Қауіпсіз операциялар: төлемдер мен аударымдарды қалай жасау керек
Қазіргі таңда төлем жасау мен ақша аудару күнделікті әдетке айналды. Коммуналдық қызметтерді телефон арқылы төлейміз, бірнеше секундта жақындарымызға қаражат жібереміз, банк карталарын ондаған сервиске байланыстырамыз. Бұл өмірді әлдеқайда ыңғайлы еткенімен, қаржылық қауіп-қатерді де арттырды. Fingramota.kz сарапшыларының айтуынша, бүгінгі алаяқтар жүйені бұзуға емес, адамның қырағылығын әлсіретуге басымдық береді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Банк жүйелері мықты қорғалған. Бірақ қорғаныс адамның өзі SMS-кодты хабарлаған кезде, биометриядан өтіп, жалған сайтқа картаның деректерін енгізгенде немесе өзі жасамаған операцияны растаған сәтте бұзылады, – делінген материалда.
Көпшілік «төлем құралы» дегенде тек пластикалық картаны елестетеді. Алайда бұл ұғым әлдеқайда кең.
Шын мәнінде төлем құралы – банк карталары, мобильді қосымшалар, телефон нөмірі арқылы аударымдар, электронды әмияндар, QR төлемдер және интернет-дүкендерде сақталған карталар, – деп жазады сарапшылар.
Мұндағы басты қауіп – құрал неғұрлым ыңғайлы болған сайын, егер адам өзі «есікті ашса», оны алаяқтардың да пайдалануына жол ашылады.
Сарапшылар ең жиі кездесетін алаяқтық тәсілдердің бірі – адамдар арасындағы аударымдар екенін атап өтеді. Әсіресе «қате аударым» сценарийі ерекше қауіпті:
Егер сіз ақшаны басқа деректемелер бойынша кері жіберсеңіз, формальды түрде күмәнді операцияға қатысушы болып саналасыз. Бұл банкпен және құқық қорғау органдарымен дауға, тіпті қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Мұндай жағдайда ең дұрыс шешім – қаражатты өз бетімен қайтармай, бірден банкке хабарласу.
Сондай-ақ мессенджерлерде «таныстан келген шұғыл қарыз» туралы хабарламаларға да сақ болу қажет. Аккаунттардың бұзылуы жиілеп кеткен, ал хабарламалардың стилі оңай көшіріледі.
Нақтылау үшін бір қоңырау соғу ондаған мың теңгені құтқарып қалуы мүмкін, – дейді мамандар.
Интернет-төлемдер: фишингтен қалай қорғану керек?
Онлайн сауда мен интернет-төлемдер де үлкен тәуекел аймағына жатады. Жалған сайттар танымал дүкендер мен жеткізу қызметтерінің дизайнын айнытпай қайталайды.
Адам таныс интерфейсті көріп, еш күмәнданбастан картаның деректерін енгізеді. Ал айырмашылық көбіне тек домендегі бір әріп немесе мәтіндегі ұсақ қате болуы мүмкін, – делінген мақалада.
Сарапшылардың кеңесі – төлем жасау үшін хабарламадағы сілтемеге өтпеу, ресми сайтқа немесе қосымшаға өзіңіз кіру.
Интернетте сауда жасау үшін бөлек виртуалды карта ашыңыз. Ол сауда кезінде ғана толтырылуы керек. Осылайша, карта деректері алаяқтардың қолына түссе де, негізгі қаражатыңыз қауіпсіз болады, – деп кеңес береді Fingramota.kz.
Материалда балалардың да тәуекел тобына кіретіні атап өтілген. Себебі көптеген банк қосымшалары мен карталар телефонға байланған.
Балаға банк картасы «телефондағы ақша» емес, отбасының нақты қаражаты екенін түсіндіру маңызды, – дейді сарапшылар.
Мамандар қаржылық қауіпсіздік тек құпиясөздер мен техникалық қорғаныс емес, күнделікті дағды, мұқияттық және саналы шешім қабылдау екенін еске салады.

