«Қауіпсіз шот» дегенге сеніп қалмаңыз: Қазақстанда жаңа алаяқтық тәсіл тарады

 жасанды интеллект
Фото: жасанды интеллект

Қазақстанда алаяқтықтың жаңа әрі қауіпті түрі таралып жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі ресми түрде ескерту жасады.

Қазір алаяқтар өздерін ірі компаниялардың басшысы, мемлекеттік орган қызметкері немесе университет өкілі ретінде таныстырып, азаматтарға хабарласады. Олар жалған аккаунттар мен бөтен нөмірлерді пайдаланып, телефон арқылы немесе мессенджерлерде байланысқа шығады. Әңгімесін бірден қорқытудан бастайды. «Жеке деректеріңіз таралып кетті» немесе «шотыңыздағы ақшаға қауіп төніп тұр» деп, жағдайды әдейі ушықтырады. Осылайша адамды асықтырып, ойлануға мүмкіндік бермей, психологиялық қысым жасайды.

Біраз уақыттан кейін «сізбен арнайы мамандар немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері байланысады» деп сендіріп, артынша басқа бір адам хабарласады. Ол өзін ресми тұлға ретінде таныстырып, нақты нұсқаулар береді. Ең қауіпті тұсы – азаматтарды ақшасын «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіруі. Көп жағдайда адамдар дәл осы сәтте алданып қалады. Ақша аударылған соң, алаяқтар бірден байланысқа шықпай кетеді.

Қаскүнемдер заманауи технологияларды да белсенді қолданады. Мәселен, нөмірді ауыстырып көрсету, дауысты өзгерту сияқты тәсілдер арқылы сенімге кіруге тырысады.

ІІМ банк қызметкерлері де, мемлекеттік орган өкілдері де ешқашан телефон арқылы ақша аударуды талап етпейтінін еске салды.

Алаяқ хабарласса, не істеу керек?

Ең алдымен сабыр сақтаңыз және асығыс шешім қабылдамаңыз. Егер сізді қорқытып, дереу әрекет етуді талап етсе – бұл алаяқтардың ең жиі қолданатын әдісі екенін ұмытпаңыз. Ешқашан бейтаныс адамдарға жеке деректеріңізді, SMS-кодтарды немесе банк картасының мәліметтерін айтпаңыз.

Егер сізге «қауіпсіз шотқа ақша аударыңыз» десе – бірден байланысты үзіңіз. Мұндай талапты әдетте алаяқтар қояды. Қоңырауды тоқтатып, банкке немесе аталған ұйымның ресми нөміріне өзіңіз хабарласып, ақпаратты тексеріңіз.

Күмәнді жағдай туындаса, жақындарыңызбен ақылдасқан дұрыс. Ал алаяқтарға тап болғаныңызды түсінсеңіз, дереу полицияға хабар беріңіз.

Оқи отырыңыз