instagram.com/f.c.kairat

«Қайрат» Глазгода «Селтикпен» тең түсті

Алматының «Қайраты» Чемпиондар лигасы іріктеуінің плей-офф кезеңіндегі алғашқы ойында Глазгоның «Селтигімен» тең ойнады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

21 тамызға қараған түні Шотландияның Глазго қаласындағы «Селтик Парк» аренасында Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңі аясында кездесу өтті. Шотландиялық «Селтик» өз алаңында қазақстандық «Қайратты» қабылдады.

Айта кетейік, алматылық клуб тарихта алғаш рет Чемпиондар лигасы іріктеуінің плей-офф кезеңіне шықты.

«Селтик» құрамы:

Шмейхель, Джонстон, Скейлз, Нюгрен, Айда, Картер-Викерс, Маэда, Хататэ, Макгрегор, Форрест, Тирни.

«Қайрат» құрамы:

Заруцкий, Глэйзер, Мартынович, Сорокин, Мрынский, Арад, Громыко, Тапалов, Эдмилсон, Жоржиньо, Сәтпаев.

Алғашқы қауіпті сәт 11-минутта тіркелді. Қазақстан жасөспірімдер құрамасының 17 жастағы ойыншысы, «Қайраттың» вингері Дастан Сәтпаев айып алаңының оң қапталында шеберлік танытып, қарсылас қақпасына қарай пас шығарды. Бұл допты қорғаушы Александр Мартынович алып, қақпашыны алдап өтіп, гол соқты. Алайда төреші офсайдты тіркеп, голды есепке алмады.

Алғашқы таймда қос команда алма-кезек басымдыққа ие болып, шабуылға шыққанымен, есеп ашылмады.

Екінші таймды алаң иелері белсенді бастағанымен, «Қайрат» та ширақ қимылдады.

71-минутта «Селтик» бұрыштан пас орындаған сәтте қазақстандық қақпашы Александр Заруцкий әуедегі доп үшін таласып, жарақат алды.

Дәрігерлер тексерісінен соң Заруцкийдің орнына 21 жастағы Темірлан Анарбеков алаңға шықты.

Негізгі уақытқа 10 минут қосылды. Осы аралықта «Қайрат» шабуылшысы Дастан Сәтпаев сары қағаз алып, ол Алматыдағы қарымта ойынға қатыса алмайтын болды.

Матч 0:0 есебімен аяқталды.

Еске сала кетейік, қос команданың қарымта кездесуі 26 тамызда Алматыдағы «Орталық» стадионда өтеді.