2025 жылы смартфон таңдағанда көп адамның ойында бір сұрақ тұрады, iPhone алған дұрыс па, әлде Android алған дұрыс па? Технология дамыған сайын екі жүйенің де тұтынушылары көбейіп келеді. Бірақ «қайсысы жақсы?» деген сұрақтың нақты жауабы жоқ, себебі әр адамның қажеттілігіне, әдетіне және қолында бар қаражатына байланысты.
iPhone алғыңыз келсе:
iPhone-ның басты артықшылығы - тұрақтылық пен қауіпсіздік. Apple компаниясы өз жүйесін толық өзі басқарады, сондықтан телефон ұзақ жылдар бойы жаңарып тұрады, қосымшалар бірнеше тексерістен өтеді, құрылғылар бір-бірімен жақсы жұмыс істейді. Егер сізде MacBook, iPad немесе Apple Watch болса, iPhone әлдеқайда ыңғайлы. AirDrop, iMessage сияқты қызметтер өмірді жеңілдетеді. Бірақ iPhone-ның кемшілігі де бар: баға жоғары, жад кеңейтілмейді, жүйені өз қалауынша өзгерту мүмкіндігі аз.
Android алғыңыз келсе:
Android керісінше еркін жүйе. Ондаған компания осы платформаны пайдаланады, сондықтан таңдау өте көп. Ерекшелігі сол, қалтаңызға қарай арзан телефондар табуға болады. Сондай-ақ, соңғы функциялармен жабдықталған өте қымбат флагмандар да бар. Жүйенің қарапайымдылығы сонша, телефонды толық өз талғамыңмен баптауға болады. Мәселен: тақырыптарды, белгішелерді, мәзірді, тіпті қосымшаларды да қалағандай орнатуға мүмкіндік бар. Файлдарды компьютерге оңай тасуға болады. Алайда Android-тің әлсіз тұстары: компания жаңартуды әртүрлі уақытта шығарады, кей қосымшалар барлық модельге бірдей келе бермейді, сырттан бағдарлама орнатқан кезде вирус кіру қаупі жоғары.
Сыртқы корпусына мән беретіндер үшін:
Дизайн жағынан алғанда, iPhone жыл сайын бір стильді ұстанады: минимализм, тегіс қырлар, қарапайым түстер. Биылғы iPhone 17 Pro тіпті жаңа жарқын түстермен шықты. Ал Android смартфондары арасында дизайнға келгенде шектеу жоқ. Бүктелетін модельдер, түрлі материалдар, ерекше камералар, жүздеген түстер. Кейде тіпті бюджет телефондар iPhone дизайнын қайталап жатады.
Бағасы жағынан қай бренд тиімді?
Күнделікті ұстап жүрген смартфоныңыздың бағасы да маңызды мәселе. Мысалы, iPhone 17 шамамен 800 мың теңгеден басталады. Ал Google Pixel 10 Pro-ның нарықтағы құны: 680 мың теңге шамасында. Android-тің арзан модельдері 50 мың теңгеден төмен тұрады. Бірақ iPhone-ның бір жақсы жері, оны бірнеше жылдан кейін сатсаңыз да, бағасы қатты түспейді.
Қауіпсіздік жағдайы
Қауіпсіздік мәселесіне келсек, Apple әлі де көш бастап тұр. Бірақ Android де артта қалған жоқ. Мысалы, Google Pixel смартфондарына арнайы қауіпсіздік чиптері орнатылады. Дегенмен зерттеулер көрсеткендей, iPhone қолданушылары фишингке жиі алданып қалады, себебі Apple-дің экожүйесіне адамдар қатты сеніп кетеді. Бұл жағдай суға түскенде жиі байқалып жатады.
Қосымшалар азайып немесе көбейіп жатқан жоқ. App Store мен Google Play-да шамамен екі миллионнан аса қолданба бар. Айырмашылығы: жаңа ойындар мен қосымшалар көбіне алдымен iPhone-ға шығарылады, ал Android-те қосымшаларды сырттан да орнатуға мүмкіндік бар.
Ең бастысы - экожүйе. Егер сізде Apple құрылғылары болса, iPhone алған тиімді. Егер Windows компьютерін, түрлі брендтердің сағаттары мен құлаққаптарын қолдансаңыз, Android ыңғайлырақ.
Сондықтан 2025 жылы «қайсысы жақсы?» деген сұрақтан гөрі «маған қайсысы қолайлы?» деген сұрақ маңыздырақ. Егер тұрақтылық, қауіпсіздік және ыңғайлы экожүйе керек болса - iPhone. Егер баға маңызды, еркіндік қажет және құрылғыны өз талғамыңызша өзгерткіңіз келсе - Android. Екі жүйенің де ерекше тұстары бар, бастысы күнделікті өмірде сізге қайсысы жақсы қызмет етеді, соны таңдау.

