Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев ІІ Еуразиялық экономикалық форумға қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев  ІІ Еуразиялық экономикалық форумға қатысты
Фото: ҚР Президентінің баспасөз қызметі 25.05.2023 00:15 951

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция» атты ІІ Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ақорданың мәліметінше, жиын сұрақ-жауап форматында өтті.

Модератор Александр Шохин Мемлекет басшысына Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі қабылданған стратегиясында өзара инфрақұрылым байланысы, «Солтүстік – Оңтүстік» және «Батыс – Шығыс» дәліздері және үшінші елдермен арадағы қатынастар секілді перспективті бағыттар қамтылған ба деген сұрақ қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев  ІІ Еуразиялық экономикалық форумға қатысты

Мемлекет басшысы 2020 жылы Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттары қабылданғанын атап өтті. 

Шын мәнінде, бұл осы салада атқарылған жұмыстарға берілген баға болды. Әрине, мақсаттар мен міндеттерді қайта пысықтау керек. Форумға қатысушылар және әріптестерім Стратегияның өте маңызды, жан-жақты ойластырылған құжат екеніне келіседі деп ойлаймын. Еуразиялық экономикалық одақтың географиялық аумағы  орасан зор екенін ескерсек, өзара инфрақұрылым  байланысын дамыту мәселесі аса маңызды басымдықтардың бірі болып қала береді. Бұл жерде біз бірден екі деңгейде: бірінші – ішкіодақтық, яғни одаққа мүше елдердің көлік және коммуникация салаларындағы интеграциясы бағытында, екінші – халықаралық, яғни көлік-логистика саласындағы халықаралық мәселелерді жүзеге асыру және үшінші елдермен ынтымақтастықты дамыту аясында  жұмыс істейтінімізді айта кету керек. Жаһандық тауар ағынының мейлінше жылдам өзгеріске ұшырап жатқанын ескерсек, қазір жан-жағымызды жіті бақылап, бүкіл аймақта барынша тренд қалыптастыру өте маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Қасым-Жомарт Тоқаев  ІІ Еуразиялық экономикалық форумға қатысты

Мемлекет басшысы форум қатысушыларына өткен аптада ҚХР-ға мемлекеттік сапармен барғанын, сапар аясында Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистикалық орталығының іргетасын қалағанын жеткізді. Президент бұл порт Орталық Азияға, Еуропаға, Түркияға және Иранға тікелей контейнер пойыздарын жөнелтетін негізгі хабқа айналатынына сенімді.  Сонымен қатар Бақты – Аягөз учаскесінде теміржол байланысын іске қосу және ҚХР бағытында бөлек шекара өткелін салу жоспарланып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға