©El.kz/Арман МУХАТОВ

Қате тым көп: енді оқулықтар жаңа талаптар бойынша тексеріледі

Қазақстанда мектеп оқулықтарының сапасына қатысты айтылатын сын аз емес. Жыл сайын оқушылар мен ата-аналар білім беру құралдарынан өрескел қателер, мазмұнына қатысты олқылықтар мен техникалық сәйкессіздіктер тауып, бұл қоғамда қызу талқыланады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл мәселе БАҚ-та талай рет көтеріліп, депутаттық сауалдарға, тіпті мемлекет басшысының сынына дейін ұласқанымен, жүйелі шешім ұзақ уақыт бойы қабылданбай келді.

2020 жылы президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында оқулықтардың сапасын ашық түрде «өте төмен» деп бағалап, әзірлеушілердің жауапкершілігін заңнамалық деңгейде күшейтуді тапсырған еді. Араға бірнеше жыл салып, бұл талап нақты шараларға ұласты. Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) араласуынан кейін Қазақстанда оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді (ОӘК) әзірлеу, сараптау және мониторингтеу талаптары едәуір қатаңдатылды.

Аудиттен кейінгі бетбұрыс

Палата дерегіне сәйкес, 2024 жылдың ақпан айында орта білім беру сапасын арттыруға бөлінген бюджет қаражатының тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізілген. Тексеру барысында оқулықтарды іріктеу, бағалау және жаңарту жүйесінде жүйелі кемшіліктер бары анықталған. Соның нәтижесінде Оқу-ағарту министрлігіне оқулықтар мен ОӘК-ті дайындау, сынақтан өткізу, сараптау және басып шығару қағидаларына түбегейлі өзгерістер енгізу тапсырылды.

Аудиторлар келтірген дерек алаңдатпай қоймайды: 2019-2024 жылдары оқулықтарды қайта өңдеуге бюджеттен 16 млрд теңге жұмсалған. Бұдан бөлек, 1,1 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылық, 62,4 млрд теңгеге тиімсіз жоспарлау және тағы 3,2 млрд теңгеге негізсіз шығын анықталған. Соңғы бес жылда оқулықтарды бағалау критерийлері 12 рет өзгерген, ал реформалар жүйесіз жүргізілген.

Енді оқулықты кім жаза алады?

Жаңартылған талаптардың басты акценті – авторлық ұжымның жауапкершілігі мен кәсіби деңгейін күшейту. Енді оқулықтар мен әдістемелік құралдарды әзірлеуге кемінде үш білікті маманнан тұратын авторлық ұжым ғана жіберіледі. Оның құрамында міндетті түрде:

  • профильдік білімі бар ғалымдар,
  • тәжірибелі әдіскерлер,
  • арнайы оқыту курсынан өткен педагогтер болуы тиіс.

Бұл талап нормативтік деңгейде бекітілді. Яғни сапасыз өнім үшін жауапкершілік енді тек моральдық емес, институционалдық сипатқа ие.

Ашықтық пен цифрландыру

Тағы бір маңызды өзгеріс – тақырыптық жоспарды қалыптастыру процесінің толық автоматтандырылуы. Енді баспалар мен әзірлеушілер өтінімдерді Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының www.bmso.kz порталы арқылы береді. Тақырыптық жоспар міндетті түрде ашық жарияланады. Бұл шешім жабық келісімдер мен субъективті шешімдердің алдын алуға бағытталған.

Сонымен қатар оқулықтарға сараптамалық баға берудің нақты өлшемшарттары бекітіліп, 5 жылдық жаңарту мерзімін сақтау үшін мониторинг тәсілдері қайта қаралды. Министрлікке мектеп кітапханаларының қорын есепке алу және бақылау жүйесін, сондай-ақ оқулықтарды сараптамаға қабылдау процестерін цифрландыру тапсырылды.

Жауапкершілік күшейді, талап өсті

Президент тапсырмасынан кейін баспалардың да жауапкершілігі артты. Қателік анықталған жағдайда, баспа оқулықты өз қаражаты есебінен ауыстыруға міндеттелді. Мысалы, 2021 жылы «Express Publishing» баспасы 2-сыныпқа арналған ағылшын тілі оқулығындағы қателерге байланысты 400 мыңға жуық дананы қайта басып, барлық шығынды өзі көтерген. Ал «Алматыкітап баспасы» 2019 жылы шыққан оқулықтағы қате үшін электронды нұсқаны түзетіп, кейінгі тираждарды қайта шығаруға мәжбүр болды.

Бұған қоса, авторлар алғаш рет арнайы курстардан өтетін болды, ал баспалар тиражға жібермес бұрын ішкі сараптаманы міндетті түрде жүргізуі тиіс.