Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Франция арасында бірлескен жұмыстар туралы айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Франция арасында бірлескен жұмыстар туралы айтты
Фото: akorda.kz 05.11.2024 19:35 600

Францияға барған ресми сапарында Қасым-Жомарт Тоқаевтың БАҚ өкілдері алдындар сөйлеген сөзінде тараптар «жасыл» энергетика, сирек кездесетін шикізат, климат, су шаруашылығы, инновация және жасанды интеллект салаларына баса мән беретінін атады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жақында Астанада Француз даму агенттігінің өкілдігі ашылды. Біз оның жұмысына барынша қолғабыс көрсетуге уағдаластық. Сондай-ақ халықаралық көлік дәліздерін дамыту маңызды екенін атап өттік. Логистика инфрақұрылымы және қайта өңдеу өнеркәсібі секторындағы байланысты кеңейту мәселелерін талқыладық. Агроөнеркәсіп кешені, денсаулық сақтау, қаржы және туризм бағытында тың жобаларды жүзеге асыруға уағдаластық. Біз Қазақстан нарығында жұмыс істеуге ниеті бар француз компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Бүгін бірқатар үкіметаралық және коммерциялық құжатқа қол қойылады. Оның барлығы мемлекеттеріміздің мүддесіне сай келеді. Бұл құжаттар екі ел үшін де пайдалы болмақ. Жалпы, сапар аясында бірнеше инвестициялық келісімдер жасау жоспарланған, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты қазақ-француз қатынасының алтын арқауы деп бағалап, осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайту өте маңызды екенін атап өтті.

Мәдениет, білім-ғылым, археология, архив, спорт саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға айрықша назар аударамыз. Кеше ғана әлемге әйгілі Гиме мұражайында «Қазақстан: Ұлы дала жауһарлары» атты көрме ашылды. Бұл көрмеде еліміздің тарихи-мәдени және археологиялық құндылықтарын дәріптейтін жәдігерлер бар. Бүгін Президент Макронмен бірге сол жерге барып, көрмені тамашалаймыз. Осы бастамаға қолдау көрсеткені үшін құрметті Макрон мырзаға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жетекші жоғары оқу орындары арасында ғылым және технология бағыты бойынша байланысты дамыту мәселесіне тоқталды
Биыл Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанынан Лотарингия университетінің филиалы ашылады. Қазіргі таңда екі тарап «Люмьер» қазақ-француз университет орталығын құру мәселесін қарастырып жатыр. Бұдан бөлек, Астана және Алматы қалаларында қазақ-француз мектептері салынады. Бүгін тиісті құжаттарға қол қойылды. Бұл мектептер жастардың ең жоғары стандартқа сай білім алуына мүмкіндік беретін орталыққа айналары сөзсіз. Қазақстан Францияның жоғары оқу орындарымен және зерттеу орталықтарымен қарым-қатынасты нығайта түсуге дайын, – деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон аймақтық және жаһандық маңызы бар өзекті мәселелерге қатысты пікір алмасты.
Барлық түйткілді бейбіт және саяси-дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз. Біз халықаралық деңгейде күш жұмылдырып, бірлесе жұмыс істеуге келістік. Жақында One Water Summit жиыны өтеді. Екі елдің бастамасымен ұйымдастырылып жатқан осы басқосуға дайындық барысын талқыладық. Бұл өте маңызды диалог алаңы болмақ. Сол арқылы біз климаттың өзгеруі мен «жасыл» экономика мәселесіне қатысты әріптестігімізді жандандыра түсеміз деп сенемін. Бүгінгі келіссөздер жемісті болды. Бұл сапар Қазақстан мен Франция арасындағы байланыстың стратегиялық сипатқа ие болғанын айғақтайды. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында өзара тиімді ынтымақтастық жаңа әрі сапалы деңгейге көтеріледі деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға