ҚР спорт комитеті

«Қайрат» футзал клубы Еуропаның маңызды турнирінің финалында сынға түседі

04.05.2025 19:08

2-4 мамыр аралығында Францияның Ле-Ман қаласында футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының «Төрттік финалы» өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл беделді халықаралық турнирде Қазақстанның намысын Алматының «Қайрат» футзал клубы қорғап жатыр. Айта кетейік, «Қайрат» – Қазақстан чемпионатының соңғы маусымындағы күміс жүлдегері.

2 мамыр күні өткен жартылай финалда алматылық команда Испанияның қазіргі чемпионы және Суперкубок иегері – «Картахена» клубын сенімді түрде жеңіп, финалға жолдама алды.

Шешуші матчта қазақстандық клубқа Испанияның «Пальма» командасы қарсылас болмақ. Бұл – екі мәрте қатарынан Чемпиондар лигасын ұтқан, қазіргі трофей иесі.

Финал 4 мамыр күні Астана уақытымен 23:00-де өтеді.

Ал осы күні сағат 20:00-де «Картахена» мен Португалияның «Спортинг» клубы үшінші орын үшін алаңға шығады.

«Төрттік финал» форматы Еуропаның төрт үздік клубының қатысуымен өтеді. Бұл командалар іріктеу және элиталық кезеңдерден сүрінбей өткен. Биылғы финалда  Cartagena Costa Cálida (Испания), Illes Balears Palma (Испания), Sporting CP (Португалия) және «Қайрат» (Қазақстан) клубтары сынға түсуде. Алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасының «Төрттік финалына» оныншы рет қатысып отыр. Бұл турнирдің финалына олар төртінші мәрте шығып отыр. 

«Картахенаға» қарсы өткен ойын «Қайрат» үшін Чемпиондар лигасындағы 110-матч болды. Бұл – турнир тарихындағы клубтар арасындағы рекордтық көрсеткіш.