Жаңалықтар

«Қауіпсіздік белдігін тақпапты». Мәдина Ералиеваның күйеубаласы жол апаты туралы айтты

«Қауіпсіздік белдігін тақпапты». Мәдина Ералиеваның күйеубаласы жол апаты туралы айтты
Фото: ашық дереккөзден 06.09.2024 11:37 2655

Белгілі әнші Мәдина Ералиеваның күйеубаласы Оралбай Әбдіқадыр өнер иесінің өмірін жалмаған жол апаты туралы айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Астарлы ақиқат» бағдарламасында 27 қарашада Қазалыдан жолға шыққанда, жолдың мұз болып жатқанын айтты.

Оразаның бірінші күні еді. Жаңбыр жауып тұрған жоқ, бірақ жердің беті мұз еді. Көлікте үш адам болдық - мен, Болат, Мәдина. «Кешке дейін мен өзім айдап барайын, одан кейін екеуің кезектесіп айдайсыңдар» деді Мәдина. Келістік. Жаңадан жазған кассетасындағы әндерді қойып, қайта-қайта бізге тыңдатып отырды. Көліктің іші жылы,жанға жағымды музыка болған соң, көзім ілініп кетіпті. Болат пен Мәдина әңгімелесіп отырған, - дейді Әбдіқадыр.

Оның сөзінше, көлік мұз жолда сырғанап, жолдың шетіне шығып кетіпті.

Бір кезде жолдың ойық тұсы ғой деймін, көлік дірілдеп кетті. Жерге қарасақ, шаң болып жатыр екен. Болат «Мадина, блоктан шығарып қой, май жейді» деді. Сөйтіп әрі қарай жүрдік. Жоғары жылдамдықпен келе жатыр екен. Содан көлік шана сияқты сай жаққа аунап түсті. «Мынау қашан тоқтайды» деп ойладым. Айналып барып, тарс етіп тоқтады. Қарасақ, біз кетіп бара жатқан бағытпен емес, қарама-қарсы бағытқа қарап қалыппыз. Әуен ойнап тұр, әйнектің бәрі сынған. Тек мен жақтағы кішкентай әйнек сынбапты. Көлікте Мәдина жоқ. Белдік тақпаған. Көлік айналған кезде түсіп қалған ба, оны ешкім білмейді, - дейді ол.

Өнер иесі көлік аунағанда түсіп қалған.

Айналаны қарасақ, қырлау жерде жатыр екен. Екеуміз жүгіріп келдік. Жүрек соғысы бар, дереу жолдан көлік тоқтаттық. Жасыл түсті жигулиге көзіміз түсіп, қол көтергенбіз, тоқтады, жағдайды түсіндірдік. Мәдинаны салонға жатқыздық. Мен шашылған заттарды жинауға кеттім. Болатқа «балама қара» деп бір-ақ сөз айтыпты, - деп еске алды күйеу баласы.

Еске салайық, Мәдина Ералиева 2000 жылдың 27 қарашасында Арал - Ташкент тасжолында жол апатынан өмірден өтті. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға