«Қайрат» өз алаңында 10 ойыншымен қалған «Пафосты» ұта алмады
21 қазан кешінде Алматының Орталық стадионында өткен УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің үшінші тур ойынында алматылық «Қайрат» кипрлік «Пафос» клубымен тең түсті – 0:0, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл матч екі команда үшін де аса маңызды болды – әрқайсысы турнирдегі алғашқы үш ұпайын иеленуді көздеді. Кездесудің басы күтпеген жағдайда өтті: ойынның небәрі үшінші минутында қонақтар сапындағы шабуылшы Жоао Коррея Луиш Матаға қарсы дөрекі ойнағаны үшін қызыл қағаз алды.
Сан жағынан басымдыққа ие болған «Қайрат» шабуыл қарқынын күшейтті, алайда гол соғуға шамасы жетпеді. Кипрлік команда негізінен қарымта шабуылға үміт артты, олардың бірі алматылықтардың қақпасына қауіп төндіріп, есеп ашуға шақ қалды. Сол сәтте қақпашы Темірлан Анарбеков командасын құтқарып қалды, тіпті жарақат та алып қала жаздады.
Алғашқы таймның соңына қарай Жоржиньо есепті ашуға мүмкіндік алғанымен, соққысы қақпадан қиыс кетті.
Екінші тайм өте қарқынды басталды – қонақтар екі мәрте «Қайраттың» қақпасын дәл көздеуге жақын болды. Алғашқы жағдайда қорғаушы Александр Мартынович тосқауыл болса, келесі сәтте тағы да Анарбеков сенімді ойнады.
Бұдан кейін «Қайрат» қауіпті шабуылдар сериясын ұйымдастырды. Екінші таймның ортасына қарай екі команда да гол соғатын мүмкіндік алғанымен, екі жақтың қақпашылары да өз қақпаларын аман сақтап қалды.
Кейінірек Қазақстан чемпионы өз қақпасына доп өткізіп алғандай болды, бірақ VAR жүйесі «Пафостың» голын есептемей қойды.
77-минутта алматылықтар сапындағы Офри Арад нақты гол соғатын сәтті жіберіп алды – оның соққысы қақпа бағанына тиді.
Нәтижесінде тартысты өткен ойын тең есеппен аяқталды – 0:0. Осылайша, «Қайрат» үш турдан кейін турнирлік кестедегі алғашқы ұпайын еншілесе, «Пафостың» қоржынында екі ұпай бар.

