«Қайрат» пен «Реал» кездесуі: тарихи матч, тарихи мүмкіндік
Бүгін, 30 қыркүйекте, Алматының Орталық стадионында Қазақстан футбол тарихындағы ең айтулы ойындардың бірі өтеді. Чемпиондар лигасы аясында алматылық «Қайрат» әлемнің ең даңқты клубтарының бірі – мадридтік «Реалмен» жасыл алаңда кездеседі. Бұл – футболсүйер қауым үшін ғана емес, ел спорты мен экономикасы үшін де айтулы оқиға, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
«Корольдік клуб» Алматыда
29 қыркүйекке қараған түні «Реалдың» негізгі құрамы Алматыға табан тіреді. Құрамда Тибо Куртуа, Килиан Мбаппе, Винисиус Жуниор, Федерико Вальверде, Родриго, Арда Гюлер сынды жұлдыздар бар. Осылайша, қазақстандық жанкүйерлер әлем футболының жарық жұлдыздарын өз көзімен көріп, олардың ойынын стадионнан тамашалауға мүмкіндік алады.
Экономикалық серпін
Мұндай деңгейдегі матч Алматы қаласына үлкен экономикалық әсер береді. Жанкүйерлердің жан-жақтан ағылуы ішкі туризмді дамытып, қонақүй, мейрамхана және қызмет көрсету салаларына қосымша табыс әкелмек. Сарапшылардың айтуынша, бір ғана ойын Алматы экономикасына ондаған миллион доллар пайда түсіруі ықтимал.
Себебі қалаға Қытай, Ресей, Жапония секілді бірқатар елден 5 мыңнан астам жанкүйер келген, ал олардың әрқайсысының орташа шығыны шамамен 1500 доллар деп болжанады. Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаевтың алдын ала есебі бойынша, туристердің сапары ел бюджетіне шамамен 2-3 миллиард теңге көлемінде кіріс түсіруі мүмкін.
«Қайраттың» тарихи мүмкіндігі
Бұл кездесу алматылық клуб үшін тек қарсыласпен бақ сынасу емес, сонымен қатар халықаралық деңгейде өзін танытудың да мүмкіндігі. Ішкі біріншілікте тұрақты өнер көрсетіп жүргенімен, «Қайрат» әлі Еуропа аренасында бедел жинай қойған жоқ. «Реалға» қарсы матч – сол олқылықтың орнын толтыруға берілген тарихи мүмкіндік.
Әрине, екі команданы тең дәрежеде қарастыру қиын. «Реал» – Чемпиондар лигасының рекордтық иегері әрі әлемдегі ең бай клубтардың бірі. Дегенмен футболда тосын нәтижелер жиі болады. «Қайрат» сапалы ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлерін қуанта алса, бұл өз алдына жеңіс болмақ.
Қысқаша статистика:
«Қайрат» пен «Реал» бұған дейін ресми кездесуде жолықпаған;
Алматы клубы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жету үшін төрт іріктеу раундынан өтті;
Алғашқы турда «Қайрат» сырт алаңда «Спортингке» 1:4 есебімен есе жіберді;
Қазақстан чемпионатында соңғы ойында «Жеңісті» 3:1 есебімен тізе бүктірді;
«Реал» дерби ойынында «Атлетикодан» 2:5 есебімен ұтылды;
Чемпиондар лигасының бірінші турында «Марсельді» 2:1 есебімен жеңді;
Соңғы екі ойында мадридтіктердің қатысуымен 12 гол соғылды.
Сарапшылар пікірі
Дмитрий Огай, белгілі қазақстандық бапкер:
– Бұл матч – бәріміз үшін үлкен мереке. «Қайраттың» футболшылары, бапкерлері, басшылығы талай жылдан бері осындай сәтті күтті. Әлемнің үздік клубтарының бірі – «Реал Мадридтің» Қазақстанға алғаш келуі – тарихи оқиға. «Реалдың» күнтізбесі өте тығыз. Жақында ғана «Атлетикомен» ойнады. Қайрат үшін бұл матч – тәжірибе мен тарихта қалар сәт.
Құралбек Ордабаев, Қазақстанның үздік қақпашыларының бірі:
– «Реал» үшін «Қайрат» – жұмбақ команда. Ал біздің футболшыларымыз үйде ешкімге есе жібермей келе жатыр. Бұл үлкен мотивация. «Қайрат» міндетті түрде шабуылға шығады, прессинг жасайды. Еуропада жеңіске дәмелі болғанын дәлелдеп үлгерді. Сондықтан көрермендер сапалы футбол көреді деп сенемін.
Болат Есмағамбетов, футбол сарапшысы:
– «Қайраттың» осындай деңгейдегі қарсыласпен ойнауы – үлкен тәжірибе. Бұл кез келген футболшының арманы. «Реал Мадрид» – әлемдегі ең мықты клубтардың бірі. Қазақстанға мұндай команда келеді деп ешкім ойлаған жоқ. Енді ол арман шындыққа айналды. Әрине, «Реалмен» бәсекелесу оңай емес. Бірақ тең ойнаудың өзі сенсация болар еді. Егер «Қайрат» мықтылардан ұпай ала білсе, бұл бүкіл ел жанкүйерлерінің рухын көтереді.
Жанкүйерлік мәдениет пен имидж
Қазақстанда футбол мәдениеті енді қалыптасып келеді. Дегенмен осындай халықаралық деңгейдегі матчтар – жанкүйерлерді біріктіріп, ұлттық клубтарға сенімді арттырады. Бұл кездесуді тамашалауға шетелдік журналистер мен танымал тұлғалардың келуі еліміздің халықаралық имиджін де көтермек.
Қорытынды
«Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы кездесу – қазақ футболы үшін тарихи белес. Бұл – тек спорттық тартыс емес, мәдени, экономикалық әрі имидждік тұрғыдан да үлкен оқиға. Сенсация бола ма, жоқ па – ол бөлек әңгіме. Бірақ бір нәрсе анық: 30 қыркүйек Қазақстан футболының жаңа дәуірін ашатын күн болмақ.

