«Қайрат» өз алаңында әлі гол салған жоқ: бүгін жағдай өзгере ме?
20 қаңтарда «Астана Аренада» Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі жетінші турдың мачтары, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Елорда төрінде Қазақстан чемпионы «Қайрат» бельгиялық «Брюггемен» кездеседі. Матч 20:30-да басталады. Турнирлік жағдайға қарасақ, сары-қаралар үшін бұл ойын плей-оффқа апарар жолдан гөрі, Еуропадағы алғашқы маусымды абыроймен аяқтаудың мүмкіндігіне көбірек ұқсайды.
Алты турдан кейін «Қайрат» жалпы кестенің ең төменгі жағында тұр. 24-орыннан және електік кезеңнен алты ұпайға қалып келеді, ал доп айырмасы (-11) бойынша тек «Аяксқа» (-13) ғана жол берген. Әрине, бұл көрсеткіш математикалық тұрғыда мүмкіндік бар екенін аңғартқанымен, алматылықтардың плей-оффқа шыға алмасы анық.
Дебюттің ащы сабағы
Алматылық клубтың Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі дебюті оңай болған жоқ. Лиссабонда «Спортингтен» 1:4 есебімен жеңілді, артынша Алматыда «Реалдан» 0:5 болып ойсырай ұтылды. Жалғыз ұпайды үйде «Пафоспен» өткен тең ойында еншіледі, бұл кездесуде гол соғылған жоқ. Одан кейінгі үш матч та жеңіліспен аяқталды: «Интер» (1:2), «Копенгаген» (2:3) және «Олимпиакос» (0:1).
Гректермен кездесу 9 желтоқсанда өтті. Содан бері Рафаэль Уразбахтин шәкірттері бірде-бір ресми матч өткізген жоқ. Қазақстан чемпионаты қазан айының соңында аяқталып, «Қайрат» қатарынан екінші рет, жалпы есепте бесінші мәрте ел чемпионы атанды. Алайда ішкі біріншілік пен Еуропа деңгейінің айырмашылығы бұл маусымда айқын сезілді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Брюгге»: дағдарыс үстіндегі фаворит
Бельгиялық ұжым да бұл маусымды сәтті өткізіп жатыр деу қиын. «Брюгге» жетінші тур қарсаңында кестенің төменгі бөлігінде, бірақ електік аймақтан небәрі үш ұпай ғана артта. Чемпиондар лигасын «Монакодан» 4:1 есебімен бастаса да, кейінгі бес ойында бар болғаны бір ұпай жинады. Ол ұпайды каталониялық «Барселонамен» (3:3) тең түсу арқылы алды. Қалған кездесулерде «Аталанта», «Бавария», «Спортинг» және «Арсеналдан» жеңілді.
2026 жылдың басы «Брюгге» үшін де сәтсіз өтті. Команда Бельгия кубогында «Шарлеруаға» жол беріп, чемпионатта аутсайдер «Ла-Рувьерден» ұтылды. Соның салдарынан көшбасшы «Юнионнан» төрт ұпайға қалыс қалды. Бұл қонақтардың да нағыз бабында еместігін аңғартады.
Кадрлық жағдай және тактикалық нюанс
«Қайрат» сапында негізгі шабуылшы Дастан Сәтпаев алаңға шықпайды. Ол «Олимпиакоспен» матчқа да жарақатына байланысты қатыса алмаған. Одан қалды клуб бірнеше ойыншысын сатып жіберген. «Брюггеде» де тірек жартылай қорғаушы Линнт Аудор жарақатын емдеп жатыр. Сонымен қатар шабуылдағы негізгі ойыншылар – Христос Цолис пен Ромео Верман, қақпашылар Симон Миньоле мен Дани ван ден Хевелдің алаңға шығу-шықпауы белгісіз.
Бұл фактор матчтың голдар санына тікелей әсер етуі мүмкін. «Қайрат» өз алаңында әлі гол салған жоқ, ал бельгиялықтар шабуылда айтарлықтай батыл қадамдар жасамауы ықтимал. Екі команданың да үзілістен соң алаңға енді шығатынын ескерсек, жоғары қарқын мен голға бай матч күту қиын.
Матчты қайдан көруге болады
Турнирлік тұрғыдан алғанда, бұл кездесу «Қайрат» үшін шешуші рөл атқармайды. Алайда тарихи маңызы зор. Чемпиондар лигасындағы алғашқы маусым, «Астана Аренадағы» соңғы ойындардың бірі, еуропалық аудитория алдындағы имидж – мұның бәрі алаң иелері барынша жинақы әрі тәртіпті ойын көрсетуі керектігін аңғартады. Ал «Брюгге» үшін бұл – плей-оффқа ілініп қалудың соңғы мүмкіндіктерінің бірі.
Голға бай матчтан гөрі, тактикалық күрес пен сақ ойын басым болуы ықтимал. Бұл матчта есептен бұрын «Қайраттың» Еуропадағы деңгейін, ал «Брюггенің» дағдарыстан шығу қабілетін бағамдау маңыздырақ болмақ.
Ал кездесуді «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көруге болады.

