instagram.com/aasy1zhaan

Қатерлі ісікті 3 минутта анықтайды: 17 жастағы студент әлемді қалай мойындатты

22.07.2025 12:05

Әлемде жыл сайын өкпе қатерлі ісігінен 1,8 миллионға жуық адам көз жұмады. ДДСҰ деректеріне сүйенсек, бұл дерт науқастардың 64%-ында кеш анықталады. Емдеудің тиімділігі төмендеп, уақыт жоғалтылады. Бұл – жаһандық денсаулық сақтау жүйесінің ортақ проблемасы. Қазақстанда осы олқылықты жасанды интеллект көмегімен шешуге бағытталған стартап бар. Оның аты – Cortex AI. Жобаны 17 жастағы Асылжан Абдуллаев бастаған. Ол жүйені медицинаға енгізу арқылы адамның өмірін сақтап қалуға болатынын дәлелдеп отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жеке трагедиядан туған бастама

Cortex AI-дың идеясы кездейсоқ пайда болмаған. Оның негізінде шынайы өмірлік оқиға жатыр.

Бұл іске мені жетелеген басты себеп – елімізде және жалпы әлемде онкологиялық ауруларды ерте анықтаудың жетіспеушілігін көруім және осы салада нақты шешім ұсынуға ұмтылысым болды. Медицинаның болашағы технологияда екенін түсініп, қолдан келген үлесімді қосуды мақсат еттім. Атам 30 жыл медицина саласында жұмыс істеді. Өкінішке қарай, өзі де дәл сол дертке шалдығып, өмірден өтті. Бұл мен үшін үлкен соққы болды. Сол сәтте өзгелердің өмірін құтқару үшін қолдан келген білім мен дағдымды іске жарату керек екенін түсіндім, – дейді Асылжан.

Қатерлі ісікті 3 минутта анықтайды: 17 жастағы студент әлемді қалай мойындатты

Ол бұл жобаны бір ғана диагнозбен шектелетін құрал емес, медициналық шешім қабылдауға көмектесетін технологиялық экожүйе ретінде көреді. 

Қатерлі ісікті 3 минутта анықтайды: 17 жастағы студент әлемді қалай мойындатты

Cortex AI идеясы 2022 жылдың соңында пайда болды. Ол кезде жобаның жүзеге асатынына толық сенім болған жоқ, бірақ прототип жасап, дәрігерлермен алғашқы консультациялар өткізгеннен кейін жобаның әлеуеті бар екенін көрдік. Cortex AI-ды болашақта тек диагноз қоюмен шектелетін жоба деп қарамаймын. Алдағы мақсатымыз – оны ерте диагностика, аурудың даму болжамы және емдеу тактикасын таңдауға көмектесетін кешенді технологиялық экожүйеге айналдыру. Стартапты басқарудағы ең үлкен қиындық – клиникалық деректерге қол жеткізу және медициналық ұйымдардың сенімін алу. Бұл қиындықтарды ашық диалог және деректерді анонимдеу арқылы шештік, - дейді студент.

Жүйе қалай жұмыс істейді?

Cortex AI рентген суреттерін талдап, қатерлі ісікке күдік тудыратын аймақтарды 3 минут ішінде анықтайды. Алгоритм 94,1% дәлдікпен нәтиже береді. Бұл дәрігердің шешіміне қосымша «екінші пікір» болып ұсынылады.

Қатерлі ісікті 3 минутта анықтайды: 17 жастағы студент әлемді қалай мойындатты

Жүйенің ерекшелігі – explainable AI және multi-modal fusion тәсілдері. Яғни, дәрігерге суреттегі патологияны неге дәл солай бағалағанын жүйе түсіндіре алады.

Дәрігерлер жүздеген суретті талдайды. Адами фактордан қателік кетуі мүмкін. Ал Cortex AI PACS жүйесіне оңай біріктіріледі. Интерфейсі интуитивті, дәрігерлерге арнайы оқыту қажет емес, – дейді стартап негізін қалаушы.

Пациент дәрігер жолдамасымен тексеріледі, рентген суреті жабық серверге жүктеледі, сол жерде жүйе талдау жүргізіп, қорытындыны маманға қайтарады. Нәтижесінде емделуші уақыт жоғалтпайды, ал дәрігер диагноз қоюда қосымша негізге ие болады.

Қатерлі ісікті 3 минутта анықтайды: 17 жастағы студент әлемді қалай мойындатты

Жобаны оқытуда ашық деректер қоры мен қазақстандық клиникалар берген аноним клиникалық деректер пайдаланылды. Оларды алу процесі оңай болмағанымен, заң талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылды. Қазіргі жүйе скрининг жүргізумен қатар, болжамды диагноз жасап, аурудың даму сатысын анықтай алады. Тестілеу барысында benign ісіктерді қатерлі деп анықтау сияқты күтілмеген нәтижелер болды, бұл модельді әрі қарай жетілдіруге мүмкіндік берді. Ал сүт безі, бауыр және ұйқы безі қатерлі ісігін анықтау функционалын енгізу өте күрделі, себебі бұл бағытта жоғары сапалы деректерді жинау қажет, сонымен қатар модельдің сезімталдығы мен нақтылығын сақтау маңызды., - дейді Асылжан Абдуллаев. 

Кімдер әзірледі?

Командада Astana IT University студенттері мен сала мамандары бар:

  • Ернұр Сырлыбаев – машиналық оқыту және модельдерді әзірлеу;

  • Абу Қонысбек – биомедициналық деректер және зерттеулер;

  • Басқа мүшелер – IT-инфрақұрылым, бағдарламалау және клиникалық валидация бағыттарында жұмыс істейді.

