Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Франция инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Франция инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты
Фото: akorda.kz 05.11.2024 23:18 869

Мемлекет басшысы Қазақстан-Франция инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Франция бизнес капитандарының алдында сөйлеген сөзінде экономикалық ынтымақтастықты қазақ-француз стратегиялық серіктестігінің басты факторы ретінде атады.

Біз Францияның Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі болғанымызға қуаныштымыз. Францияның аталған аймақпен сауда-саттығының 80 пайызы Қазақстанға тиесілі. Биыл екіжақты сауда айналымы 45 пайызға ұлғайды. Біз бұл үдерістің сақталғанын қалаймыз. Сондай-ақ Франциядан тартылған тікелей инвестиция көлемі 15 пайызға артып, 900 миллион долларға жуықтады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазіргі кезде Қазақстан нарығында 200-ден астам француз кәсіпорны, соның ішінде Total, Alstom, Orano, Danone, Vicat, Airbus секілді танымал компаниялар жұмыс істейді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан экономиканы трансформациялау жөнінде өршіл міндет қойғанын айтты. Бұл мақсатқа жету үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) халықаралық стандарттары мен қағидаттарына сәйкес ауқымды саяси-экономикалық реформалар жүргізіліп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық байланыстарды кеңейтудің перспективті бағыттарына тоқталды

Энергетика әрқашан өзара ықпалдастықтың негізгі бағыты саналған. Еуропа Одағына мұнай және уран жеткізуші ел ретінде Францияның энергетикалық дербестігін одан әрі қолдауға дайынбыз. Біз Қазақстанда француз өнеркәсібінің өкілдері көбірек болғанын қалаймыз. Өйткені олар отандық өндіріске озық технологиялар әкеледі. Еліміз әлемдегі ең ірі уран өндіруші саналады. Ал Францияның атом өнеркәсібінде тәжірибесі мол. Сондықтан біз атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалану ісінде ынтымақтаса аламыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Париж келісімін ратификациялап, 2060 жылға қарай ауаға таралатын зиянды заттар мөлшерін нөлдік деңгейге жеткізу жөнінде міндеттеме алған Орталық Азиядағы алғашқы ел екенін жеткізді. Президенттің айтуынша, елімізде жел, күн және су энергиясы бағыттарында ауқымды жобаларды жүзеге асырғысы келетін ірі халықаралық компаниялардың қатары көбейді. Мәселен, Total Energies компаниясы 1,1 миллиард доллар құйып, қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясын салуды жоспарлап отыр.

Президент су ресурстарын және жылумен қамту ісін тиімді басқаруды тағы бір басым бағыт ретінде атады. Климат өзгеріске ұшырап жатқан кезеңде аталған салалардың Қазақстан үшін маңызы орасан зор. Бұл ретте Suez және Veolia компанияларымен ынтымақтастық су инфрақұрылымын жаңғыртуға оң ықпал етпек.

2040 жылға қарай дүние жүзінде аса маңызды шикізатқа сұраныс төрт есе артады. Демек Қазақстан Франция мен Еуропа өнеркәсібіне сенімді шикізат жеткізушіге айнала алады. Қазіргі кезде біз Еуропа Одағының экономикасы үшін өте маңызды 34 шикізат түрінің 19-ын өндіреміз. Бұл санатқа титан, мыс, магний және скандий секілді элементтер кіреді. Болжамға сәйкес, Қазақстанның жер қойнауында жоғары технологиялық және экологиялық өндірістердің барлығында дерлік сұранысқа ие литий, берилий және тантал сияқты сирек кездесетін үш минералдың мол қоры бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жаңа геосаяси жағдайда көлік-логистика секторының рөлі күшейіп келе жатқанын атап өтіп, бұл ретте Қазақстанның Еуразия құрлығында стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқанына назар аударды. Мемлекет басшысы көлік бағыттарын жаңғырту бойынша елімізде жүзеге асырылып жатқан жобалар жайында айтып, француз бизнесмендерін осы секторға баса мән беруге шақырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға