның барлық чемпионы:

«АСТАНА» - 7 рет чемпион атанған - 2014, 2015, 2016, 2017, 2018, 2019, 2022 жылдары;

«АҚТӨБЕ» - 5 рет чемпион атанған – 2005, 2007, 2008, 2009, 2013 жылдары;

«ЕРТІС» - 5 рет чемпион атанған – 1993, 1997, 1999, 2002, 2003 жылдары;

«ҚАЙРАТ» - 4 рет чемпион атанған – 1992, 2004, 2020, 2024 жылдары;

«ЕЛІМАЙ» – 3 рет чемпион атанған – 1994, 1995, 1998 жылдары;

«ЖЕҢІС» – 3 рет чемпион атанған – 2000, 2001, 2006 жылдары;

«ТОБЫЛ» - 2 рет чемпион атанған – 2010, 2021;

«ШАХТЕР» - 2 рет чемпион атанған – 2011, 2012 жылдары;

«ТАРАЗ» - 1 рет чемпион атанған – 1996 жылы;

«ОРДАБАСЫ» - 1 рет чемпион атанған – 2023 жылы.

Сонымен қатар биылғы біріншіліктің үздік сұрмергендері де анықталды. Осылайша, ең көп гол соққан футболшылар тізімінде Жоао Пауло («Қайрат»), Ислам Чесноков («Тобыл») пен Николай Сигневич («Атырау») көш бастады. Олардың барлығы маусым барысында он голдан өз еншілеріне жазған.

Өз кезегінде «Қайраттың» сұрмергені Жоао Пауло барша жанкүйеріне алғыс білдіріп, командасын жеңіспен құттықтады.

Барлығына алғысымды жеткізгім келеді. Ең алдымен бізді қолдау үшін Атырауға арнайы келген жанкүйерлерге көптен-көп рахмет. Сонымен қатар біздің командаға соңына дейін сенген адамдарға да мың алғыс. Әрине, оңай болған жоқ. Бірақ біз бүгін тура жолда болғанымызды көрсеттік, соның арқасында бұл жеңісті «Қайрат» тарихына ойып тұрып жаздық, - деді шабуылшы.

Осылайша, 47 ұпай еншілеген «Қайрат» Қазақстанның төрт дүркін чемпионы атанса, еншісінде 46 ұпайы бар «Астана» күміс жүлдегер атанды. Ал ҚПЛ-ның қола жүлдегері атағы «Ақтөбеге» бұйырды, бұған дейін олар Қазақстан кубогында жеңіске жеткен. Одан бөлек «Ордабасы» төртінші орын иеленіп, еурокубокқа жолдама алды.

2025 жылғы жазда «Қайрат» Чемпиондар лигасында ойнаса, «Астана», «Ақтөбе» мен «Ордабасы» Конференция лигасында бақ сынайды.

Ал «Шахтер» өз тарихында тұңғыш рет ҚПЛ-дан шығып қалды. Есесіне бірінші лигада болған «Оқжетпес» пен «Ұлытау» келесі маусымда жоғары лигада өнер көрсетеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға