ҚР футбол федерациясы

«Қайрат» финалда Испанияның «Пальма» клубына есе жіберді

05.05.2025 07:30

Футзалдан UEFA Чемпиондар лигасының финалында алматылық «Қайрат» пен Испанияның «Пальма» командалары кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ойын тартысты басталып, 6-минутта Хесус Гордильо есеп ашса, араға екі минут салып, «Қайрат» сапынан Кайо Руис таразы басын теңестірді. Алайда бірінші кезеңнің соңына қарай «Пальма» ойыншылары басымдықты өз қолына алды. 18-минутта Лукас Машадо, ал 19-минутта Марио Равильос мергендік танытып, командасын алға шығарды.

Екінші таймда испаниялықтар шабуыл қарқынын үдетті. Фабиньо 23, 27, 28 және 31-минуттарда төрт бірдей гол соқса, Нетиньо 32, Матеус Майя 37-минутта есепті үстемелей түсті. «Қайрат» сапынан Дәурен Тұрсағұлов (33-мин), Жахангир Рашит (35-мин) және Кевин Арриета (39-мин) бір-бірден гол соғып, есепті қысқартуға тырысқанымен, матч 4:9 есебімен аяқталды.

Осылайша, «Пальма» Чемпиондар лигасында қатарынан үшінші мәрте чемпион атанды. Бұған дейін олар 2022/23 және 2023/24 маусымдарында да жеңімпаз атанған болатын.

Айта кетейік, «Қайрат» бұған дейін 2012/13 және 2014/15 жылдары Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанған еді.

Турнирдің қола жүлдесі Испанияның тағы бір клубы — «Картахена» командасына бұйырды. Олар 3-орын үшін өткен кездесуде Португалияның «Спортингін» 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Финалдық кезеңде «Қайрат» клубының бас бапкері Марлон Веласко келесі ойыншыларға сенім артты: қақпашылар – Деннис және Нарун Серіков. Негізгі құрамда Арнольд Кнауб, Эдсон, Жахангир Рашит, Денер, Занотто, Дәурен Тұрсағұлов, Біржан Оразов, Кайо Руис, Отанья, Кевин Арриета, Геге, Вендел да Силва Мендес және Алиссон өнер көрсетті.