shutterstock

Қатерлі ісікке шалдықтыратын тағы бір себеп анықталды

Солярий теріге күн сәулесінен де қауіпті болуы мүмкін. Мұндай қорытындыға АҚШ-тың Солтүстік-Батыс университетінің ғалымдары келді. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, жасанды ультракүлгін сәуле меланомаға шалдығу қаупін шамамен үш есеге арттырады және тері жасушаларында қауіпті ДНҚ мутацияларын туындатады. Бұл өзгерістер мең жоқ аймақтардан да анықталған. Зерттеу Science Advances журналында жарияланды.

32 мыңнан астам адамның деректерін талдаған ғалымдар солярийге барған адамдардың 5,1%-ында меланома анықталғанын көрсетті. Ал солярийді қолданбағандар арасында бұл көрсеткіш 2,1% болған. Тіпті жыныс, жас, күнге күю және тұқым қуалайтын тәуекел факторлары ескерілгеннен кейін де қатерлі ісікке шалдығу ықтималдығы 2,85 есеге жоғары болып шықты. Тері жасушаларының генетикалық сараптамасы солярий қолданатын адамдарда қатерлі мутациялар екі есеге артық екенін көрсетті.

Ғалымдар ерекше мән берген деректің бірі – солярийге жиі барған 30–40 жастағы адамдардың терісі генетикалық тұрғыдан 70–80 жастағы жандарға қарағанда «кәрі» көрінгені. Бұдан бөлек, қауіпті мутациялар күн тимейтін дене бөліктерінен де табылған, бұл жасанды ультракүлгін сәулесінің теріге кең көлемде әрі агрессивті әсер ететінін дәлелдейді.

Зерттеу авторлары солярийге байланысты қауіптің өте жоғары екенін ескертіп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жасанды ультракүлгін сәулені бірінші класты канцерогендер қатарына жатқызады — яғни, темекі мен асбест сияқты тікелей обыр туындататын фактор. Осыған байланысты ғалымдар солярийге бақылауды күшейтуді және ең алдымен кәмелетке толмағандарға оны мүлде қолдануға тыйым салуды ұсынады.