Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды қай бағытта дамытқысы келетінін айтты
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың CCTV телеарнасына сұхбат берді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Телеарна тілшісі Мемлекет басшысынан Қазақстанды қай бағытта дамытқысы келетінін сұрады. Өйткені Президент жаңа Қазақстан құруды көздейтінін талай айтқан.
Қ.Тоқаев бұған қатысты елімізді экономикасы дамыған, озық елдердің қатарына қосуды мақсат тұтатынын алға тартты. Ол үшін әсіресе көршілес елдермен достық қарым-қатынастың маңыздылығын тілге тиек етті.
– Елімнің Еуразия құрлығында жүріп жатқан үдерістердің ортасында болғанын қалаймын. Қазақстан әлемнің осы бөлігіндегі сауда жолдары мен халықаралық қатынастарды реттеуде аса маңызды рөл атқарады. Қазақстанның болашағы жарқын болатынына сенімдімін. Сол себепті елімді экономикасы дамыған, озық елдердің қатарына қосу үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын. Қазақстан осындай сыртқы саясат ұстанса, табысқа жетеді. Бейбітшілікті жақтау, барлық елмен тиімді достық қатынаста болу біздің тарихи тағдырымызға жазылған. Ең алдымен, көршілес елдермен арадағы достығымызға баса мән береміз. Бұл ретте Қытай аса маңызды рөл атқарады.