Қайрат Боранбаевтан тәркіленген ғимарат қандай мақсатта пайдаланылды
Осыдан бірнеше жыл бұрын сотталып, былтыр бостандыққа шыққан кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың Қостанайдағы фитнес-клубын қайта іске қосу үшін жергілікті билікке бір жылдай уақыт қажет болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
2023 жылғы қазанда Қаржылық мониторинг агенттігі Қостанайдағы ең қымбат фитнес-клубты мемлекет пайдасына тәркілей отырып, нысан әлеуметтік мақсатта пайдаланылатынын алға тартқан.
«Наша газета» сайтының мәліметінше, 2024 жылғы 16 қарашада бұл ғимаратта басқа фитнес-клуб ашылды.
Фитнес-клуб тұрғындар үшін ашылды. Жоғары шеберлік спорт мектебіне бұл ғимараттан пайда жоқ, олардың спортшылары бұл жерде дайындалмайды, - деді Қостанай облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бахтияр Қоспанов.
Дегенмен облыстық қаржы басқармасы жаңа фитнес-клуб таза табысының 96%-ын мемлекетке аударып отыратынын мәлімдеді.