Мықты команда – өз ісіне адал, нәтижеге жауапкершілікпен қарайтын және жаңа білімді тез игере алатын адамдардан тұратын команда., – дейді Асылжан.

Қатерлі ісікті 3 минутта анықтайды: 17 жастағы студент әлемді қалай мойындатты

Жүйені оқыту үшін ашық деректер мен қазақстандық клиникалар ұсынған аноним клиникалық мәліметтер пайдаланылған. Бұл процестің құқықтық және этикалық жағы да мұқият сақталған.

Бірнеше емханаға енгізілген

Cortex AI қазіргі таңда бірнеше қазақстандық емханада пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Тестілеу барысында benign (қатерсіз) ісіктерді қатерлі деп бағалаған жағдайлар болған, бұл жүйені жетілдіруге ықпал етті.

Қазақстанның медицина жүйесіне ЖИ-өнімді енгізу кезеңі біршама уақыт алса да, мемлекеттік органдар мен клиникалар тарапынан қызығушылық пен қолдау бар. Бірнеше ауруханада пилоттық тестілеу жүргізілуде. Қазіргі таңда жоба пилоттық кезеңде, бірақ B2B бағытында монетизациялау жұмыстары басталып кетті. Инвестиция тартудағы басты кедергілер – медициналық нарықтың консервативтілігі және регуляторлық талаптардың күрделілігі. Инвесторлар көбіне заңнама талаптары мен деректер қауіпсіздігіне қатысты алаңдайды, - дейді кейіпкеріміз.

Жоба Қытайда өткен Zhongguancun World Competition байқауында 1300 жобаның ішінен 2-орын алып, $4 500 көлемінде қаржы жеңіп алған. Бұл қаражат Қазақстандағы үш емханада сынақтан өткізуге жұмсалған.

Жобаны Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі де оң бағалап отыр. Сондай-ақ команда Тәжікстандағы Худжанд университетімен әріптестік орнатып, Орталық Азия нарығына шығуға қадам жасап жатыр. Асылжан Абдуллаев дәл осы жобасы арқылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің марапатына ие болған.

Министрдің марапатын алу - мен үшін үлкен құрмет әрі жауапкершілік. Бұл тек бағалау ғана емес, әрі қарай даму жолында зор мотивация. Жобамды іске асыруға сенім білдірген және қолдау көрсеткен барша жанға алғысым шексіз, - деді Асылжан.

Жоспар – Еуропа мен АҚШ нарығы

Қазір команда ISO 13485 стандартын алуға жұмыс істеп жатыр. Бұл сертификат жүйені Еуропа мен АҚШ нарығына шығаруға жол ашады. Алдағы екі жылда жүйеге сүт безі, бауыр және ұйқы безі қатерлі ісігін анықтайтын жаңа алгоритмдер енгізу көзделіп отыр.

Бұл бағыт өте күрделі, өйткені сапалы деректерді жинау, сондай-ақ модельдің нақтылығы мен сезімталдығын сақтау – оңай емес. Бірақ алғашқы нәтижелер үміт ұялатады, – дейді жоба авторы.

Қаржыландыру және бизнес-модель

Жоба B2B және B2G форматында монетизациялана бастады. Болашақта жеке скрининг қызметіне негізделген B2C моделі енгізілмек.

Қазіргі таңда $250 мың инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл қаражат команда санын арттырып, жаңа клиникалармен жұмыс істеуге және жүйені жетілдіруге жұмсалады. Ұзақ мерзімді мақсат – мемлекеттік ауруханаларға енгізу және $850 мың көлеміндегі инвестиция тарту.

Бизнес-моделіміз бастапқыда B2B және B2G бағыттарына негізделген, кейіннен жеке скрининг бағытында B2C моделін енгізу жоспарда бар. Қазіргі таңда жергілікті және халықаралық инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде, қызығушылық бар, бірақ келісімдердің аяқталуы регуляторлық талаптарға байланысты.Инвесторлардың алаңдайтыны – заңнама, деректер қауіпсіздігі және медициналық нарықтың консервативтілігі. Бірақ біз ашық диалог орнатып, сенімді негізде ілгерілеудеміз, – дейді Асылжан.

Cortex AI – онкологияға қарсы цифрлық қару

Алдағы уақытта команда бірінші кезекте Орталық Азия және Таяу Шығыс елдерінің нарығын бағындыруды жоспарлап отыр, себебі бұл елдерде онкология скринингінің сапасын арттыру қажеттілігі жоғары.

10 жылдан кейін өзімді және жобаны халықаралық нарыққа шыққан, миллиондаған адамның өмірін сақтап қалған ІТ-медициналық компания ретінде көремін. Өмірде үлгі тұтатын адамым – Илон Маск, оның технологиялық өзгерістерге ашықтығы мен тәуекелге баруы мотивация береді. Егер 5-6 жыл артқа қайтарсам, өзіме “Көп күмәнданбай, ертерек әрекет жаса” деп айтар едім.

Сөз соңында кейіпкеріміз замандастарына кеңесін айтты:

Жас мамандар мен студенттерге кеңесім – кішкентайдан үлкен мақсаттардан қорықпай, тұрақты әрекет ету. Бастысы – тәжірибе жинап, әрекеттен қашпау керек, - деді Асылжан Абдуллаев.
Команда болашақта жобаны халықаралық деңгейге шығаруды және басқа онкологиялық ауру түрлерін анықтау бағытында жүйені кеңейтуді жоспарлап отыр.