Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев: Одаққа мүше елдер 150-ден астам индустриалдық жобаны жүзеге асырып жатыр

Қасым-Жомарт Тоқаев: Одаққа мүше елдер 150-ден астам индустриалдық жобаны жүзеге асырып жатыр
Фото: Ақорда 08.05.2024 22:21 1309

Қазақстан Президенті өнеркәсіп саласындағы кооперацияны тереңдетуді келесі басым міндет ретінде атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде «Еуразиялық бестікке» кіретін елдер экспортының 90 пайызға жуығы аралық тауарлардан құралған. 

Жаһандық технологиялық прогресс жағдайында өндірілетін өнімнің «күрделілігіне» мән беру – өте өзекті мәселе. Сондықтан экономиканың нақты секторындағы технологиялық интеграцияны күшейту қажет. Өздеріңізге мәлім, биылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ бюджетінің қаражаты есебінен өнеркәсіп саласындағы кооперациялық жобаларға қаржылай қолдау көрсетіледі. Жоғары деңгейде өңделген тауар өндірісін жолға қойып жатқан озық технологиялық кәсіпорындарға қолдау көрсету керек. Әрине, қаржыландыру көздеріне бірдей қолжетімділікті қамтамасыз етудің ашық механизмін қалыптастыру – маңызды міндет. Қазақстан өз тарапынан Еуразия кеңістігіндегі өнеркәсіп кооперациясын дамытуға бағытталған дәйекті саясатын жүргізе береді. Қазіргі таңда Одаққа мүше елдер 150-ден астам индустриалдық жобаны жүзеге асырып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы мұнай-газ химиясы саласындағы ынтымақтастықтың перспективасы зор екеніне тоқталды. Бұл сала экономикалық өсімге тың серпін бере алады.

Ресейлік серіктестердің қатысуымен полипропилен, полиэтилен және бутадиен шығаратын жоғары технологиялық зауыттар салып жатырмыз. Бастапқы шикізаттың бағасынан 20 есе асып түсетін, үшінші деңгейде өңделетін өнім шығару жолға қойылады, – деді Қазақстан Президенті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға