Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық басылым күнімен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық басылым күнімен құттықтады
Фото: akorda.kz 02.02.2024 11:09 782

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық басылым күнімен құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Баршаңызды Ұлттық басылым күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сонау 1913 жылы, дәл осы күні еліміздің баспасөз саласының бастауында тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Халқымыздың біртуар перзенттері – Алаш арыстары шығарған бұл басылым сындарлы сәттерде ұлтты ұйыстыруға айрықша ықпал етті, - дейді Президент.

Сөз бостандығына адалдығынан айнымаған басылымдар әрдайым шынайы ақпараттың және сапалы сараптаманың қайнар көзі болып қала береді.

Газет-журналдар замана тынысын дөп басып, мемлекет пен қоғамдағы қордаланған мәселелерді көтереді, түрлі көзқарастағы ой-пікірлерді жарыққа шығарады. Сондай-ақ жалпы адамзатқа ортақ ізгі құндылықтарды дәріптейді. Баспасөз қызметкерлері кәсіби біліктіліктің, отаншылдық пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. Біздің басылымдарымыз халықтың бірлігін нығайтуға атсалысып, Әділетті Қазақстанды құру ісіне елеулі үлес қоса береді деп сенемін. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және шығармашылық шабыт тілеймін!, - делінген құттықтауда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға