Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесті
Фото: t.me/aqorda_resmi 03.07.2024 16:22 477

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммитіне арнайы қатысқаны және Астананың бастамалары мен басымдықтарын тұрақты түрде қолдап келе жатқаны үшін Эмомали Рахмонға ризашылығын білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Саммитке Сіздің қатысуыңыздың мәні зор. Себебі 1996 жылы құрылған Шанхай ынтымақтастық ұйымының бастауында болған президенттердің бірісіз. Менің ойымша, бұл ұйым – шын мәнінде, тиімді, беделді әрі демократиялық бірлестік. Ертеңгі саммит табысты өтеді деп үміттенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағытта қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Тәжікстан шын мәнінде одақтастық қатынастарды жолға қоя білді. Бұған Эмомали Рахмонның сіңірген еңбегі орасан.

Тәжікстан Президенті өз кезегінде Қазақстанның ШЫҰ-дағы төрағалығы табысты өткенін айтты. Сондай-ақ екі елдің сауда-экономикалық, мәдени гуманитарлық салалардағы және қауіпсіздік бағытындағы ынтымақтастығы жоспарлы түрде дамып келе жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон екі елдің халықаралық ұйымдар аясындағы өзара ықпалдастығының жекелеген аспектілерін қарастырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға